1Құтқарылу мейрамынан алты күн бұрын Иса Бетанияға барды. Сол ауылда Өзі өлімнен қайта тірілтіп алған Елазар тұратын.
2Осы жерде Исаға арнап қонақасы берілді. Марта қызмет етті. Дастарқандас болғандардың ішінде Елазар да Исамен бірге отырды.
3Ал Мәриям бір қадақтай таза, өте құнды иісмайға толы құтыны қолына алды. Осы иісмай нард деген өсімдіктен жасалған болатын. Мәриям оны Исаның аяқтарына құйып, оларды шашымен құрғатты. Үй ішінде майдың жұпар иісі аңқып кетті.
4Исаның шәкірттерінің бірі, кейінірек Оған опасыздық жасаған Яһуда Исқариот:
5— Неліктен осы иісмайды сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіріп бермеген? Оның бағасы бір жылдық жалақыға тең емес пе?! — деп наразылық білдірді.
6Бұл сөзді Яһуда мүсәпірлердің қамын ойлағандықтан емес, ұры болғандықтан айтты. Ортақ қаржы сақталатын әмиянды Яһуда ұстайтын, әрі түскен ақшаға қол сұғатын.
7Иса оған қарсы шығып былай деді:
— Мәриямға тиме! Ол осыны істеуі арқылы Менің денемді қабірге қоятын күнгі май жағу салтын алдын ала орындады.
8Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
9Исаның Бетанияда екенін көптеген яһудилер біліп қойды. Олар Иса үшін ғана емес, Ол тірілтіп алған Елазарды көру үшін де бұл жерге келді.
10Сондықтан басты діни қызметкерлер оны да өлтіру туралы ақылдасты.
11Өйткені Елазардың басынан өткен кереметке бола яһудилердің көбі олардан бас тартып, Исаға сенім артты.
Исаның Иерусалимге бейбіт Патша ретінде кіруі12Келесі күні мейрамға жиналған халықтың үлкен тобы Исаның Иерусалимге келетінін естіп,
13қолдарына пальма бұтақтарын ұстап, қала сыртына шықты. Оны:
«Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқанның атынан келе жатқан Исраилдің Патшасы жарылқанған!» — деп айқай салып қарсы алды.
14Иса бір тайқар есекті тауып алдыртып, соған мінген еді. (Зәкәрия) пайғамбардың жазбасында бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған:
15Уа, Сион халқы, қорықпа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол тайқар есектің үстінде отыр.
16Шәкірттері бұны сол кезде түсінген жоқ. Дегенмен Иса қайта тіріліп, көкке көтеріліп, Өзінің ұлылығына ие болғанда, олар бұл сөздердің Иса туралы алдын ала жазылғанын және халықтың Оны осылай қарсы алғанын естеріне алды.
17Халық арасындағы көптеген адамдар Исаның Елазарды қабірден шақырып, өлімнен қайта тірілтіп алған кезінде Онымен бірге болған еді. Енді олар сол туралы куәлік етіп айтып жатты.
18Осындай керемет жасағанын естіген жұрт сондықтан да Исаның алдынан шықты.
19Ал парызшылдар өзара: «Көріп тұрсыңдар ғой, бұлай алға баспайсыңдар: жұрттың бәрі Оның соңынан еріп кетті!» — десті.
Исаның шетелдіктермен кездесіп, Өзінің құрбан болуы туралы алдын ала айтуы20Мейрам кезінде Құдайға ғибадат ету үшін Иерусалимге келгендердің ішінде бірнеше гректер де бар еді.
21Олар Ғалилея аймағындағы Бетсайдадан шыққан Філіпке жақындап келіп: «Мырза, Исамен кездескіміз келеді», — деген тілек білдірді.
22Філіп мұны Әндірге барып айтты, содан екеуі бұл хабарды Исаға жеткізді.
23Иса оларға былай деп жауап берді:
— Көктен келген Менің ұлылыққа жететін уақытым келді.
24Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: егер бидайдың дәні жерге егіліп, жойылмаса, онда ол жалғыз дән болып қалады. Ал егер ол жерге егіліп, көктеп, өзі жойылса, сонда ғана одан көп өнім өсіп шығады.
