1(Езрахтық Етанның насихат жыры.)
2Зор рақым-шапағатыңды, уа, Жаратқан,
Әр уақытта мен ән-жырға қосамын,
Сөзіңе беріктігіңді Өзіңнің
Бар ұрпақтарға айтатын боламын.
3Солай Сенің тұрақты рақымыңның
Мәңгілік екенін жариялаймын.
Өзіңнің шындығыңды көкте бекіттің,
(Өйткені Сен мынаны айтқан едің:)
4«Мен таңдаулыммен Келісім жасадым,
Қызметшім Дәуітке былай деп ант бердім:
5Әулетіңді әрқашан да нығайтамын,
Ұрпақтан ұрпаққа тағыңды орнатамын».
6Уа, Жаратқан, көкте даңқталар кереметтерің,
Қасиеттілер жиынында — өз беріктігің.
7Көктегі кім Иемізбен теңесе алар,
Күштілер арасында кім Жаратқанға ұқсар?
8Қасиетті періштелердің үлкен тобы
Терең қастерлейді айбынды Құдайды,
Биік тағын айналдыра Оны құрметтейді.
9Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі,
Саған ұқсас кім бар, сондай құдіретті?
Адалдығың жан-жақтан қоршайды Сені.
10Уа, Ием, буырқанған теңізге билік айтасың,
Көтерілген толқындарын тыншытасың.
11Паң мысырлықты Сен талқандап қираттың,
Жауларыңды күшті қолыңмен шашыраттың.
12Көк те — Сенікі, жер де — өз меншігің,
Негізін салдың Сен күллі әлемнің,
Әрі жараттың ондағылардың бәрін.
13Сен жараттың солтүстік, оңтүстікті де,
Табор, Хермон таулары қуанады есіміңе.
14Қолың мен білегің ерен қуатты,
Оң қолың барлығынан да жоғары.
15Әділдік, әділет — тағыңның негізі,
Рақым мен адалдық алдыңда жүреді.
16Мадақтау жиналысына шақырған
Қуанышты дауысты танып, қосылған
Халық сондай бақытты, өйткені оған
Жүзіңнің нұрында жүру бұйырылған,
17Күні бойы олар ұлы атыңа қуанады,
Әділдігің оларды жоғарылатады.
18Бұлардың күші мен ұлылығы Өзіңнен,
Сенің рақымыңмен патшамыз күшейген.
19Себебі қорғанышымыз — Жаратқан Иеден,
Біздің патшамыз — Исраилдің киелі Тәңірінен.
20Уа, Жаратқан, бірде Сен аян берген едің,
Адал кісіңе мынадай сөз айтқан едің:
«Мен жауынгер адамға күш-қуат дарыттым,
Халықтан оны таңдап ап, жоғарылаттым:
21Осы қызметшім Дәуітті тауып алдым,
Арнайы майымды оған жақтырттым,
Патша болуға оны тағайындаттым.
22Ұдайы оны қорғап-қолдайтын боламын,
Әрдайым күш-қуат сыйлайтын боламын.
23Жау одан амалын асыра алмайды,
Зұлымдар тықсырып, жеңе алмайды,
24Оның алдынан жауларын құртамын,
Өзін жек көргендерді қиратамын.
25Берік рақымыма Дәуіт ие болады,
Өз атыма бола оның күші артады,
26Дәуіттің билігін Жерорта теңізіне
Создырам, әрі шығыстың өзендеріне.
27Ол былай деп атамақ атымды Менің:
«Сен Әкемсің, Құдайымсың өзімнің,
Жартастай паналайтын Құтқарушымсың».
28Мен оны «Тұңғышым» деп белгілеймін,
Жер патшаларынан үстем етемін.
29Мейірімімді оған мәңгі сақтаймын,
Келісімімнен ешқашан бас тартпаймын.
30Дәйім оның ұрпағын нығайтамын,
Тағын да көк іспетті шексіз орнатамын.
31Ал ұлдары тастаса Таурат заңымды,
Әрі орындамаса бұйрықтарымды,
32Егер бұзып жатса ережелерімді,
Сақтаудан бас тартса өсиеттерімді,
33Онда күнәлары үшін таяқпен ұрамын,
Зұлым істері үшін қамшымен соғамын.
34Ал Дәуіттен мейірімімді қайтып алмаймын,
Өз адалдығымнан ешқашан таймаймын,
35Мен Келісімімді еш уақытта бұзбаймын,
Аузымнан шыққан сөзді өзгертпеймін.
36Мен Дәуітке ант еткенмін біржолата,
Қасиеттімін, жалғандық айтпаймын да:
37Әулеті жалғасады шексіз уақытқа,
Оның патшалық тағы Менің көз алдымда,
Күн іспетті ол әрдайым бар болады да,
38Ай іспетті ол тұрақты болып орнайды,
Аспандағы адал айғаққа ұқсайды».
39Ал қазір Сен тағайындаған патшаңнан
Сырт айналдың, жаратпай ашуландың оған,
40Қызметшіңмен жасаған Келісіміңнен тандың,
Оның тәжін жерге лақтырып арамдадың.
41Күллі қамалдарын жойып қираттың,
Қорғандарын үйіндіге айналдырдың.
42Жолшыбай өткендер оны тонайды,
Көршілері келекелеп мазақтайды.
43Оның жауларын күшейтіп, үстем еттің,
Барлық дұшпандарын шаттыққа кенелттің.
44Патшаның семсерінің жүзін мұқалттың,
Шайқаста оны қорғап-қолдамадың.
45Оның жарқын салтанатын тоқтаттың,
Әрі патшалық тағын жерге құлаттың.
46Сен патшаның жастық шағын қысқарттың,
Масқараны оған шапандай жаптың.
47Қашанғы, уа, Жаратқан, жасырынбақсың?
Ием, мәңгі лаулай ма оттай қаһарың?
48Ескерші өмірімнің қысқалығын,
Қандай бекершілікке адамзатты бұйырдың!
49Қай адам ғұмыр кешіп, өлімді көрмеді,
Кім ажал тырнағынан өзін құтқарды?
50Уа, Ием, қайда бұрынғы зор рақымың,
Адалдығың мен Дәуітке берген антың?
51Ием, ескере гөр құлыңның мазақталғанын,
Көп ұлттың мысқылының көңіліме батқанын,
52Уа, Жаратқан, жауларыңның балағаттағанын,
Өзің бекіткен патшаңның істерін қорлағанын.
53Жаратқан Ие мәңгілік мадақталсын!
Аумин, иә, аумин.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.