1Осы өткінші дүниеде адамдардың арасында жиі кездесіп, жанға бататын тағы бір жайтты байқадым:
2Құдай біреуге байлық-дәулет, мал-мүлік, қадір-құрмет сыйлап, енді оның аңсайтын еш нәрсесі қалмайды. Алайда Құдай оған соның қызығын көруге мүмкіндік бермей, рақатын өзге біреу көреді. Бұл да ақылға сыймайтын әрі жанға қатты бататын жайт.
3Егер бір адамның тіпті жүз баласы болып, өзі ұзақ ғұмыр кешсе, бірақ соның қызығын көрмесе, тіпті дұрыстап жерленбесе, онда мен түсік одан гөрі бақытты дер едім.
4Себебі түсік құрсақтан бекерге шығып, о дүниеге аттанды, ал оның есімін түнек жапқан.
5Ол тіпті күн сәулесін ешқашан көрген де, білген де жоқ. Ал жаңағы бейшара адамға қарағанда түсіктің жағдайы жайлырақ.
6Адам тіпті екі мың жыл жасап, өмірдің қызығын көре алмауы мүмкін. Әрі соңында бәрінің де баратын жері о дүние емес пе?
7Адамның еткен ауыр еңбегінің барлығы аузын тамаққа толтыруға арналған, бірақ оның жан дүниесі қанағаттанбайды.
8Олай болса, дана жанның ақымақтан қандай артықшылығы бар? Басқа адамдардың алдында өзін дұрыс ұстауды білгенінен кішіпейіл адамға не пайда?
9Жаныңның өзіңде жоқ нәрсесін тентірей аңсағанынан гөрі көз алдыңда барыңмен қанағаттанған игі. Жай аңсай беру де жел соңынан қуғандай бекершілік.
10Әлемде бар нәрсенің бәрі әлдеқашан-ақ шешілген. Адамның қандай болатыны да баяғыда-ақ белгіленіп қойылған. Пенде өзінен құдіретті Құдаймен (өз тағдыры туралы) таласа алмайды.
11«Көп сөз бекершілікті көбейтер». Бұдан адамға не пайда?
12Адам үшін өмірде ненің игі екенін кім біледі? Ол қысқа да мәнсіз күндерімен көлеңкедей сырғып өте шығады ғой. Өзінен кейін осы өткінші дүниеде не болатынын адамға кім білдіреді?
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
