Нақыл сөздер 28 - Киелі кітап(QazBi2010)

Ел заңнан безсе басшылары көп болар

1Ешкім қумаса да қылмыскер қуыстанар,

Ал әділ жан арыстандай батыл болар.

2Ел заңнан безсе басшылары көп болар,

Білгір, дана билеушімен елде тәртіп сақталар.

3Бейшараларды қанайтын кедей жан

Егінді шайған жауындай елге зиян.

4Заңды бұзғандар зұлымдарды мақтар,

Заңды сақтағандар оларға қарсы шығар.

5Зұлым жан әділдікті ұғынбас,

Жаратқанға бет бұрған оны толықтай ұғынар.

6Бұрыс жүрген байдан гөрі

Адал жүрген жарлы жақсы.

7Заңды ұстанған — зерделі бала,

Ал ысырапшылдарға қосылса,

Әкесін қалдырар ұятқа.

8Тойымсыз өсімқор жиған байлығынан айырылар,

Соңында байлығы кедейді аяғанға бұйырар.

9Заңға құлақ аспайтынның

Мінажаты да Құдайға жексұрын.

10Әділді адастырған теріс жолға

Өз торына өзі түсер жан,

Ие болар ақырында жақсылыққа

Кінәратсыз, адал жан.

11Бай адам өзін данышпан санар,

Зерделі кедей оның шындығын ашар.

12Әділдер жеңіп шықса, елдің ұлылығы асар,

Зұлымдар үстемдік етсе, жұрт бас сауғалар.

13Күнәларын жасырған жан өркендемейді,

Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді.

14Жаратқанды лайым қастерлейтін жарылқанар,

Ал жүрегін қасарыстырған пәлеге ұшырар.

15Бейшара халыққа билік құрған арамза

Ұқсайды ақырған арыстан я бас салған аюға.

16Зердесіз билеуші халқын езгіге салар,

Арам пайданы жек көрген ұзақ билік құрар.

17Кісі өлтірген күнәкар

Өле-өлгенше қашқын болар,

Болмасын ешкім оны қорғар!

18Мінсіз жүрген жан пәледен аман болар,

Бұрыс жолмен жүрген бірден құлап қалар.

19Жер өңдегеннің тамағы мол,

Құр қиял қуғанның жоқшылығы мол.

20Адал жан молынан жарылқанар,

Баюға асыққан жазасын тартар.

21Адамдарды алалау ешқандай дұрыс емес,

Кейбіреу бір үзім нан үшін қылмыстан шегінбес.

22Ашкөз адам асығып баюға ұмтылар,

Аңғармай ақырында жоқшылыққа ұшырар.

23Жағымпаздан гөрі ескертуші

Соңында көбірек көрер құрметті.

24«Күнә емес» деп ата-анасынан ұрлаушы —

Қарақшылардың нағыз сыбайласы.

25Тәкаппар адам дау-жанжал туғызар,

Тәңір Иеге сенуші өркендейтін болар.

26Өз ақылына ғана сенген аңғал болар,

Даналықпен жүрген аман сақталар.

27Мүсәпірді аяған жоқшылыққа тап болмас,

Ал оған көзін жұмған қарғыстан бас алмас.

28Зұлымдар үстемдік етсе, жұрт бас сауғалар,

Зұлымдар құлап түссе, әділдер саны молаяр.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help