Забур жырлары 103 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдың жаратылысқа қамқорлық жасауы

1Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын.

Уа, Құдай Ием, Сен керемет ұлысың,

Құрмет пен салтанатқа бөленгенсің.

2Жарық нұрды Сен шапандай киесің,

Аспанды шатырдай жайып жібересің,

3Су үстінен «сарайыңды» бекітесің,

Бұлттарды Өзің «мінер күймең» етесің,

«Желдің қанаттары үстінде» жүресің.

4Желді етесің періштелеріңдей,

От жалынын да өз нөкерлеріңдей.

5Сен жерді берік негізге орнаттың,

Ол ешқашан қозғалмайды орнынан.

6Терең сумен жерді киімдей жаптың,

Тіпті тау бастарын да сумен бастың.

7Берген бұйрығыңнан кейін сулар безді,

Күркіреген үніңнен олар дереу шегінді,

8Таулардан асып, аңғарларға түсті,

Белгілеген жеріңе қарай ағып кетті.

9Сен суларға сонда берік шек қойдың,

Су енді қайтып жерді жаппастай қылдың.

10Сен сайларға ағызасың бұлақтарды,

Өзендер тау арасымен құйылады,

11Дала аңдарын олар суға қандырады,

Құландар да одан шөлін басады.

12Құстар су жағасына ұя салады,

Бұтақтар арасынан ән айтады.

13Заңғар мекеніңнен тауды суғарасың,

Ісіңнің жемісімен жерді толтырасың,

14Топырақтан мал азығына шөп өсіресің,

Адамға ас болуға дақылдар еккізесің,

15Пенденің жүрегін қуантар шарапты да,

Бетті жылтыратар зәйтүн майын да,

Денеге күш-қуат берер нанды да.

16Суға қанығады Жаратқанның ағаштары,

Өзі өсірген Ливан самырсындары.

17Құстар соларға ұяларын салады,

Шыршалар ләйлектің мекені болады,

18Таутекенің тұрағы — зәулім шыңдар,

Таутышқанның панасы да — құз, жартастар.

19Мезгілді белгілеуге жараттың айды,

Күн де біледі қай уақытта батуды.

20Сен қараңғылық жайғанда түн болады,

Орманның аңдары кезіп сандалады,

21Жас арыстандар ақырып олжа аңсайды,

Құдайдан өздеріне азық сұрайды.

22Күн шыға олар бұғып кері қайтады,

Апандарына еніп, тынығып жатады.

23Адамдар сол кезде жұмысқа шығады,

Кеш түскенше еңбекпен айналысады.

24Сенің істерің қандай көп, Жаратқан Ием!

Сен жасадың барлығын да даналықпен,

Жер толған Өзіңнің жаратқандарыңмен.

25Міне, тағы ұлан-ғайыр теңіз де бар,

Құжынар сансыз үлкен-кіші хайуандар,

26Теңізде жүзеді кемелер, қайықтар,

Сен онда ойнауға жаратқан дәу балықтар.

27Өзіңнен күткендері бәрінің де —

Сенің тамақ беруің мезгілінде.

28Азығын берсең олар жинап алар,

Қолыңды ашсаң игілікке тойынар.

29Ал бет-жүзіңді жасырсаң әбігерге қалар,

Жанын алсаң өліп, топыраққа айналар.

30Рухыңның лебін жіберіп, өмір жаратасың,

Жер бетін қайтадан толтырып, жаңартасың.

31Жаратқанның ұлылығы мәңгі мадақталсын,

Иеміз өз істеріне әрдайым шаттансын.

32Ол жер бетіне көз салса шайқалады,

Тауларға қол тигізсе түтін шығады.

33Өмір бойы Жаратқанға ән саламын,

Дем біткенше Құдайыма жыр айтамын,

34Ой толғанысым Оған ұнамды болсын,

Жаратқан Иеме ұдайы шаттанамын.

35Күнәкарлар жер бетінен аласталсын,

Әділетсіздер енді қайтып болмасын.

Жан-тәніммен Жаратушыны мақтаймын.

Жаратқан Иемізді мадақтаңдар әрдайым!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help