25Кім өз өмірін бәрінен артық көрсе, сол шынайы өмірден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгілік өмір үшін сақтайды.
26Кім Маған қызмет еткісі келсе, сол Маған ерсін. Мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Ал Маған қызмет етіп жүрген әркімді Әкем құрметтейді.
27Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын: «Әке, Мені осы күннен құтқара гөр» дейін бе? Қайта, бұл күнге осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой.
28Әке, өз атыңды ұлылыққа жеткізе гөр! — Сонда көктен: «Мен оны ұлылыққа жеткіздім және бұдан былай да жеткізе беремін!» — деген үн естілді.
29Сол жерде тыңдап тұрған халықтың ішінен кейбіреулері:
— Күн күркіреді, — десе, басқалары:
— Оған бір періште тіл қатқан шығар, — деді.
30Иса оларға:
— Көктегі үн Мен үшін емес, сендер үшін естілді, — деді.
31— Енді осы күнәкар дүние сотталады! Енді осы дүниенің әміршісі қуылады!
32Ал Мені жерден көтеріп қойғаннан кейін, адамдардың бәрін Өзім арқылы құтқарылуға шақырамын, — деді.
33Бұл сөзді Иса Өзінің қандай жолмен өлуге тиіс екенін білдіру үшін айтты.
34Жиналған жұрт Исадан:
— Киелі кітаптан біз «Мәсіх мәңгі өмір сүреді» деп үйрендік. Қалайша көктен келген Билеушіні жерден көтеріп қою керек дейсіз? Сіз айтып тұрған «көктен келген Билеуші» кім? — деп сұрады.
35Иса оларға былай деп жауап қайтарды:
— «Нұр» тағы біраз уақыт сендермен бірге болады. Өздеріңді қара түнектің баспауы үшін «Нұр» барда жүре беріңдер! Түнекте жүргендер қайда бара жатқандарын білмейді.
36Қастарыңда «Нұр» барда Соған сеніңдер, сонда «Нұрдың адамдары» боласыңдар. — Иса осылай деді де, жұрт көзінен тасаланып кетіп қалды.
Исраилдіктердің сенбеушілігі, ал Исаның тағы да сенімге шақыруы37Иса олардың көз алдарында көп кереметтер жасаса да, көпшілік Оның Мәсіх екендігіне сенген жоқ.
38Сонымен Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мынадай сөздері дәл келді: Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді?
39Ишая пайғамбар тағы бір жерде көпшіліктің неліктен сене алмағандығы туралы мына тәрізді сөздер айтқан:
40Ол көздерін соқыр, жүректерін қасарысқан сезімсіз қылған. Сол себептен көздері көрмейді, жүректері түсінбейді, өздері теріс жолдарынан қайтпайды. Әйтпесе оларды рухани дертінен сауықтырар едім.
41Ишая пайғамбар Иеміздің салтанатты ұлылығын көргендіктен, Ол туралы осылай деп алдын ала айтып кеткен еді.
42Ал Исраилдің басшы адамдарының көбі Исаға сенді, бірақ парызшылдар мәжілісханадан шығарып жібермесін деп Оны ашық мойындаған жоқ.
43Себебі олар Құдай беретін құрметті емес, адамнан көретін құрметті көбірек ұнататын.
44Содан Иса дауыстап былай деді: «Маған сенген кісі Өзіме ғана емес, Мені Жібергенге де сенеді,
45әрі Мені көрген кісі Мені Жібергенді де көреді.
46Мен дүниеге келген «Құдайдың Нұрымын». Маған сенімін артқан ешкім қара түнекте қалмайды.
47Кім хабарымды естіп, оны ұстанып сақтамаса, ондайды қазір соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшін емес, құтқару үшін дүниеге келдім.
48Бірақ Мені елемей, хабарымды қабылдамағандардың соты дайын тұр: Мен білдірген хабар оларды қиямет күні айыптайтын болады.
49Себебі Мен өздігімнен айтқан жоқпын. Нені және қалай айтуға тиісті екенімді Мені жіберген Әкем Маған тапсырды.
50Оның өсиетінің мәңгілік өмір сыйлайтынын білемін. Сондықтан Әкем Маған не тапсырған болса, соны айтамын».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.