Еремия 27 - Киелі кітап(QazBi2010)

Мойынтұрықтың мысалы

1Яһуда еліне Жосия ұлы Седекияхтың патшалық құрған алғашқы кезінде Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады.

2Сонда Жаратқан Ие маған мынаны айтты:

— Өзіңе қайыс пен сырықтан мойынтұрық жасап, мойныңа киіп ал.

3Сөйтіп Едом, Моаб, Аммон елдерінің және Тир мен Сидон қалаларының патшаларына олардың Иерусалимдегі Яһуда патшасы Седекияхқа жіберген елшілері арқылы Менің хабарымды жолда!

4Сол елшілерге қожайындарына арналған сөздерімді тапсыр: Сендер қожайындарыңа Менің хабарымды жеткізіп былай деңдер: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады:

5Мен ғаламат құдіретіммен және алға созған қолыммен әлемді әрі жер бетіндегі адамдар мен хайуандарды қоса жараттым. Оларды қалаған адамыма тапсырамын.

6Ал қазір Мен сендердің барлық елдеріңді Өзімнің еркімді іске асырушы Бабыл патшасы Набуходоносордың билігіне тапсырып отырмын. Мен тіпті даланың жабайы аңдарын да оған бағынышты етемін.

7Бабыл патшалығы мен патшасына сотталу уақыты жеткенге дейін, барлық халықтар оның өзіне, ұлы мен немересіне мойынсұнып қызмет ететін болады. Содан кейін Бабылдың өзі көптеген халықтар мен ұлы патшаларға бағынышты болады.

8Ал егер бір ұлт не бір патшалық Бабыл патшасы Набуходоносорға бағынып оның мойынтұрығын киюден бас тартса, Мен ондай ұлтты семсер, ашаршылық және індетпен жазалап, сол патшаның қолымен құртамын! — дейді Жаратқан Ие. —

9Сондықтан сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп болжайтын өз пайғамбарларыңа, бал ашушы, түс көруші не аруақ шақырушы сәуегейлерің мен сиқыршыларыңа сенбеңдер!

10Өйткені олар сендерге жалған пайғамбарлық сөз айтып, өз елдеріңнен алыс жаққа айдалып кетулеріңе түрткі болады. Сонда Мен сендерді елдеріңнен аластатып, басқа жаққа қуып, сендер сол жерде құрып кетесіңдер.

11Ал Бабыл патшасына бағынып, оның мойынтұрығын киген халықты Мен өз елінде қалдырамын. Олар сонда тұрып, жерін өңдеп өз күндерін көретін болады, — деп уәде етеді Жаратқан Ие.

12Мен Жаратқан Иенің осы хабарын Яһуда патшасы Седекияхқа да жеткізіп былай дедім:

— Бабыл патшасының мойынтұрығын киіп, оған және оның халқына бағыныңдар, сонда тірі қаласыңдар!

13Жаратқан Ие Бабыл патшасына бағынбаған кез келген халықты семсер, ашаршылық және індетпен қырамын деп ескертіп тұрғанда саған халқыңмен қоса қырылып не бар?

14Сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп жүрген пайғамбарларды тыңдамаңдар! Олар сендерге өтірік айтып жүр.

15Жаратқан Ие: Мен оларды жіберген жоқпын, — деп отыр. — Олар Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр! Сондықтан Мен сендерді елден аластатамын, солай өздерің де, сендерге болжамдарын айтып жүрген пайғамбарларың да құрисыңдар!

16Мұнан кейін мен қайтадан діни қызметкерлер мен бүкіл халыққа арнап былай дедім:

— Жаратқан Ие мынаны айтады: «Жаратқан Иенің киелі үйінен Бабылға әкетілген ыдыстар жақын арада кері қайтарылады» деп жүрген пайғамбарларға сенбеңдер! Олар сендерге өтірік хабар айтып жүр.

17Оларды тыңдамаңдар! Бабыл патшасына бағынып мойынсұныңдар! Сонда тірі қаласыңдар. Мына қала не үшін қирап жермен-жексен болып қиратылуға тиіс?

18Егер олар шынымен Жаратқан Ие жіберген пайғамбарлар болса, онда Әлемнің Иесіне: «Киелі үйде, Яһуда патшасының сарайы мен Иерусалим қаласында қалған құнды бұйымдар қалай болғанда да Бабылға әкетілмесе екен!» деп мінажат етіп сиынсын!

19Өйткені Әлемнің Иесі ғибадатханадағы екі қола бағана, оның ауласындағы «теңіз» деп аталатын дәу қола қазан, жылжымалы қола тұғырлар және киелі үйдің әлі де қалада қалған басқа да бұйымдары туралы хабарын жіберген болатын.

20Себебі Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты, Яһуда мен Иерусалимнің басшыларын Иерусалимнен Бабылға айдап әкеткенде ғибадатхананың көптеген бұйымдарын тонап алып кеткен болса да, кейбіреулері қалып қойған еді.

21Иә, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Өзінің киелі үйінде, Яһуда патшасының сарайында және Иерусалим қаласында қалып отырған құнды бұйымдар туралы мынаны айтады:

22Олар Бабылға әкетіледі, әрі Мен оларға қайтадан назар аударғанша сол жақта қала береді! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Ал содан соң Мен осы бұйымдарды өз орнына қайтарып алып келемін!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help