Езекиел 31 - Киелі кітап(QazBi2010)

Зәулім самырсын жайлы астарлы әңгіме

1(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он бірінші жылдың үшінші айының бірінші күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:

2«Ей, пендем, Мысыр патшасы перғауынға және оның шулы әскеріне мынаны жеткіз:

Сенің ұлылығыңмен кім теңесе алады?

3Ассур патшалығына назар сал! Ол да Ливандағы заңғар биік, төбесі тіпті бұлттарға дейін жететін самырсын іспетті болған еді. Оның көрікті бұтақтары орманды жауып тұратын.

4Өзендер оған ылғалын беріп, терең су көздері оны биік қылып өсірді. Оның отырғызылған жерін өзендер айналдыра ағып, ормандағы барлық ағаштарға да тармақтарын бағыттап жіберді.

5Осылайша сол самырсын өте зәулім болып өсіп, айналасындағы бүкіл ағаштардан да биік болып кетті. Оның суы мол болғандықтан, өркендері ұзарып, жайыла өсе берді.

6Әуеде ұшатын құстардың бәрі осы самырсынның бұтақтарына ұяларын салып, оның көлеңкесінде күллі аңдар төлдерін өрбітетін. Демек, оның саясын бүкіл үлкен ұлттар паналап тұрды.

7Осылайша сол ағаш өзінің жайыла өскен бұтақтарымен керемет көрікті болатын, өйткені оның тамырлары тереңдегі мол суға жететін.

8Құдайдың бағындағы өзге самырсындар онымен теңесе алмас еді, қарағайлардың бұтақтарын да онікімен салыстыруға болмайтын. Оның бұтақшаларымен салыстырғанда шынар ағаштары түк емес болатын. Құдайдың бағындағы ешбір ағаштың көркі онікіне тең келе алмас еді.

9Мен сол самырсынға көптеген бұтақ беріп, оны соншама көрікті қылдым. Құдайдың Едем бағында өскен барлық басқа ағаштар оны қызғанатын.

10Ал енді, Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Осы самырсын ағашы заңғар биік боп өсіп, төбесі тіпті бұлттарға дейін жетіп, өзінің биіктігіне тәкаппарланып кетті.

11Сондықтан да Мен оны халықтардың әміршісіне тапсырдым, ол самырсынға зұлымдығына сай шара қолданды. Мен сол ағашты лақтырып тастадым.

12Ұлттардың ішіндегі ең айбынды шетелдіктер оны шауып құлатып, тастап кетті. Ағаштың сынып қалған бұтақтары елдің барлық таулары мен сай-салаларында, өзен тармақтарында шашылып жатты, ал жердегі күллі ұлттар оның саясын тастап, кетіп қалды.

13Оның қалдығына аспандағы барлық жыртқыш құстар қонып, бұтақтарына даладағы аңдар өрмеледі.

14Сонымен су бойында өсіп, төбесі бұлттарға дейін жетсе де, ешбір «ағаш» заңғар боп асқақтап кетпесін! Себебі пенделердің бәріне де ажал төніп, ақыр соңында олар ең қарапайымдармен бірге қабірге түседі».

15Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ассур о дүниеге аттанған күні Мен тұңғиықтың өзін ол туралы қайғыратын қылып, оны жауып тастадым; жер асты суларын ақпайтын етіп, ағыл-тегіл сарқыраған бұлақтарды тоқтатып қойдым. Ассурға бола Ливанды қара түнекпен жаптым, әрі даладағы ағаштар қурап қалды.

16Мен Ассурды о дүниеге кететін өзгелермен бірге сонда аттандырғанда, Ассурдың құлаған даусымен басқа ұлттарды дірілдеттім. Сонда Едемнің барлық ағаштары, тіпті Ливанның ең таңдаулы, ең жақсылары әрі молынан суарылған сол ағаштардың барлығы да о дүниеде жұбаныш тапты.

17Ассурдың саясында өмір сүрген одақтас ұлттар да құрыды. Олар да семсерден қаза тапқандарға қосылып, Ассурмен бірге о дүниеге түсті.

18Уа, Мысыр, Едемнің ағаштарының қайсысының ұлылығы мен салтанаты сенікіне тең келе алады? Алайда сен де Едемнің ағаштарымен бірге о дүниеге түсірілесің! Сен сүндеттелмегендердің әрі семсерден қаза тапқандардың арасында жататын боласың. Перғауын мен оның шулы әскерінің тағдыры осы болмақ!» — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help