Уағыздаушы 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Кіріспе

1Мұнда Иерусалимде патша әрі даналықты уағыздаушы болған Дәуіт ұлының сөздері берілген.

Өткінші дүниедегі құдайсыз іс-әрекеттің бекершілігі

2«Құр бекершілік! — деп үйрететін Даналықты уағыздаушы. — (Жеке өздігінен өмірдің) бәрі де құр бекер әрі мағынасыз!

3Пенденің осы өткінші дүниеде еткен бүкіл бейнетті еңбегінен көрер пайдасы қандай?

4Ұрпақтар бірінен соң бірі келіп-кетіп жатады, ал жер сол тұрған күйі тұра береді.

5Күн шығады да батады, содан кейін ол шығатын жеріне қайтуға асығады.

6Жел оңтүстікке қарай соғып, содан кері айналып, солтүстікке қарай соғады. Ол шыр айналып, бастапқы ізімен қайтып келе береді.

7Бар өзендер теңізге құяды, бірақ теңіз содан толып кетпейді. Су өзендердің шыққан көздеріне қайта оралып, теңізге қарай аға береді.

8Өмірде болатын жайттар адамды сөзбен айтып жеткізе алмастай қажытады. «Көз көруден, құлақ естуден қанағат таппас».

9Бұрын болған нәрсе кейін де болады, істелген іс тағы да істелінеді. Осы өткінші дүниеде түбегейлі жаңа еш нәрсе жоқ.

10Жұрт бір нәрсе туралы: «Анаған қара, мұндай бұрын-соңды болып көрмеген еді ғой!» — десе де, шынында ол — бізден бұрынғы дәуірлерде болып кеткен жайт.

11Ежелде өтіп кеткендер ескерілмес, болашақтағыларды солардан кейін дүниеге келетіндер де естерінде ұстамас».

Пенделік ақыл-парасаттың бекершілігі

12Даналықты уағыздаушы, мен, Иерусалим қаласында Исраилге патшалық құрдым.

13Мен өзімді шын жүректен осы дүниеде болып жатқан нәрселерді зерттеп ұғынып, ақыл-парасатпен сынап ашуға арнадым. Құдайдың адам баласына артқан жүгі қандай ауыр!

14Осы өткінші дүниеде істеліп жатқан істердің бәріне назар аудардым: олардың барлығы да жел соңынан қуғандай бекершілік екен!

15«Бұрмаланғанды түзетуге болмайды, жоқ болып кеткенді бар деп те есептеуге болмайды».

16Мен іштей: «Өзімнен бұрын Иерусалимге билік жүргізгендерге қарағанда мен ұлырақ болып, даналықты молайттым. Ақыл-парасат пен білімді молынан үйреніп алдым», — деп ойлайтынмын.

17Сондықтан мен даналық пен білім әрі топастық пен ақымақтық туралы мүмкіндігінше көбірек біліп алуға көңіл бөлдім. Бірақ бұның да жел соңынан қуғандай бекершілік екенін ұғындым.

18Өйткені «адам көбірек түсінген сайын түңіле түседі, көбірек білген сайын күйіне түседі».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help