1Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны,
Мәңгілікке ұласады берік рақымы!
2Осылай десін Жаратқанның құтқарғандары,
Оның жау қолынан босатып алғандары,
3Жаратқанның жат елдерден жинағандары,
Шартараптан еліне қайтарғандары.
4Біреулері құла түзде босып жүрді,
Мекендейтін қала таппай дала кезді.
5Аш болып, олар суға да зарықты,
Жандары әлсіреп, өше жаздады.
6Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды,
Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
7Мекендей алатын қалаға оларды
Тура жолмен жетелеп бастап барды.
8Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін,
Адамдарға істеген кереметтері үшін!
9Сусаған адамның шөлін Ол қандырды,
Қарны аш жанды нәрлі аспен тойдырды.
10Біреулер түнекте, үмітсіз жағдайда
Тұтқында қиналып жатты темір бұғауда,
11Олар сөзіне қарсы шығып Құдайдың,
Кеңесін менсінбеп еді Хақ Тағаланың.
12Сонда Ол халқын ауыр бейнетке салды,
Олар сүрініп құлап, ешкім қолдамады.
13Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды,
Иеміз оларды қасіреттен құтқарды,
14Үмітсіз жағдай мен түнектен шығарды,
Байланған құрсауларын сындырып лақтырды.
15Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін,
Адамдарға істеген кереметтері үшін!
16Қола қақпаларды Ол быт-шыт қылды,
Темір ысырмаларын да сындырды.
17Біреулер бас көтеріп ақымақ болды,
Күнәларына бола індетке шалдықты,
18Барлық тамақтан жиренетін болды,
Ажалдың қақпаларына таяп қалды.
19Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды,
Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
20Ол сөзін арнап, оларды сауықтырды,
Жандарын ажалдан аман алып қалды.
21Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін,
Адамдарға істеген кереметтері үшін,
22Шүкірлік тартуларын Иемізге ұсынсын,
Шаттық әнмен Оның істерін паш қылсын!
23Кемелермен теңізге шығатындар,
Мұхитты кезіп, сауда жасайтындар
24Көреді Жаратқан Иенің істерін,
Терең теңіздегі кереметтерін.
25Ол бұйрық беріп, қатты дауыл жіберді,
Зәулім биік толқындарды көтерді.
26Кеме аспанға көтеріліп, жоғары шықты,
Тұңғиыққа құлағандай төмен түсті,
Қауіптен адамдардың үрейлері ұшты,
27Маскүнемдей тәлтіректеп шайқалысты,
Не істерін білмей сапырылысты.
28Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды,
Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
29Ол дауылды басып, саябырсытты,
Теңіздің толқындарын да тыншытты.
30Дауыл басылғанда адамдар қуанды,
Аңсаған кемежайына Ол бастап апарды.
31Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін,
Адамдарға істеген кереметтері үшін,
32Халықтар жиынында Оны дәріптесін,
Ақсақалдар кеңесінде қастерлесін!
33Құдай өзендерді айналдырады шөлге,
Ал бұлақтарды құрғатып құла түзге,
34Шұрайлы жерді — сортаң иен далаға,
Тұрғындарының зұлымдықтарына бола.
35Бірақ шөлейт жерді Ол айналдырады көлге,
Кеуіп қалған даланы қайнар көзге,
36Аш жандарды сонда қоныстандырады,
Олар мекендейтін қала тұрғызады,
37Егін егіп, жүзімдік отырғызады,
Солардан ағыл-тегіл өнім алады.
38Жаратқан Ие сол жандарды жарылқайды,
Олар өсіп-өніп ғаламат молаяды,
Мал басын да Иеміз азайтпайды.
39(Халық тағы паңданса) саны қысқарады,
Езгі, апат, қайғы оны жуасытады,
40Атақтыларын Иеміз қор қылады,
Жолсыз құла түзді кездіріп қояды,
41Ал жарлыны мүшкіл халінен босатады,
Отардағы қойдай ұрпағын молайтады.
42Әділдер мұны көріп, шаттанады,
Бар зұлымдар ауыздарын жабады.
43Ақылды жан бұл жайттарға ден қояды,
Жаратқанның берік рақымын ұғынады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.