1«Біліп алыңдар, Мен сол оқиғалар болатын заманда Яһуда елі мен Иерусалимнің тұтқында жүрген халқын қайтарып, игілікке кенелтемін.
2Сонда Мен халықтардың барлығын жинап, «Жаратқан Иенің Соттау аңғарына» алып барамын. Сол жерде Мен осы халықтарды Өзімнің меншікті халқым Исраилді басқа елдердің арасына шашыратып жібергендері үшін соттап жазалаймын. Олар Менің елімді өзара бөлісті,
3халқымды да жеребе тастап бөлісіп алды: ұл балаларды жезөкшенің ақысына айырбастап, бойжеткендерді шарапқа сатып, ішіп қойып жүрді».
4«Ал сендер, уа, Тир мен Сидон және філістір елінің аймақтары, Маған не істейін деп жатырсыңдар? Сендер Менен кек алғыларың келе ме? Егер солай ететін болсаңдар, Мен істегендеріңді өз бастарыңа лезде-ақ қайтарамын.
5Өйткені сендер Менің алтын-күмісім мен қымбат бағалы бұйымдарымды тартып алып, өз ғибадатханаларыңа апарып қойдыңдар.
6Сонымен қатар өз елдерінен аластатып, басқа жаққа жіберу үшін Яһуда мен Иерусалимнің адамдарын гректерге саттыңдар.
7Біліп қойыңдар, Мен оларды өздерің сатып жіберген елдерден жетелеп алып келемін. Ал оларға істегендеріңді өз бастарыңа түсіремін.
8Өздеріңнің ұл-қыздарыңды Яһуданың адамдарына сатамын, олар соларды алыста тұратын Сәба халқына сатып жібереді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
9Халықтардың арасында мынаны жариялаңдар: «Соғысқа дайындалып, батырларыңды шақырыңдар! Барлық жасақшыларың аттанып, осында өрлеп келсін!
10Соқаларыңнан семсер, орақтарыңнан найза жасаңдар! Әлсіздерің «Мен мықтымын!» дейтін болсын.
11Барлық халықтар, тездетіп жан-жақтан келіңдер, бәрің де сол жерге жиналыңдар!»
— Уа, Жаратқан Ие, өз батырларыңды алып келе гөр!
12— Халықтар тұрып, Жаратқан Иенің Соттау аңғарына өрлеп келсін! Мен сонда отырып, айналадағы барлық халықтарды соттайтын боламын.
13Орақтарыңмен орыңдар, өйткені өнім дайын. Келіп, жүзімді басып сығыңдар, өйткені сыққыш өнімге толып тұр, енді күбілер шырынға толмақ. Себебі сол адамдардың зұлымдығы шектен асып кетті.
14Соттау аңғарында сан мыңдаған адамдар күтіп тұр! Себебі жуырда Жаратқан Иенің күні Соттау аңғарында айқын көрінеді.
15Күн мен ай қараңғыланып, жұлдыздар да сөніп қалады.
16Сонда Жаратқан Ие Сионнан ақырып, Иерусалимнен дауысын шығарады. Сол кезде аспан мен жер шайқалады. Бірақ Жаратқан Ие — өз халқының бас сауғалайтын панасы, Исраилдің үрім-бұтағының қамал іспетті берік қорғаушысы!
Жаратқан Иенің өз халқын қайтадан жарылқауы17«Сол кезде сендер Менің, өз Құдайларың Жаратқан Иенің, киелі тауым Сионда тұратынымды білетін боласыңдар. Иерусалим қаласы Өзіме бағышталып қасиетті болады. Енді оны ешбір жат жұрттық басып ала алмайды.
18Сол күні таулардан тәтті шырын тамшылап, төбелерден сүт ағатын болады, Яһуданың барлық жылғаларында су ағады. Жаратқан Иенің киелі үйінен басталған бұлақ Аққараған аңғарын суға кенелтеді.
19Яһуданың халқына жасаған қиянаттары үшін және өз жерінде отырған халықтың жазықсыз қанын төккендері үшін Мысыр елі қаңырап бос қалып, Едом елі де қу медиенге айналады.
20Ал Яһуда бұдан былай бос қалмайды. Иерусалимді де ұрпақтан ұрпаққа мекендейтін болады.
21Мен олардың әлі кешірілмеген, қан төгіп жасаған күнәларын кешіремін».
Сонымен Жаратқан Ие Сионда тұратын болады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.