1«Міне, Менің қолдап жүрген Қызметшім,
Жаным рақат табатын таңдаулым!
Оған қондырдым Өзімнің Рухымды,
Ол халықтарға жеткізбек әділ үкімді.
2Қызметшім ақырмайды да айқайламайды,
Оның даусы көшелерде шықпайды.
3Ол майысқан таяқты сындырмайды,
Бықсыған білтені де сөндірмейді,
Шынында әділдікті орындайды.
4Ол соны берік орнатқанша жер бетіне
Күші тасып, алған бетінен қайтпайды.
Алыс елдер үміт артар оның тәліміне».
5Аспанды жайып жіберіп жаратқан,
Жерді де өнімімен жайып тастаған,
Адамдарға өмірдің лебін үрлеген,
Жер басқанның бәріне тыныс берген
Құдай Ие мынаны да айтқан:
6«Сені әділдікпен Өзім шақырдым,
Қолыңнан ұстап, қорғаймын, әрі қойдым
Келісімнің кепілі болуға өз халқыма,
Жол көрсеткіш Нұр да өзге ұлттарға.
7Соқыр көзді ашып, тұтқынды түрмеден,
Түнектегіні қапастан босату үшін
Сені Мен, Тәңір Ие, жіберемін.
8Жаратқан Иемін, бұл — Менің есімім.
Даңқымды басқаға бере салмаймын,
Жалған тәңірлермен оны бөліспеймін!
9Жүзеге асты бұрынғы айтқандарым,
Енді жаңа жайттарды жариялаймын,
Сендерге алдын ала хабарлаймын».
Жеңімпаз Жаратқан Иені мадақтау әні10Иемізге жаңа әнді шырқаңдар,
Жер шетінен Оған мақтау айтыңдар!
Теңізде жүзіп жүрген теңізшілер,
Жағалауларды мекендеген елдер,
11Шөлдала мен сол жақтағы қалалар
Және қидарлықтар тұрған ауылдар,
Бәрі Тәңірімізді дәріптесін!
Села халқы да қуана дауыстасын,
Тау бастарынан шырқап ән-жырларын,
12Жариялап Жаратқанның ұлылығын
Бар аралдарда Оны мадақтасын!
13Иеміз күшті жауынгердей аттанады,
Батырдай қайрат-жігер танытады,
Даусын көтеріп ұранын салады,
Жауларының бәрін жеңіп шығады!
14«Мен ұзақ уақыт үнсіз болған едім,
Өзімді сабырлықпен ұстап келдім,
Ал қазір толғақ қысқан әйелге ұқсап
Ентіге айқайлап, ашуымды төгем!
15Тау-төбені ойрандап, бос қалдырамын,
Өсімдік атаулысын қуратамын,
Өзендерді құрлыққа айналдырып,
Көлдерді де кептіріп құрғатамын.
16Шындықты көрмейтін халқымды Менің
Өзі білмейтін жолмен жетелеймін,
Бейтаныс жолдармен бастап алып жүріп,
Түнекті алдынан нұрға айналдырамын,
Қисық жолдардың бәрін түзетемін.
Халқым үшін осыларды жасаймын,
Ешқашан оны жалғыз қалдырмаймын!»
17Ал табынғандар жалған тәңірлерге
Қоладан құйылған мүсіндеріне:
«Құдайымыз сенсің» деп бас ұрады,
Содан беттері күйіп масқара болады!
Исраил халқының Құдай сөзіне көңіл бөлмеуі18«Ей, рухани саңыраулар, құлақ асыңдар, көкірегі соқырлар, көздеріңді ашып, қараңдар!
19Кім өз хабаршым Исраил халқы сияқты саңырау, кім осы қызметшімдей рухани соқыр?! Менімен Келісім жасаған осы халықтай шындықты көрмейтін біреу бар ма?! «Жаратқан Иенің қызметшісі» деп аталған Исраилдей сөзімді естімейтін кім бар?!
20Расында сен көпті көрген едің, бірақ ештеңені ұқпайсың, құлақтарың естіген еді, бірақ тыңдамайсың!»
21Жаратқан Ие өз әділдігіне сай Таурат заңы мен тәлімін дәріптелуге лайық әрі тамаша етіп шығаруды жөн көрген еді.
22Алайда бұл халық тоналып, талан-таражға ұшырады. Бәрі тұтқындалып, құлдыққа түсті. Олжа болған оларды құтқаратын біреу де жоқ. Ешкім: «Талан-таражға түскен осы халықты қайтарып бер!» деп талап етпейді.
23Араларыңдағы қайсың осыларды тыңдайсыңдар? Қайсың байыбына барасыңдар?
24Кім Исраил халқын тонаушылардың қолдарына тапсырып, талан-таражға қалдырды? Мұны істеген Жаратқан Иенің Өзі емес пе?!
Себебі біздер Жаратқан Иеге қарсы күнә жасай бердік. Ата-бабаларымыз да Оның жолымен жүргілері келмей, Таурат заңы мен тәліміне бағынбай қойды.
25Сондықтан Тәңір Ие оларға қайнаған қаһарын төгіп, сұрапыл соғыс жіберді. Бірақ олар Құдайдың лаулаған қаһарына ұшыраса да, соның себебін ұқпады! Тіпті жалыны жалмағанмен, олар мұны көңілдеріне түймеді!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.