1Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
2«Исраилдің үрім-бұтағына мына нұсқауды жеткіз: Маған өртелу арқылы ұсынатын ерекше тартуларың Өзіме ұнамды да хош иісті әрі тамақ іспетті. Оларды белгілі мезгілдерде әкелуге мұқият болыңдар!
3Оларға тағы мынаны айт: Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық ретінде күн сайын мінсіз бір жасар екі тоқтыдан әкеліп отырыңдар.
4Бірінші тоқтыны таңертең, екіншісін кешке қарай шалып, өртеп ұсыныңдар.
5Бұған қоса пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын төрт жарым қадақ ең таза зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсыну керек.
6Бұл — Синай тауында бұйырылған, Жаратқан Иеге түгелдей өртелу арқылы ұсынылатын, Оған ұнамды да хош иісті әрі тұрақты тарту.
7Әрбір тоқтымен бірге сұйық тарту да ұсынылсын. Ол екі жарым қадақ ашыған сусын болсын. Сұйық тарту киелі орында Жаратқан Иеге арнап құйылып ұсынылсын.
8Ал екінші тоқтыны кешке қарай бірінші тоқты сияқты ұсынып, оған тиісті астық, сұйық тартуларын да дәл таңертең істегендеріңдей ұсынуларың керек. Бұл да Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған, Оған ұнамды да хош иісті тарту болмақ.
Діни демалыс күніндегі сый-тартулар9Діни демалыс күні мінсіз бір жасар екі тоқтыны, тиісті сұйық тартуын және пұттың оннан екі бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсыныңдар.
10Күн сайын тиісті сұйық тартумен бірге ұсынылатын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа қоса, діни демалыс күніне арналған түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандық — осы.
Айдың бірінші күніндегі сый-тартулар11Әр айдың бірінші күні Жаратқан Иеге арналған шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жасар жеті тоқты шалыңдар. Олардың барлығы да мінсіз болсын.
12Оларға тиісті астық тартуын: әрбір құрбандық бұқа үшін пұттың оннан үш бөлігі, әрбір құрбандық қошқар үшін пұттың оннан екі бөлігі,
13әрбір құрбандық тоқты үшін пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар. Бұлар Жаратқан Иеге түгелдей өртеліп ұсынылатын, хош иісті де ұнамды тартулар.
14Осы құрбандықтарға тиісті сұйық тартулар мынадай болады: әр бұқаға — сегіз қадақ, әр қошқарға — бес қадақ, әр тоқтыға — екі жарым қадақ мөлшеріндегі шарап. Жыл бойы, әр ай сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтардың ұсынылу тәртібі осындай.
15Әр айдың бірінші күні Жаратқан Иеге күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір теке шалынсын. Ол күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа және оған тиісті сұйық тартуына қоса ұсынылады.
Құтқарылу мейрамындағы сый-тартулар16Жыл сайынғы бірінші айдың он төртінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамы. Бұл күні Оған арнап құрбандық шалынады.
17Сол айдың он бесінші күні жеті күндік мейрам басталады. Осы жеті күн бойы ашымаған нан желінуі керек.
18Мейрамның алғашқы күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер.
19Жаратқан Иеге түгелдей өртелетін құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жылдық жеті еркек тоқты әкеліңдер. Олардың барлығы да мінсіз болсын.
20Осы құрбандықтарға тиісті астық тартуын: зәйтүн майымен араластырылған бидай ұнынан әрбір бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі
21және жеті еркек тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыну керек.
22Ал өздеріңнің жасаған күнәларыңның арамдығынан тазаруларың үшін тағы бір текені күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалыңдар.
23Бұларды күн сайын түгелдей өртелетін таңертеңгі құрбандыққа қоса ұсынуларың керек.
24Осылайша сендер мейрамның жеті күнінің әрбіреуінде тамақ іспетті тартуды өртеу арқылы ұсыныңдар. Олардың хош иісі Маған, Жаратқан Иеге, ұнамды. Оларды күн сайын түгелдей өртелетін құрбандықтар мен сұйық тартуларға қоса ұсыныңдар.
25Ал жетінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп, жұмыс істемеңдер.
Алғашқы өнім мейрамындағы сый-тартулар26Жаңа жиналған егіннен Жаратқан Иеге арнап астық тартуын Алғашқы өнім мейрамының кезінде алып келіңдер. Сол күні Оған бағышталған жиналыс өткізіңдер және еңбектеніп жұмыс істемеңдер.
27Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін, Оған ұнамды да хош иісті құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жылдық жеті еркек тоқты шалыңдар.
28Осы құрбандықтарға тиісті астық тартуын: әрбір бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі,
29жеті тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар.
30Өздеріңнің жасаған күнәларыңның арамдығынан тазаруларың үшін тағы бір текені күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалыңдар.
31Осы құрбандықтарды күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен соларға тиісті астық тартуларына қоса ұсыныңдар да, оларға тиісті сұйық тартуларды да әкеліңдер. Құрбандықтардың барлығы да мінсіз болуы керек.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.