1Уа, Моаб халқы, елдің әміршісіне арнап алым-салық ретінде қошқарлар жіберіңдер! Оларды Села қаласынан иен дала арқылы Сион тауына апарыңдар!
2Моабтық қыз-келіншектер Арнон өзенінің жағалауында тентіреп, ұясынан лақтырып тасталған құстардай абыржып, әрлі-берлі жүре береді.
3Олар Яһуда халқына жалынып былай дейді: «Бізге не істейтінімізді айтыңдаршы! Қашып жүрген біздерді тал түсте саясын түсірген ағаштай қорғап, жасыра көріңдер! Қуған жауға бізді ұстап бермеңдерші!
4Моабтық босқындарды елдеріңде қалдырыңдаршы. Бізді жойғылары келгендерден жасырып қорғаңдаршы!»
Зорлық-зомбылық жасап, елді ойран қылғандар тоқтатылып, жойылған кезде
5Құдай Дәуіттің әулетінен шыққан біреуді таққа отырғызады. Ол халыққа адалдықпен және берік мейіріммен билік жүргізіп, шындыққа сай үкім шығарып, әділетті тез орнататын болады.
6«Біз Моабтың ерен тәкаппарлығы мен өркөкіректігі, оның менмендігі мен кердеңдігі туралы естігенбіз, алайда олар босқа мақтанады».
7Сондықтан Моаб халқы зар жылайды, олардың бәрі де еңіреп жылайды. Кир-Хәрешеттен әкелінетін мейіздердің енді болмайтыны туралы қатты қайғырып еңкілдейсіңдер. Халық торығып, үміттерін үзеді.
8Хешебон маңындағы егіндіктер мен Сибмадағы жүзімдіктер кеуіп қалды. Халықтардың билеушілері ондағы таңдаулы жүзім бұталарын быт-шыт қылды. Бұрын олардың бау-бақшалары солтүстікте Жазерге дейін жетіп, шығыста шөлге қарай, батыста Өлі теңіздің арғы жағалауына қарай жайылып, жайқалып тұратын еді.
9Сондықтан Сибманың жүзім бұталары үшін Жазер халқы іспетті мен де қатты қайғырамын. Уа, Хешебон мен Елғала, сендерді де жоқтап, көз жасымды көл қыламын. Өйткені енді қайтып мұнда халықтың құрма, інжір жемістері мен егіннің өнімдерін қуана жинайтын маусымдары болмайды.
10Құнарлы бау-бақшаларда шат-шадымандық ғайып болады. Жүзімдіктерде көңілді әндер шырқалмайды. Сыққыш шұңқырларда ешкім де қуана айқай сала жүзімді таптап шырынын ағызбайды.
11Сол себепті жан дүнием Моаб елі үшін әрі жүрегім ондағы Кир-Хәрес қаласы үшін қайғылы әуен тартқан жетігендей зарлайды.
12Моаб халқы дұға ету үшін өздерінің биіктеу жерлеріндегі табыну орындарына барып, жалған тәңірлердің ғибадатханаларында қатты тырысып құлшылық етеді, бірақ оларынан ештеңе шықпайды.
13Жаратқан Иенің бұдан ертерек Моаб туралы берген хабары осы.
14Бірақ қазір Жаратқан Ие мынаны айтады: «Дәл үш жылда Моабтың ұлылығынан түк қалмайды. Оның құжынаған халқынан тірі қалғандар өте аз әрі дәрменсіз болады».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
