Забур жырлары 59 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаулардың қыспағынан құтқаруды өтінген дұға

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Келісім қызғалдағы» әуенімен айтылатын Дәуіттің насихат мінажаты.

2Ол Дәуіттің Батыс Месопотамияның әрі Собаның арамалықтарымен шайқасып жүрген кезінде Жоғаб қайта оралып, он екі мың едомдықты Тұзды аңғарда күйреткен оқиғаға арналған.)

3О, Құдай, Сен бізден бас тарттың,

Қаһарланып бізді талқандадың,

Бізге бұра гөр бетіңді қайтадан.

4Сен жерді сілкілеп, қиратқан едің,

Ол шайқалып тұр, жазшы жарылған жерлерін.

5Өз халқыңның басына пәле түсірдің,

Теңселтетін «шараптан» оған ішкіздің.

6Сен Өзіңді қастерлейтіндерге ту бердің,

Олар соны көтерсін деп шындық үшін.

7Сүйіктілерің лайым аман сақталсын

Деп ден қойып, құдіретіңмен құтқарғын!

8Құдай былай деді киелі мекенінен:

«Мен шаттанып Сихемнің жерін бөліп беремін,

Соқот аңғарын да халқыма үлестіремін.

9Ғилақад пен Манаса да — Менің иелігім,

Ефрем руы болады басты қорғаным,

Яһуда руынан шығады патшаларым.

10Моаб Маған шылапшындай пайдалы болады,

Едом жері де меншігіме айналады,

Філістір елі де бой ұрып Маған қуанады».

11Кім мені қамалды қалаға кіргізеді?

Кім Едом елінің ішіне енгізеді?

12Сол Сен емес пе, Құдай, бізден бас тартқан,

Әскерімізбен бірге шабуылға шықпаған?

13Жаулардың қыспағына қарсы қолдашы,

Еш жарамсыз — пенделердің қолдағаны.

14Зор істер істейміз Құдай жар болғанда,

Жауларымызды таптайды Ол аяғына.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help