1(Құдайдың адамы Мұсаның мінажаты.)
2Уа, Ием, атам заманнан бері Өзің
Баспанамыз біздің болып келесің.
3Жаратылмай-ақ жер мен бүкіл әлем,
Таулар жаратылмас бұрын бар боп келген,
Мәңгі тірі болатын Құдайсың Сен!
4«Қайт, адам баласы!» деп қана айтсаң,
Пендені топыраққа айналдырасың.
5Ал бір мыңжылдық Сенің көз алдыңда
Өте шыққан күн тәрізді қып-қысқа,
Иә, түнгі күзеттей шектеулі ғана.
6Сен лезде-ақ алып кетесің пендені,
Ол бір көрініп, жоқ болар түс секілді,
Яки далада өскен шөп тәрізді:
Таң ата шықса да көгеріп,
Кешке қарай қурап қалады семіп.
7Осылай біз жоқ боламыз ашуыңнан,
Зәреміз ұшады Сенің қаһарыңнан.
8Сен күнәларымызды қойдың алдыңа,
Нұрыңда айқын құпияларымыз да.
9Өмір бойы бізге қаһарың төнеді,
Жылдарымыз күрсінумен бітеді.
10Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар,
Күш-қуат жетсе, мүмкін, сексен болар,
Жақсы кезде де шегеміз бейнет-азап,
Ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап.
11Қаһарыңның күшін кім түсінеді?
Соған сай қастерлеу қажет Өзіңді.
12Үйрете гөр ғұмырды есептеуді,
Содан иемденейік дана жүректі.
13Қашан райыңнан қайтасың, уа, Иеміз?
Пенделеріңе шапағат тигізе гөр,
14Ертеңгісін бізді рақымыңа кенелте бер,
Содан әндетіп шаттанайық күллі күндер.
15Өткерген ауыр күндерімізге сәйкес,
О, Тәңір, бізді шаттыққа кенелте гөр.
Азап шеккен көп жылдарымызға сәйкес,
Бұдан былай қуанышқа бөлей гөр.
16Лайым пенделеріңе, уа, Иеміз,
Керемет істеріңді көрсете гөр,
Біздің ұрпақтарымызға да әр кез
Шексіз ұлылығыңды паш ете гөр.
17Құдай Иеміз бізге риза бола көрсін,
Қолға алған ісімізді оңғара көрсін.
Я, Құдай, ісімізді жарылқай гөр.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
