Шежірелер 1-ж. 26 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қақпа күзетшілерінің топтары

1Қақпа күзетшілерінің топтары мыналар болды:

Қорахтың ұрпақтарынан: Әбиясафтың немересі Қоренің ұлы Мешелемиях.

2Мешелемияхтың ұлдары: тұңғышы Зәкәрия, екіншісі Едияил, үшіншісі Забадиях, төртіншісі Ятниел,

3бесіншісі Елам, алтыншысы Жоханан, жетіншісі Елиехонай болатын.

4Ғабит-Едомның ұлдары: тұңғышы Шемаях, екіншісі Ехозабад, үшіншісі Жоғах, төртіншісі Сақар, бесіншісі Нетанел,

5алтыншысы Әмиел, жетіншісі Исашар, сегізіншісі Пеулетай болатын. Құдай Ғабит-Едомды молынан жарылқаған еді.

6Оның ұлы Шемаяхтың да ұлдары болды. Қабілетті де абыройлы адамдар болған олар әкелерінің әулеттеріне басшылық етті.

7Солардың есімдері: Отни, Рефаил, Ғабит, Елзабад. Шемаяхтың Еліху, Семахиях есімді ағайындары да қабілетті адамдар болатын.

8Осылардың барлығы Ғабит-Едомның ұрпақтары еді. Олар да, олардың ұлдары мен ағайындары да қызметтеріне өте қабілетті де күшті адамдар болатын. Олардың жалпы саны алпыс екі болды.

9Мешелемияхтың он сегіз ұлы мен ағайыны да қабілетті адамдар еді.

10Мераридің әулетіне жататын Хосаның мына ұлдары болды: басшысы — Шимри; ол тұңғыш болып туылмаса да, әкесі оны басшы етіп тағайындады.

11Екінші ұлы Хелкия, үшіншісі Тебалиях, төртіншісі Зәкәрия еді. Хосаның ұлдары мен ағайындарының жалпы саны он үш болды.

12Қақпа күзетшілерінің осы топтары өздерінің әулет басшыларының есімдерімен аталды. Олар өздерімен рулас басқа леуіліктер сияқты Жаратқан Иенің киелі үйінде қызмет атқаратын.

13Әрбір қақпадағы күзетшілер өз әулеттері бойынша тағайындалды. Олар қызметке жастарының үлкен-кішілігіне қарамай, жеребе арқылы анықталатын.

14Шығыс жақтағы қақпаны күзету үшін жеребе Мешелемияхқа (және оның тобына) түсті. Оның ұлы Зәкәрия үшін жеребе тасталғанда ол (өзінің тобымен бірге) Солтүстік қақпаны күзететін болды. Зәкәрияның ақыл-парасаты ерекше еді.

15Оңтүстік қақпаны күзету үшін жеребе Ғабит-Едомға (және оның тобына) түсті. Ғабит-Едомның ұлдарына қоймаларды күзету де тиді.

16Батыс жақтағы қақпа мен жоғарғы жолдағы Шаллехет қақпасын күзету міндеті үшін жеребе Шупим мен Хосаға түсті.

Қақпаны күзету топтары кезектесіп, қызметтерін бірінен кейін бірі атқарып жүрді.

17Әр күні шығыс жақты алты, солтүстік жақты төрт және оңтүстік жақты төрт леуілік күзетші күзетіп қорғайтын. Қойманы күзетуге леуіліктер әрқашан екі-екіден тағайындалатын.

18Батыс жақтағы кіреберіске баратын жолдың бойында төрт күзетші, ал кіреберістің өзінде екі күзетші болатын.

19Қорах пен Мерариден тараған қақпа күзетшілерінің топтары осылар еді.

Қазына күзетшілері және өзге қызметкерлер

20Ахияхтың жетекшілігіндегі бірқатар леуіліктер Құдайдың киелі үйіндегі сый-тартулар және Құдайға бағышталған олжалы заттар сақталатын қазына қоймаларын күзетіп қорғайтын.

21Герсонның ұлдарының бірі — Лағданнан бірнеше әулет тарады. Олардың ішінде оның өз ұлы Ехиелден тараған әулет те болды.

22Ехиелдің Зетам, Жоел есімді ұлдары Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қазына қоймаларын күзететін.

23Ымрам, Ысқар, Хеброн және Ұзиелден тараған әулеттер де қызметке тағайындалды:

24(Ымрамнан тараған) Мұса пайғамбардың ұлы Гершомның ұрпағы Шебуил қазына қоймаларының аға меңгерушісі болды.

25Шебуилдің немере ағасы Елиезерден тараған туысқаны Шеломот болатын. Шеломоттың шыққан ата-тегі мынау: Елиезерден Рехабиях, Рехабияхтан Ишиях, Ишияхтан Жорам, Жорамнан Зіхри, Зіхриден Шеломот.

26Дәуіт патша, әулет басшылары, мыңбасылары, жүзбасылары және жасақтың басқа да қолбасшылары Жаратқан Иеге бағыштаған олжалы заттар сақталған қазына қоймасының күзетшілері сол Шеломот пен оның ағайындары болды.

27Патша және оның қолбасшылары шайқастарда қолға түсірген бағалы заттарының бір бөлігін Жаратқан Иенің киелі үйін жақсы қалпында сақтау үшін беріп отыратын.

28Самуил пайғамбар, Қиш ұлы Саул, Нер ұлы Әбенир және (Дәуіттің қарындасы) Сарұяның ұлы Жоғаб Жаратқан Иеге бағыштаған олжалы заттар да Шеломот пен оның ағайындарының қарауында болды.

29Ысқардың ұрпақтарынан Хенаниях шықты. Ол және оның ұлдары киелі үйден тыс мәселелер бойынша Исраил елі үшін басқарушы әрі төреші қызметтерін атқаратын.

30Хебронның ұрпақтарынан Хашабиях шықты. Ол және оның әкімшілік жұмысқа икемді бір мың жеті жүз ағайыны Исраил елінің Иордан өзенінен батыста орналасқан бөлігіндегі Жаратқан Иеге бағышталған істерді және патшаға арналған қызметтерді бақылауға тағайындалды.

31Хебронның ұрпақтарынан Ерия да тараған еді. Ол, өзі шыққан әулеттердің шежіресі бойынша, олардың басшысы болды. Дәуіттің патшалық құрған қырқыншы жылы осы әулеттер қайтадан қаралды. Сонда Хебронның Ғилақад аймағындағы Жазерде тұрған ұрпақтарының арасынан ерекше қабілетті адамдар табылды.

32Ерияның ағайындарының ішінде екі мың жеті жүз адам сондай қабілетті әулет басшылары болды. Дәуіт патша оларды Рубен, Ғад руларындағы және Манаса руының жартысындағы әкімшілік қызметіне тағайындады. Олар Құдайға және патшаға байланысты істерді қарауға міндетті болды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help