1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол Дәуіттің Саулдан қашып, таудағы үңгірді паналағанына арналған.)
2Мейірленіп, Құдай, рақым етші маған,
Өйткені үмітімді артамын Саған,
Пәле-жала өткенше бас сауғалайын,
Қанатыңның аясын паналайын.
3Сиынып тұрамын Алла Тағалаға,
Маған игілік жасаушы Құдайға.
4Ол көктен көмек жолдап аман сақтайды,
Мені өкшелеп қудалағанды қорлайды.
Иә, Құдай рақымы мен шындығын сыйлайды.
5Айналам толы жыртқыш арыстандай,
Сол сұмдардың тілдері өткір қылыштай,
Тістері де үшкір жебе мен найзадай.
6Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын,
Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!
7Дұшпандарым маған арнап тор құрды,
Сондықтан еңсем түсіп, көңілім қалды.
Жолыма олар тұзақ құрып, ор қазды,
Алайда сол орға өздері құлады.
8Уа, Құдай, жүрегім Саған сенімді,
Өзіңе арнаймын мен ән-күйімді.
9Жан дүнием, ояншы, сергек болайын,
Жетіген мен домбыра, болыңдар дайын,
Ән-жырыммен атар таңды оятайын.
10Уа, Ием, жұрт алдында Сені мадақтаймын,
Ұлттар арасында мақтап жырлаймын.
11Себебі берік рақымың заңғар аспандай,
Әрі сенімділігің асқар бұлттардай.
12Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын,
Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
