Нақыл сөздер 19 - Киелі кітап(QazBi2010)

1Жалған тілді наданнан гөрі

Адал жүрген жарлы игі.

2Білімсіз құлшыныс жаман болар,

Тым асыққан жолдан таяр.

3Өз ақымақтығы адамның жолын бұзар,

Ал жүрегінде ол Жаратқанға ашуланар.

4Байлық «достарды» молайтар,

Кедей бар досынан да айырылар.

5Жалған куә жазасыз қалмас,

Өтірік айтқыш құтыла алмас.

6Мырзаға жағынуға көп жұрт әуес,

Сый-тарту берушімен барлығы да «дос».

7Бар туысы кедей жанды жек көрер,

Ал достары солардан бетер одан безер,

Сөйлессем деп талпынғаны болар бекер.

8Парасатқа иемденуші өз жанын ұнатар,

Естілікке мән беруші игілік табар.

9Жалған куә жазасыз қалмас,

Өтірік айтқыш тірі қалмас.

10Наданға салтанатты өмір сүру жараспас,

Малайға бастықтарды билеу одан бетер жараспас.

11Даналығы адамға сабыр сыйлар,

Қатені кешіру оған құрмет болар.

Өсиетті сақтаған өмірін сақтар

12Патшаның ашуы — ақырған арыстандай,

Ал ризалығы — шөптің ғанибет шығындай.

13Ақылсыз бала әкесінің күйреуі болар,

Ұрысқақ әйел аққан тамшыдай жүйкені жұқартар.

14Үй мен мал-мүлкің — мұраң әке-шешеңнен,

Ал ақылды әйелің — сыйың Жаратқан Иеңнен.

15Жалқауды ұйқы басар,

Енжардың қарны ашар.

16Өсиетті сақтаған өмірін сақтар,

Жолына ден қоймаған ажалға ұшырар.

17Жарлыны қамқорлаған — Жаратқанға қарыз бергені,

Игі ісінің сауабын Жаратқан қайтып береді.

18Балаңды жөнге сал үміт барда,

Өмірінің күйреуіне кінәлі болма.

19Ашушаң жан лайықты жазасын тартсын,

Аясаң, тағы жазалауға мәжбүр боларсың.

20Ақылды тыңдап, нақылға бағын,

Алдағы кезде дана боларсың.

21Жүрегінде адам көптеген жоспар құрар,

Ал Жаратқанның ұйғарымы жүзеге асар.

22Адамның ұнамдылығы — берік мейірімі,

Өтірікшіден гөрі жарлы болғаны игі.

23Жаратқанды қастерлеу шын өмірге бастар,

Жаныңа тыныштық сыйлап, пәледен қорғар.

24Жалқау қолын табаққа салар,

Ал аузына апаруға жалығар.

25Мазақшылды жазаласаң, аңғырт жан да ұғынар,

Естіге тек ескертсең, ол содан сабақ алар.

26Әкесін тонап, шешесін қуған ұл —

Ар-ұждансыз, жексұрын бұл.

27Балам, тәлімді тыңдауды тоқтатқаның —

Білімді сөзден бас тартқаның.

28Жалған куәгер әділ сотты мазақтар,

Зұлымдар аузымен жамандықты жалмар.

29Мазақшыл адамға үкімі даяр,

Қыңыр ақымаққа жазасы даяр.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help