1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
Уа, Құдай, мадақтап келемін Сені,
Тіл қатпай, үнсіз қала көрме енді.
2Себебі адамдар зұлым да алдамшы,
Маған қарсы ауыздарын ашады,
Жалған тілдерімен жала жабады,
3Қас сөздерімен жан-жақтан қыспақтайды,
Еш себепсіз маған шабуыл жасайды,
4Достығыма жауап береді қастықпен,
Алайда Саған сиынып келемін мен.
5Жақсылығыма олар сұмдық қайтарады,
Достығыма өшпенділік танытады.
6(Қарсыластарым мені былай деп қарғады:)
«Оған бір зұлым жанды қарсы қойшы,
Оң жағына айыптаушысын тұрғызшы,
7Сотталғанда ол кінәлі боп шықсын,
Тіпті дұғасы да күнә боп табылсын,
8Көретін күндері оның аз болсын,
Міндетін оның басқа біреу алсын!
9Балалары жетім, әйелі жесір қалсын,
10Ұрпақтары қаңғырған қайыршы болсын,
Қираған үйлерінен аластатылсын,
11Қарыз берген оның барын тартып алсын,
Еңбегінің жемісін бөтендер тонасын,
12Жаны ашитын адал досы болмасын,
Жетімдерін мүсіркейтін де табылмасын,
13Перзенттері көп жасамай шетінесін,
Есімдерін келесі ұрпақ білмесін.
14Әділетсіз істері ата-бабасының
Жаратқан Иенің есіне салынсын,
Шешесінің күнәсі де кешірілмесін,
15Кінәлары Жаратқанның алдында қала берсін,
Ол есімдерін жер бетінен із-түзсіз өшірсін.
16Өйткені бұл жан жақсылық жасаудан безді,
Кедейді, мүсәпір мен үмітсізді
Өлтірмек болып қуғындап өкшеледі.
17Ол қарғыс айтуды сондай ұнатты,
Ендеше өзіне қонсын қарғысы,
Оң бата дегенді ол менсінбейтін,
Ендеше оң бата оған қонбай кетсін.
18Бұл өзі қарғауын «киімдей киетін»,
Тәніне сол су, май іспетті «сіңетін»,
19Енді қарғыс болсын киетін киіміндей,
Ұдайы буынатын белбеуіндей.
20Ол мені айыптап, қастық айта беретін.
Жаратқан оған қайтарсын соның есесін!»
(Деп білдіреді олар теріс тілектерін.)
21Ал Сен, уа, Тәңір Ием — Жаратушы,
Есіміңе бола маған жақсы қарашы,
Берік рақымың игі, мені құтқаршы.
22Өйткені мен бейшара, мүсәпірмін,
Әрі жаралы — бойымдағы жүрегім.
23Ғайып болар көлеңкедеймін кешкі,
Шегірткедей жау қағып жібереді мені.
24Оразадан әлсіреді тізелерім,
Денем жүдеу, омсырайған бүкіл тәнім.
25Мен келекеге айналдым жұрт үшін,
Көрсе мені шайқайды олар бастарын.
26Уа, Құдай Ием, маған көмектесші,
Рақымыңа сай мені құтқара көрші.
27О, Ием, мұны істеген Сен екенін,
Өз қолыңның жасағанын олар білсін!
28Жауларым қарғайды, бірақ Сен жарылқайсың,
Бас салса, өздері масқараға қалсын,
Ал Сенің қызметшің шаттанатын болсын.
29Айыптаушыларым ұятқа бөленсін,
Олар масқараға жамылғыдай орансын.
30Мен Жаратқан Иеге көп мақтау айтамын,
Үлкен жиында Оның даңқын асырамын,
31Жаратқан бейшара жанды қолдап-қорғайды,
Айыптаушылардан аман-есен сақтайды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
