Зәкәрия 2 - Киелі кітап(QazBi2010)

Үшінші көрініс: Иерусалимнің көлемін өлшеуші

1Мен қайтадан жоғары қарағанда қолында өлшеуіш жібі бар біреуді көрдім.

2Мен одан:

— Қайда бара жатырсыз? — деп сұрадым. Ол:

— Иерусалимнің ені мен ұзындығын білу үшін оны өлшеуге бара жатырмын, — деп жауап берді.

3Менімен сөйлескен періште сол кезде алға қарай беттеді. Сонда басқа бір періште оған қарсы кездесті.

4Бұл оған былай деді:

— Ана жас жігітке тездетіп барып мынаны айт: Иерусалим малы мен адамы көп болғандықтан қамал қабырғасы жоқ, ашық қала сияқты болады!

5«Мен Өзім әрі қаланың айналасындағы жалындаған отты қабырғасы, әрі оның ішіндегі нұрлы салтанаты іспетті боламын», — деп уәде береді Жаратқан Ие.

Жер аударылған халыққа арналған үндеу

6«Уа, халайық, дайындалып, жолға шығыңдар! Солтүстіктегі елден қашып кетіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Себебі Мен сендерді дүниенің шартарабына шашыратып жіберген едім.

7Уа, Сионның халқы, Бабыл халқымен бірге тұрып жатқан сендер сол елден қашып кетіңдер!»

8Себебі бір даңқты кезеңнен кейін Әлемнің Иесі мені өздеріңді тонаған халықтарға жіберіп, мынаны айтты: «Кім сендерге тиіссе, соның Менің көзімнің қарашығына тиіскені!

9Мен таяуда оларға қарсы қолымды созбақпын. Сонда оларды өз құлдары тонайтын болады». — Сол кезде сендер Әлемнің Иесінің мені жібергенін анық білетін боласыңдар.

10«Қуана ән салып шаттаныңдар, уа, Иерусалимнің халқы! Мен сендердің араларыңда тұруға келе жатырмын! — деп уәде етеді Жаратқан Ие. —

11Сол күні көптеген ұлттар Менімен тығыз байланысқа түсіп, Менің халқым болады. Мен сендердің араларыңда тұрамын». — Сол кезде сендер мені өздеріңе жіберген Әлемнің Иесі екенін анық білетін боласыңдар.

12Жаратқан Ие Яһуданы Өзіне бағышталған қасиетті еліндегі айрықша үлесі ретінде қабылдап, Иерусалимді (өз қаласы болуға) қайтадан таңдап алады.

13Бүкіл адамзат Жаратқан Иенің алдында тынышталсын! Ол Өзінің киелі тұрағынан шығып, әрекет етіп жатыр.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help