Нақыл сөздер 21 - Киелі кітап(QazBi2010)

Патшаның жүрегі Жаратқанның қолында

1Патшаның жүрегі Жаратқанның қолында

Ұқсайды аққан суға өзен салаларында:

Жаратқан бағыттайды оны қалаған жағына.

2Өз жолы адамға түзу болып көрінер,

Ал оның жүрегін Жаратқан Ие тексерер.

3Адамның адалдық пен әділдік сақтағаны

Жаратқанға құрбандық шалғанынан ұнамды.

4Көз тәкаппарлығы, жүректің асқақтығы

Екеуі де күнә — зұлымның қылықтары.

5Ұқыптының ой-ниеті дәулетке бастар,

Тым асыққан тапшылыққа ұшырар.

6Жалғандықпен жиналған байлық —

Ұшып кетер бу әрі ажалды тұзақ.

7Зұлымның зомбылығы өзін жоқ қылар,

Әділ істен бас тартқаны себепшісі болар.

8Айыптының жолы — қисық соқпақ,

Айыпсыздың жүрісі түзу болмақ.

9Ұрысқақ әйелмен бір үйде тұрғанша

Үй төбесіндегі күркеде тұрған артық оңаша.

10Зұлымның жаны сұмдық көздер,

Өз жақынына қаталдық көрсетер.

11Мазақшыл жазаланса, аңғырттың даналығы артар,

Дана жан тәлім алса, ол содан білім қабылдар.

12Әділ Тәңір Иеміз зұлымның үйін бақылар,

Содан зұлымды құлатып, көзін құртар.

13Жарлының зарына құлағын жабатын

Таппас өз зарына құлақ асатын.

14Жасырын сый-тарту ашуды тыншытар,

Құпия сыйлық зор қаһарды басар.

15Әділдік жасалса әділдер қуанар,

Ал зұлымдық жасаушылар шошынар.

16Даналық жолынан адасқан —

О дүниеге жақында аттанар жан.

17Байи қоймас шарап, майға құмартқан,

Кедейленер аса сауықшыл жан.

18Арамза адам әділдің төлемі болар,

Опасыз ұсталып, адал жан құтылар.

19Ұрысқақ, ызақор әйелмен тұрғанша,

Оңаша тұрған артық айдалада.

20Дананың мекені май мен байлыққа толар,

Ал надан өзінде барды шашар.

21Әділдік пен берік мейірім жолынан

Шын өмір, әділет, құрмет табады жан.

22Күштілердің қаласын кемеңгер басып алар,

Олар сенген қамалдың күл-талқанын шығарар.

23Тілі мен аузына ие болған

Пәледен басын сақтар аман.

24Өркөкірек, паң адамды мысқылшыл дер,

Асқан менмендікпен ол әрекет етер.

25Жалқауды құмарлықтары құртар,

Себебі қолы жұмыстан қашар.

26Жалқау жан күні бойы алуды көксер,

Ал әділ жан мұқтажға аямай берер.

27Зұлымның құрбандығын Жаратқан жек көрер,

Арам оймен ұсынса оны, одан да бетер.

28Өтірік айтатын куә құрып кетер,

Ал өз құлағымен естігеннің сөзі өтер.

29Азғын жан сондай батыл болып көрінер,

Әділ жан жүрер жолына көңіл бөлер.

30Ешбір даналық, түсінік пен кеңес

Жаратқан Иеге қарсы келмес.

31Жауынгер шайқасқа атын дайындар,

Ал жеңісті оған Жаратқан Ие сыйлар.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help