Ешуа 20 - Киелі кітап(QazBi2010)

Бас сауғалау қалалары

1Бұдан кейін Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді:

2«Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерге Мұса арқылы бұйырғанымдай, өздеріңе бас сауғалау қалаларын белгілеңдер.

3Егер бір адам ешқандай қара ниетсіз абайламай біреуді өлтіріп алса, ол сонда қашып барып, қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқанынан бас сауғалай алатын болады.

4Сондай адам осы қалалардың біріне қашып барсын да, қақпасының алдына келіп, қаланың ақсақалдарына болған істі баяндап айтып берсін. Олар сол адамды қалаға қабылдап, паналайтын жер беріп, ол араларында тұратын болсын.

5Егер қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқаны оның соңынан қуып келсе, қала тұрғындары кісі өлтірген адамды оған ұстап бермесін. Себебі ол оны бұрыннан бері өшігіп жүргендіктен емес, абайсызда өлтіріп алыпты.

6Ал кісі өлтірген адам өзінің ісі жамағаттың алдындағы сотта қаралғанға дейін, әрі сол кездегі бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін осы қалада қалуға тиіс. Содан соң ол өзінің қашып келген қаласы мен отбасына қайтып бара алады».

7Сонда исраилдіктер мына қалаларды бас сауғалайтын жер болуға бағыштады: Нафталим руының қыратты Ғалилея жеріндегі Кедешті, Ефремнің таулы өлкесіндегі Сихемді және Яһуданың таулы жеріндегі Кирият-Арбаны, яғни Хебронды,

8әрі Иорданның арғы бетінде, Рубен руының Иерихонның шығысындағы елсіз жон далада орналасқан Бесерді, Ғад руының Ғилақад жеріндегі Рамотты және Манаса руының Башан аймағындағы Ғоланды.

9Исраилдік болсын, не араларында тұрып жатқан жат жұрттық болсын, біреуді абайсызда өлтіріп алған әркім қашып барып, бас сауғалауға белгіленген қалалар, міне, осылар. Содан сол адам сот алдында тұрғанға дейін қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқанының қолынан мерт болмайды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help