Матай 10 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Иса он екі шәкіртін тағы да қасына шақырып алып, оларға жындарды қуып шығаратын әрі барлық ауру-сырқауды сауықтыратын билік берді.

2Осы он екі елшінің есімдері мыналар: алдымен Шимон, ол Петір деп те аталатын, әрі соның інісі Әндір; сондай-ақ Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан;

3Філіп пен Барталмай; Тома мен салықшы Матай; Әлпей ұлы Жақып және Тадей (деген Лебей);

4Діншіл Шимон және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.

5Осы он екі елшісін Иса төмендегі тапсырмаларымен жіберді:

— Басқа ұлт адамдарының жерлеріне бармаңдар, самариялық қалаларға да кірмеңдер;

6қайта, адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқының адамдарына барыңдар!

7Аралай жүріп: «Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздаңдар.

8Ауруларды сауықтырып, өлгендерді қайта тірілтіңдер, алапестерді құлантаза айықтырып, жындарды қуып шығарыңдар. Тегін алдыңдар, тегін беріңдер де!

9Қалталарыңа алтын, күміс, бақыр ақша салмаңдар.

10Жолға дорба, артық киім, аяқкиім және таяқ та алмаңдар. Еңбек еткен жейтін тамағына қақылы ғой.

11Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде өздеріңе түсуге лайықты адамды іздестіріп тауып алып, қайтадан жолға шыққанша соның үйінде қалыңдар.

12Үйге кіргенде амандасып: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер.

13Сол үйдегілер лайықты болса, берген баталарың қонады, ал лайықсыз болса, баталарың өздеріңе қайтып келеді.

14Егер біреу сендерді қабылдамаса не сөздеріңе құлақ салмаса, сол үйден немесе қаладан шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар.

15Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады!

16Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қойлар сияқты жіберіп отырмын. Сондықтан жыландай көреген, көгершіндей ақкөңіл болыңдар!

17Жұрттан сақтанып жүріңдер, олар сендерді соттарға ұстап беріп, өздерінің мәжілісханаларында дүре соғатын болады.

18Менің жолыма түскендеріңе бола сендерді әміршілер мен патшалар алдына да апарады. Осылайша соларға және басқа ұлт адамдарына Мен туралы ашық айтасыңдар.

19Адамдар сендерді ұстап бергенде, қалай және не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Айтатын сөздерің сол сәтте ауыздарыңа салынады.

20Осылай өздерің емес, сендер арқылы көктегі Әкелеріңнің Киелі Рухы сөйлейтін болады.

21Сонда тіпті бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап беріп, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді.

22Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады.

23Бір қалада қудаласа, басқасына қашыңдар. Шын айтамын: сендер Исраилдің барлық қалаларын аралап шықпай жатып-ақ, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін.

24Шәкірті ұстазынан, қызметшісі қожайынынан жоғары емес.

25Шәкірті ұстазына, қызметшісі қожайынына ұқсаса, соған қанағат тұтсын. Жұрт «үйдің Иесін» белзебүл (шайтан) деп атаса, оның үй ішіне одан бетер жаман ат тақпай ма?

26Сонымен олардан қорықпаңдар! Ашылмайтын сыр, білінбейтін құпия болмайды.

27Сендерге қараңғыда айтқанымды жарықта айтыңдар, әрі құлақтарыңа сыбырлаған сөздерімді жұртқа жариялаңдар!

28Тәнді өлтірсе де, жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!

29Екі торғайды бір теңгеге сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді.

30Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі!

31Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар!

32Сонымен Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де көктегі Әкемнің алдында мойындаймын.

33Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де көктегі Әкемнің алдында танбақпын.

34Мені дүние жүзіне (жалған) татулық әкелу үшін келді деп ойламаңдар. Мен сондай татулықты емес, жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын айыруды әкелу үшін келдім.

35Сөйтіп (пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздерін) жүзеге асыруға келдім: «Өз ұлы әкесіне, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады.

36Адамның дұшпаны өз үй іші болады».

37Кім әке-шешесін не ұл-қызын Менен артық көрсе, сол Менікі болуға лайықты емес.

38Сондай-ақ, кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менікі болуға лайықты емес.

39Өміріне өзі иелік еткен әркім одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған оған мәңгі иелік етеді.

40Кім сендерді қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны.

41Бір пайғамбарды Құдайдың хабаршысы болғандықтан қабылдағандар сол пайғамбар алатын сыйға ие болады, әрі әділ кісіні әділ болғаны үшін қабылдағандар соның алатынындай сыйды иемденеді.

42Сендерге шындығын айтайын: атақ-шені жоқ осылардың біреуіне Менің шәкіртім болғаны үшін ең болмағанда бір тостаған салқын су берген әркім сол үшін алатын сыйынан құр қалмайды!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help