Нақыл сөздер 12 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жақсы тәрбие алған бақытты

1Тәрбиені ұнатқан — білімді де ұнатқан,

Ал ескертуді жек көрген — санасыз надан.

2Ізгі жанды Жаратқан Ие ұнатар,

Зымиянға Ол үкімін шығарар.

3Адам зұлымдықпен берік болмас,

Ал әділ жанның түп-тамыры мызғымас.

4Ізгі әйел күйеуінің абыройын асырар,

Арсыз әйел күйеуінің қуатын тауысар.

5Әділдің ой-ниеті әділетті,

Арамзаның кеңесі алдамшы.

6Зұлымның сөзі қан төгер тұзақ құрар,

Әділдің сөзі пәледен құтқарар.

7Зұлым құлап, із-түзсіз жоқ болар,

Әділдің шаңырағы берік тұрар.

8Ақылына қарап адамды мақтар,

Ойы бұзық жан жексұрын болар.

9Кеуде көтеріп аш жүргеннен гөрі,

Адал еңбек еткен қарапайым жан игі.

10Ізгі жан малының да қамын ойлар,

Арамзаның жүрегі қатыгез болар.

11Жерін өңдегеннің қарны тоқ,

Бос қиял қуғанның ақылы жоқ.

12Зұлымның олжасына сұрқия көз салар,

Тамыры берік әділ жан жемісті болар.

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам

13Арамза жалған сөзінен ұсталар,

Әділ жан пәледен аман құтылар.

14Аузынан шыққан жақсы сөзі адамды тоқ қылар,

Еңбек еткен қолы да ақысын алар.

15Ақымақ жүрген жолым тура дер,

Дана жан кеңеске құлақ түрер.

16Ақымақтың ашуы бірден бетіне шығар,

Ақылды жан шеккен жәбіріне немқұрайды қарар.

17Білген шындығын айтқан әділдікті паш етер,

Жалған куәгер болған опасыздық етер.

18Мылжың өз тілімен семсердей шағар,

Дана өз тілімен жанның жарасын сауықтырар.

19Шыншылдың сөзі мәңгілік,

Өтірікшінің сөзі бір-ақ сәттік.

20Зұлымдық ойлағанның жүрегі толған сұмдық,

Татулық ойлағанның жүрегі толған шаттық.

21Әділге күнәнің кесірі жұқпас,

Зұлым толған пәлесінен арылмас.

22Жалған тіл Жаратқанға жиренішті,

Ақиқатты айтатын Оған сүйкімді.

23Зерделі білімін жасырар,

Зердесіз надандығын жариялар.

Еңбекқордың меншігі құндана түсер

24Еңбекқор қол билікке жеткізер,

Жалқау қол құлдыққа түсірер.

25Сары уайым адамның еңсесін басар,

Жақсы сөз оның көңілін тасытар.

26Әділ жан серіктерін ақ жолмен бастар,

Арамзаның жолы оларды адастырар.

27Жалқау аң аулап, етін қуыруға да ерінер,

Ал еңбекқордың меншігі құндана түсер.

28Әділдік жолында шынайы өмір бар,

Онымен жүрген мәңгі өлімнен құтылар.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help