Римдіктерге хат 6 - Киелі кітап(QazBi2010)

Енді күнәға жоқ болып, Құдайға қызмет етіп жүрміз

1«Бұдан қандай қорытынды шығады? (Құдай күнәларымызды кешіретіндіктен) Оның рақымы молайсын деп күнә жасай берейік пе?»

2Жоқ, олай істеуге болмайды! Өлген адам күнә жасамайды ғой. Біз (сенушілер) де сол өлген адамдай күнәға жоқ болдық. Қалайша бұдан былай күнә жасап өмір сүрмекпіз?!

3Өздерің жақсы білесіңдер: Иса Мәсіхпен тығыз байланысқан бәріміз Онымен бірге рухани өлдік. Шомылдыру рәсімінен өткеніміз соны білдіреді.

4Демек, Мәсіхпен тығыз байланысқанда біздер Онымен бірге рухани «өліп, жерлендік». Сонымен, Құдай Әке Өзінің ұлы құдіретінің арқасында Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, жаңа өмір бергендей, біз де енді жаңаша өмір сүруіміз керек!

5Себебі біз осылай рухани тұрғыдан Мәсіхпен бірге «өліп», күнәлі өмір салтымыздан біржола бас тартқан болсақ, енді өлімнен қайта тірілген Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып жаңаша өмір сүрейік!

6Мынаны білеміз ғой: бұрын өзіміз кім болсақ, сол күнәкар болмысымыз Мәсіхпен бірге айқышта өлді. Осылай біздің күнә билеген болмысымыз күшінен айырылды, сондықтан енді күнәнің құлы емеспіз!

7Өйткені адам өлгенде күнәнің билігінен босатылады.

8Ендеше, біз Мәсіхпен бірге рухани өлгендіктен, Онымен байланыста өмір сүретінімізге де кәміл сенеміз.

9Себебі өлімнен тірілген Мәсіх енді қайтып өлмейді, бұдан былай өлім Оған билігін жүргізе алмайды, мұны білеміз.

10Мәсіх өлгенде күнәға біржола жоқ болды, енді Ол Құдайдың құрметі үшін өмір сүреді.

11Сендер де өздеріңді «күнәға жоқпыз, енді Құдайдың құрметі үшін Иса Мәсіхпен тығыз байланыста өмір сүреміз» деп есептеңдер!

12Сондықтан күнә ажалды тәндеріңді билемесін! Яғни тәндеріңнің күнәлі құмарлықтарына еріп кетпеңдер!

13Дене мүшелеріңді күнә жасау үшін қолданып әділетсіздіктің құралы етпеңдер! Қайта, сендер рухани өлімнен шынайы өмірге өтіп келдіңдер; сондықтан өздеріңді Құдайдың қызметіне арнап, дене мүшелеріңді де Оған бағыштап, оларға әділ істер істетіңдер!

14Күнә сендерге билігін жүргізбеуі керек, себебі сендер енді Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынасыңдар.Күнәнің құлдығынан босап, әділдікке қызмет ету

15«Бұдан қандай қорытынды шығады? Біз Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынғандықтан, күнә жасай берейік пе?» Жоқ, олай істеуге болмайды!

16Сендер білесіңдер ғой: егер біреуге бағынып, оның еркін орындасаңдар, онда сол қожайындарыңның құлы боласыңдар. Сол сияқты, сендер не мәңгілік өлімге апаратын күнәға құл боласыңдар, не Құдайға мойынсұнып, әділдікке қызмет етесіңдер.

17Құдайға шүкір, сендер бұрын күнәнің құлы болғанмен, енді алған тәлімнен тапқан ақиқатқа бет бұруға шын жүректен шешім қабылдадыңдар.

18Күнәнің үстемдігінен босағанда әділдіктің «құлы» болдыңдар.

19Түсініктеріңнің әлі де аз екенін ескеріп, осы қарапайым сөздерді қолданып отырмын. Бұрын сендер дене мүшелеріңді әділетсіздіктің құралы қылып, арам да заңсыз нәрселерге қызмет еткізгендерің сияқты, енді Құдайға бағышталған қасиетті өмір сүру үшін дене мүшелеріңді әділдікке қызмет етуге арнаңдар!

20Күнәнің құлы болып жүргенде сендер әділдіктің билігінде болмадыңдар.

21Сол кездегі өмір салттарыңнан қандай нәтижелер көрдіңдер? Олар қазір өздерің де ұялатын істер еді. Солардың ақыры — мәңгілік өлім!

22Енді сендер күнәнің үстемдігінен босатылып, Құдайдың қызметіне кірдіңдер. Бұның өнімі — Құдайға бағышталған қасиетті өмір. Ал түпкі нәтижесі — мәңгілік өмір.

23Күнәнің беретіні — (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help