Нақыл сөздер 11 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаратқан Ие адалдық пен ізгілікті ұнатар

1Жалған таразы Жаратқанға жиренішті,

Адал таразы Оған ұнамдысы.

2Менмендікке масқара серік,

Кішіпейілге даналық серік.

3Әділ жанды адалдығы жетелер,

Арамзаның түбіне сұмдығы жетер.

4Қаһарлы күнде байлықтан пайда болмайды,

Ал әділдік өлімнен аман сақтайды.

5Таза жанның әділдігі жолын түзетер,

Арамзаны зұлымдығы сүріндірер.

6Әділді адалдығы құтқарар,

Алдамшы ашкөздігінен ұсталар.

7Арамза өлгенде үміті үзілер,

Зұлымның күткені босқа кетер.

8Әділ жан пәледен құтқарылар,

Арамза оның орнына соған ұшырар.

9Арсыз адам сөзімен жақынын жояр,

Әділ жан түсінігімен аман қалар.

10Әділдің амандығына қала қуанар,

Зұлымның құруына мәз-мейрам болар.

11Әділдің ақ батасымен қала өркендер,

Зұлымның жалған тілінен бытырап кетер.

12Ақылсыз көршісін келекелер,

Ақылды аузына ие боп жүрер.

13Өсек тасыған сырыңды ашар,

Адал жан ісіңді құпия сақтар.

14Жетекшіге зәру ел тозар,

Кеңесшісі мол ел озар.

15Бөтенге кепіл болған пәлеге ұшырар,

Кепілдіктен бас тартқан қауіпсіз болар.

16Сүйкімді әйел абыройға бөленер,

Күш сала істеген байлықты иемденер.Әділдің тілегені жақсылықпен бітер

17Қайырымды өз жанына рақым табар,

Қатыгез өз тәніне зиян туғызар.

18Арамза өткінші өнім жинайды.

Әділдік сепкеннің сыйы тозбайды.

19Шын әділдік өмір сыйлар,

Зұлымдыққа ұмтылған өлім табар.

20Зымиян жаннан Жаратқан жиренер,

Мінсіз жүргенге Ол сүйсінер.

21Сөз жоқ, зұлым жан жазасын тартар,

Әділдің ұрпағы аман құтылар.

22Әдемі, алайда әдепсіз әйел заты

Шошқа мұрнындағы алтын сырға сияқты.

23Әділдің тілегені жақсылықпен бітер,

Зұлымның күткені ашу-ызамен бітер.

24Қолы ашық адам байи түсер,

Тым сараң жан кедейлене түсер.

25Жомарт жан игілікке кенелер,

Басқаны сергіткен өзі де сергір.

26Аштықта астық жасырғанды жұрт қарғар,

Астығын елге сатқанға батасын жаудырар.

27Жақсылыққа ұмтылған рақым іздеп табар,

Зұлымдыққа ұмтылған зұлымдыққа тап болар.

28Байлығына сенім артқан сүрінер,

Ал әділ жан жапырақтай көгерер.

29Отбасының берекесін кетірген дымсыз қалар,

Зердесіз зерделі жанға қызмет қылар.

30Әділ жанның жемісі өмір сыйлар ағашқа ұқсар,

Зерделі жан адамдарды әділдікке тартар.

31Әділ жан бұ дүниеде тиістісін алмақ,

Зұлым мен күнәкар одан бетер жазаланбақ.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help