1Бүлік басылғаннан кейін Пауыл Иеміздің шәкірттерін шақырып алды. Оларды жігерлендіре сөйлеп, қоштасып, Македонияға бет алды.
2Пауыл өзінің жүрген жолындағы аймақтардан өтіп шығып, сонда тұратын сенушілерге зор жігер берген уағыздар айтып берді. Содан ол оңтүстік Грекияға барып,
3сонда үш ай болды. Пауыл кемемен Сирияға кетер алдында өзіне яһудилер қастандық жасамақ деген хабар алды. Сондықтан ол (құрлықпен) Македония арқылы қайтуға шешім қабылдады.
4Оған Азия аймағына дейін береялық Пирдің ұлы Сопатер, сондай-ақ салониқалық Арыстарқ пен Секунд, дербелік Гай мен Тімоте және азиялық Түхік пен Трофим еріп жүрді.
5Бұлар алға озып кетіп, бізді Троададан тосып алды.
6Ашымаған нан мейрамынан кейін Філіпіден кемемен шығып, бес күнде Троададағы соларға жеттік. Осы қалада жеті күн аялдадық.
Троададағы қауыммен кездесу, бір жігіттің өліп, тірілуі7Жексенбі күні біз жергілікті сенушілермен бірге нан үзу рәсімін орындауға жиналдық. Пауыл олармен сөйлесіп, уағыз айта бастады. Келесі күні жол жүретіндіктен, оның уағызы түн жарымына дейін созылды.
8Біз отырған жоғарғы бөлмеде көп шам жанып тұрды.
9Ашық терезенің алдында Еутіх есімді жас жігіт отырған еді. Пауылдың сөзі ұзаққа созылып кеткен соң, Еутіх қатты ұйықтап кетіп, үшінші қабаттан құлап түсті. Оны жерден көтеріп алғанда, денесінде жан жоқ екен.
10Пауыл төмен түсіп, жігіттің үстіне жата қалып, құшақтап: «Уайымдамаңдар, ол тірі!» — деді.
11Бұдан кейін Пауыл қайта көтеріліп, қауыммен бірге нан үзу рәсімін орындап, тамақ ішті. Таң атқанша солармен әңгімелесіп отырды да, қоштасып, сапарға шығып кетті.
12Ал жас жігітті бұған дейін үйіне аман-есен алып кеткен еді. Бұл сенушілерге үлкен дем берді.
Ефестегі қауым жетекшілеріне арналған қоштасу сөзі13Ал біз болсақ, алға кетіп, кемемен Асқа жеттік. Осы қаладан Пауылды мінгізіп алуымыз керек еді. Өзі Асқа дейін жаяу жүргісі келгендіктен, осылай болсын деген болатын.
14Аста оны кездестіріп, кемеге мінгізіп, Мітілин қаласына аттандық.
15Келесі күні одан шығып, Хиос аралының маңына бардық. Бір күн өткен соң Самос аралына, тағы бір күннен кейін Мілит қаласына жеттік.
16Азия аймағына барып келуге уақытты өткізіп алмау үшін, Пауыл Ефес қаласына соқпайын деп шешкен еді. Себебі ол мүмкіндігінше Алғашқы өнім мейрамын Иерусалимде қарсы алуға асықты.
17Сондықтан ол Мілиттен Ефеске кісі жіберіп, сол қаладағы қауымның жетекшілерін Мілитке шақыртты.
18Бұлар қасына келген соң, Пауыл оларға былай деп сөз сөйледі:
— Мен Азияға алғаш келген күннен бастап, араларыңда қалай тұрғанымды өздерің білесіңдер.
19Еш мансап қумай, кішіпейілдікпен, көз жасымды төгіп, яһудилердің қастандықтарының кесірінен болған ауыр азапқа қарамастан, Иемізге қызмет етіп келдім.
20Ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлім беріп жүргенде сендерге пайда болатын еш нәрсені қалдырмай, бәрін түгел айттым.
21Яһудилер мен гректерге: «Күнәларыңа өкініп, Құдайға бет бұрып, Иеміз Иса Мәсіхке сеніңдер!» деп ескерттім.
22Қазір Киелі Рухтың жетелеуімен Иерусалимге бара жатырмын, онда неге душар болатынымды білмеймін.
23Тек әрбір қалада Киелі Рух мені түрме мен азаптардың күтіп тұрғанын білдіреді.
24Бірақ мен өз жанымды ойламай, тиісті өмір жолыммен жүре отырып, Иеміз Исаның маған тапсырған ісін аяқтасам, Құдайдың рақымы туралы Ізгі хабарды уағыздап жеткізсем болғаны.
25Менің білетінім мынау: өзім араласып жүріп, Құдайдың Патшалығы туралы уағыз айтқан сендердің бәрің мені енді көрмейсіңдер.
26Сондықтан бүгін сендерге салтанатты түрде ешкімнің қанын мойныма жүктемеймін деп мәлімдеймін.
27Себебі мен уағыз айтқанда ештеңені жасырмай, Құдайдың еркін түгел жарияладым.
28Енді өздеріңе де, Киелі Рух басқарушы етіп қойған барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар!
29Мен кеткен соң, жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін.
30Тіпті өз араларыңнан да жалған ілімдерді уағыздап, Иеміздің шәкірттерін теріс жолға азғырушылар шықпақ.
31Сондықтан сақ болыңдар! Күн-түн демей, үш жыл бойы үзбестен әрқайсыңа нұсқау беріп, көз жасымды төккенім естеріңде болсын.
32Ал енді сендерді Құдайға және Оның рақымын білдіретін сөзіне аманаттаймын. Өздеріңді нығайтып, Өзіне бағышталған барлық адамдарымен бірге сендерге де уәде еткен жарылқауларын қиямет күні беруге Оның құдіреті жетеді.
33Мен ешкімнен алтын-күміс, киім-кешек дәметкен емеспін.
34Өзімді және көмекшілерімді осы екі қолыммен жұмыс істеп, асырағанымды білесіңдер.
35Сендерге ауыр еңбек ете жүріп, «Алғаннан гөрі берген бақытты» деген Иеміз Исаның сөзін есте ұстап, мүсәпірлерге жәрдемдесу керек екенін ұдайы үлгі етіп көрсеттім.
36Пауыл осылай дегеннен кейін жиналғандардың бәрімен бірге тізе бүгіп, мінажат етті.
37Барлығы да қатты жылап, оны құшақтап бетінен сүйді.
38Оларға айрықша ауыр тигені оның «мені енді көрмейсіңдер» дегені болды. Содан кейін олар Пауылды кемеге шығарып салды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.