Нехемия 8 - Киелі кітап(QazBi2010)

Езраның халыққа Таурат заңын түсіндіруі

1Күздің басы — жетінші ай басталғанда бүкіл халық бір адамдай Су қақпасының алдындағы алаңға жиналып келді. Олар дін мұғалімі Езрадан Жаратқан Иенің Мұса арқылы Исраилге табыстаған Таурат заңының шиыршық кітабын әкелуін өтінді.

2Сонда діни қызметкер Езра Таурат заңын бүкіл жамағаттың алдына алып шықты. Жиналғандар еркектер мен әйелдер және тыңдап, оқылғанды түсіне алатын балалар болды. Бұл жетінші айдың бірінші күні болатын.

3Езра Су қақпасының алдындағы алаңда жиналған бүкіл жамағатқа Таурат кітабын күн шыққан кезден бастап, түске дейін дауыстап оқып берді. Халықтың бәрі Таураттың сөздерін құлақ түріп тыңдап тұрды.

4Дін мұғалімі Езра осы оқиғаға орай жасалған биік ағаш мінбенің үстіне шығып тұрған еді. Оның оң жағында Маттатия, Шема, Анаях, Ұрия, Хелкия, Мағасиях, сол жағында Педаях, Мишайл, Малқиях, Хашум, Хаш-Бадана, Зәкәрия, Мешулам болды.

5Биік мінбеде тұрған Езра шиыршық кітабын бүкіл халықтың көз алдында ашқан кезде жұрттың бәрі орындарынан түрегелді.

6Езра Жаратқан Иені, ұлы Құдайды, дәріптеп мадақтады. Бүкіл халық қолдарын жоғары қарай көтеріп: «Аумин! Аумин!» — деп жауап берді. Содан олар бастарын жерге дейін тигізе иіліп Жаратқан Иеге тағзым етті.

7Бұдан кейін Ешуа, Бани, Шеребиях, Ямин, Ақуб, Шабтай, Ходия, Мағасиях, Келита, Азариях, Жозабад, Ханан және Пелаях есімді леуіліктер сол жерде тұрған халыққа Таурат заңын түсіндіріп берді.

8Олар Құдайдың Таурат кітабынан дауыстап анық оқып, соған түсіндірмелерін қосты. Осылайша халық оқылғандарды жақсы ұғып алды.

9Халық Таурат заңының сөздерін тыңдап тұрғанда еңіреп жылай берді. Ал аймақ әкімі Нехемия, діни қызметкер әрі дін мұғалімі Езра және халыққа тәлім беріп жатқан леуіліктер оларға: «Бұл күн — Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті күн. Бүгін қайғырып жыламаңдар!» — деп ескертті.

10Нехемия: «Осымен барыңдар, дәмді тамақ жеп, тәтті сусын ішіңдер! Мерекелік ас дайындамағандарға үлестерін беріп жіберіңдер! Өйткені бүгінгі күн — Иемізге бағышталған қасиетті күн. Сонымен қайғырмаңдар! Себебі Жаратқан Иеге деген қуаныштарың сендерге күш-қуат беріп, паналарың болады!» — деп қосты.

11Леуіліктер де: «Тыныш болып, жыламаңдар! Өйткені бүгінгі күн — қасиетті күн», — деп халықты тыныштандырды.

12Содан бүкіл халық тарап кетті. Олар ішіп-жеп, мұқтаждарға сый тамақ жіберіп, зор қуанышқа бөленді. Себебі олар өздеріне түсіндірілген сөздерді енді жақсылап ұғып алды.

13Мейрамның екінші күні бүкіл халықтың әулет басылары діни қызметкерлермен, леуіліктермен бірге Таурат заңында жазылғандарды тереңірек ұғынбақ болып, дін мұғалімі Езраның қасына жиналды.

14Олар Жаратқан Иенің халыққа Мұса арқылы тапсырған Таурат заңында жетінші айдағы (Күркелер) мейрамы кезінде исраилдіктердің күркелерде тұруы керектігі туралы жазылғанын тапты.

15Сондықтан олар тұрып жатқан барлық қалаларында және Иерусалимде: «Қыраттарға шығып, сол жақтан зәйтүн, жабайы зәйтүн, мирта, құрма және басқа да жапырақты ағаштардың бұтақшаларын жинап алып келіңдер! Солардан Тауратта жазылған ережеге сай күрке жасаңдар!» — деген жарлықты жариялады.

16Сонда халық далаға шығып кетті де, бұтақшалар әкеліп, өз үйлерінің жалпақ төбесінде не ауласында, Құдайдың киелі үйінің аулаларында және Су қақпасы мен Ефрем қақпасының маңындағы алаңдарда күркелер жасады.

17Жер аударылудан қайтып келгендердің бүкіл қауымы күркелер жасап, соларда тұрды. Нұн ұлы Ешуаның заманынан бері исраилдіктер осы мейрамды бұлайша өткізбеген еді. Сондықтан халық зор қуанышқа кенелді.

18Мейрамның бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін Езра күн сайын Құдайдың Таурат кітабында жазылғандарды халыққа дауыстап оқып беріп отырды. Олар жеті күн бойы мейрамдады, ал сегізінші күні ережеге сай салтанатты жиналыс болды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help