Лұқа 20 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Иса ғибадатханада халыққа тәлім беріп, Ізгі хабарды жариялап жүрген сол күндердің бірінде басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері рубасылармен бірге келіп,

2Оған:

— Айтыңызшы, бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Сізге мұндай билікті кім берді? — деген сауал қойды.

3Иса оларға:

— Мен де сіздерге бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңіздер:

4Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі көктің еркімен болып па еді, әлде адамның еркімен бе? — деп жауап қатты.

5Олар өзара ақылдасып былай десті:

— Егер «көктің еркімен» десек, Ол «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» дейтін болар.

6Ал егер «адамның еркімен» десек, бүкіл халық бізді тас лақтырып өлтірер. Себебі олар Жақияның пайғамбар екеніне сенеді ғой. — Сондықтан олар:

7— Кімнің еркімен болғанын білмейміз, — деп жауап берді.

8Иса оларға:

— Олай болса, Мен де сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.

Опасыз жүзімшілер

9Сол кезде Иса халыққа мына астарлы әңгімені айтып берді:

— Бір кісі жүзім бағын отырғызады. Оны жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі ұзақ уақытқа басқа жаққа сапарға аттанады.

10Мерзімі жеткенде бақтың иесі оның өнімінен өзіне тиісті үлесін берсін деп жүзімшілерге бір қызметшісін жұмсайды. Бірақ олар оны ұрып-соғып, құрқол қайтарып жібереді.

11Сонда бақтың иесі басқа бір қызметшісін жұмсайды. Олар оны да ұрып, намысына тиіп қорлап, құрқол қайтарып жібереді.

12Содан қожайын үшінші қызметшісін де жұмсайды. Алайда жүзімшілер оны да жарақаттап, қуып жібереді.

13Сонда бақтың иесі: «Енді не істейін? Өзімнің сүйікті ұлымды жіберейін. Мүмкін, оны көріп, қаймығар», — дейді.

14Бірақ жүзімшілер ұлын көргенде өзара ақылдасып: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтірейік, сонда мұрасы біздікі болады!» — деседі.

15Олар ұлды бақтың сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды.

Енді жүзімдіктің иесі оларға не істемек?

16Ол келіп, жүзімшілерді өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ.

Мұны естіген халық:

— Оның бетін аулақ қылсын! — деді.

17Иса оларға қарап былай деп жауап берді:

— Ендеше Киелі жазбалардағы мына сөздердің мағынасы не: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды!»

18Әлгі Тасқа сүрініп құлаған әркім талқандалады, әрі осы Тас үстіне құлағандар жаншылып қалады!Шетелдік патшаға салық төлеу дұрыс па?

19Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның бұл астарлы әңгімені өздеріне тигізіп айтқанын ұғып, сол кезде-ақ Оны тұтқындамақ болды. Бірақ олар халықтан қорықты.

20Содан олар Исаны аңдып, Оған әділ болғансып жүретін жансыздарын жіберді. Бұлар Исаға қитұрқы сұрақ қойып, Оны өз сөзінен ұстауға тырысты. Осы арқылы олар Исаны римдік әміршінің билігі мен сотына тапсырмақ болды.

21Сол жансыздар Исаға мынадай сауал қойды:

— Ұстаз, Сіздің адал көңілмен сөйлеп, тәлім беретініңізді білеміз. Ешкімнің де бет-жүзіне қарамай, жұртты шынымен Құдай жолына үйретесіз.

22Ал енді, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па әлде бұрыс па? —

23Бірақ Иса олардың арам ойларын біліп:

— (Мені азғырып сынамақсыңдар, ә?)

24Маған бір күміс теңгені көрсетіңдерші. Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады. Олар:

— Рим патшасынікі, — деп жауап берді.

25Сонда Иса:

— Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп қорытты.

26Сонымен олар Исаны халықтың алдында сөзінен ұстай алмады. Қайта, Оның берген жауабына аң-таң болып, үн-түнсіз қалды.

Қайта тірілу туралы сұрақ

27Саддукейлер: «Өлімнен қайта тірілу жоқ» дейтін. Содан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері Исаға келіп, мына сұрақты қойды:

28— Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық жазып қалдырған: Егер біреудің үйленген бауыры артынан бала қалдырмай өлсе, онда сол адам оның жесіріне үйленіп, марқұм бауырына ұрпақ қалдырсын!

29Бір кезде ағайынды жеті жігіт болды. Солардың тұңғышы үйленіп, артынан бала қалдырмай өлді.

30Жесіріне екіншісі де,

31үшіншісі де, осылай басқалары да үйленіп, артынан бала қалдырмай бұ дүниеден өтті.

32Ең соңында әйел де көз жұмды.

33Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде сол әйел қайсысынікі болады? Ол жетеуінің де әйелі болған еді ғой!

34Иса оларға былай деп жауап қатты:

— Бұ дүниедегілер әйел алады, күйеуге шығады.

35Ал өлімнен тіріліп, жұмаққа баруға лайықтылар сонда әйел де алмайды, күйеуге де шықпайды

36және қайтадан өлмейді. (Сол жағынан) олар періштелер іспетті болады. Себебі олар тіріліп, Құдайдың рухани балалары болады.

37Өлгендердің тірілетінін Мұса да Таурат кітабындағы тікенді бұта туралы бөлімде білдірген. Ол онда Жаратқан Иені «Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы» деп атаған. (Үшеуі сол кезден көп жыл бұрын дүние салған болатын.)

38Ал Жаратқан Ие — өлілердің емес, тірілердің Құдайы! Өйткені Оның алдында бәрі де тірі.

39Кейбір дін мұғалімдері бұған:

— Ұстаз, Сіз тауып айттыңыз! — деді.

40Мұнан кейін Исаға сұрақ қоюға діндарлардың батылдары бармады.Мәсіх — Дәуіт пайғамбардың әрі Ұрпағы, әрі Иесі

41Ал Иса оларға мына сұрақты қойды:

— Жұрттың Мәсіхті «Дәуіттің Ұрпағы» деулері қалай?

42Дәуіттің өзі Забур кітабындағы бір жырында:

«Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан:

43Мен жауларыңды табаныңның астына

Салып бергенімше отыр оң жағымда»,

— деген ғой.

44Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаған соң, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады?Дінбасылардың өзімшілдігі, ал бейшара жесірдің жомарттығы

45Бүкіл халық тыңдап тұрғанда, Иса шәкірттеріне былай деп ескертті:

46— Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп жүруді әрі базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетуін жақсы көреді; сондай-ақ мәжілісханаларда сыйлы орында отырып, қонақасыларда төрге жайғасуды да ұнатады.

47Сонымен қатар олар жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етеді. Бұлар бәрінен бетер қатаң жазаланатын болады-ау!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help