1Бұдан кейін періште маған Жаратқан Иенің періштесінің алдында тұрған бас діни қызметкер Ешуаны көрсетті. Ал шайтан Ешуаны айыптау үшін оның оң жағында тұрды.
2Жаратқан Ие шайтанға: «Саған Жаратқан Ие тыйым салады, шайтан! Иә, Иерусалимді таңдап алған Жаратқан Ие саған тыйым салады! Осы адам жанып кетпей тұрып от ішінен құтқарылып алынған отындық ағаш сияқты емес пе?» — деп зекіді.
3Ешуа періштенің алдында ластанған киіммен тұрды.
4Ал періште өзінің алдында тұрғандарға: «Оның лас киімдерін шешіп тастаңдар!» — деп тапсырды. Ешуаға қарап ол: «Мен сенің кінәңді алып тастадым. Енді саған салтанатты киім кигіземін», — деді.
5Сонда мен: «Оның басына таза сәлде кигізіңдер», — деп өтіндім. Олар оның басына таза сәлде, үстіне арнайы киімдер кигізді. Осы кезде Жаратқан Иенің періштесі жанымызда тұрды.
6Одан кейін Жаратқан Иенің періштесі Ешуаға ескертіп былай деді:
7— Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Егер де сен Менің жолыммен жүріп, тапсырмаларымды орындайтын болсаң, онда сен Менің киелі үйіме жетекшілік етіп, оның аулаларын да басқаратын боласың, әрі Менің осында тұратын сенімді қызметшілерімнің арасында жүруіңе болады.
8Уа, бас діни қызметкер Ешуа және алдыңда отырған серіктестерің, тыңдаңдар! Сендердің барлығың болашақтағы кереметтің бейнесісіңдер. Біліп алыңдар: Мен Өзімнің «Өскін» деп аталатын Қызметшімді алып келемін.
9Мен Ешуаның алдына қойған асыл тас, міне, мынау: оның жеті қыры бар. Мен тасқа сөздерімді қашап жазып, осы елдің күнәсін бір-ақ күнде алып тастаймын, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. —
10Сол күні сендердің әрбіреуің (көріп жатқан игіліктерімен бөлісу үшін) көршісін өзінің жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отыруға шақыратын болады», — деп нық айтады Әлемнің Иесі.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
