Матай 24 - Киелі кітап(QazBi2010)

Ғибадатхананың қиратылуы әрі осы заманның ақыры

1Иса ғибадатханадан шығып кетіп бара жатқанда, шәкірттері қасына келіп, ғибадатхананың сәулетті ғимараттарына нұсқады.

2Бірақ Иса оларға:

— Мынаның бәрін көріп тұрсыңдар ғой? Сендерге шындығын айтамын: бұлардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды.

3Кейінірек Иса Зәйтүн тауының басында отырғанда, бірнеше шәкірті оңашада қасына келіп:

— Бізге айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің қайта келуіңіз бен ақырзаманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек? — деп сұрады.

4Иса былай деп жауап берді:

— Сақ болыңдар, ешкім сендерді алдап, теріс жолға түсірмесін!

5Себебі көп адамдар Менің атымды жамылып келіп: «Құтқарушы Мәсіх Менмін!» деп, көпшілікті алдап азғыратын болады.

6Сендер жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы еститін боласыңдар. Сонда абайлаңдар, зәрелерің ұшпасын. Олар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры әлі де бұл емес.

7Себебі ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлі жерлерде ашаршылық (пен індеттер) және жер сілкіністер болады.

8Бұлардың бәрі тек жаңа дәуір туар алдындағы «толғақтың» бастапқы азабы іспетті ғана.Сенушілердің қудалануы, ал Ізгі хабардың бар әлемге жеткізілуі

9Сол кезде жұрт сендерді азаптап, өлтіру үшін ұстап береді. Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады.

10Сонда көбі сенімдерінен танып, өзара опасыздық жасап, бір-бірін жек көреді.

11Талай жалған пайғамбарлар халық алдына шығып, көптеген адамдарды алдап, азғыратын болады.

12Әділетсіздік тым көбейіп кеткендіктен көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді.

13Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады.

14Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар күллі әлемге уағыздалмақ. Осылай ол барлық халықтарға мәлім болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді.

15Ендеше, бір кезде сендер, Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, киелі үйді арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенің сол қасиетті орында тұрғанын көретін боласыңдар. — Мұны оқып отырған әркім мәнісін ұғып алсын! —

16Сонда Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын!

17Кім үйінің жалпақ төбесінде отырса, сол бір нәрсесін алуға үйге кірместен, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып кетсін!

18Кім далада жүрсе, ол да шапанын алуға үйіне қайтып бармастан, бірден қашып құтылсын!

19Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады!

20Қашатын кездерің қыс мезгіліне немесе діни демалыс күніне тура келмесін деп Құдайдан сұраңдар.

21Себебі сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседі.

22Егер де Жаратқан Ие бұл күндердің санын қысқартпағанда, ешбір жан құтқарыла алмас еді. Бірақ Ол Өзінің таңдап алған адамдарына бола сол кезеңді қысқартып қойған.

Алдамшылардан сақтанып, Менің қайта оралуымды күтіңдер!

23Сол кезде біреу сендерге: «Міне, Мәсіх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар!

24Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін ғаламат кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады.

25Байқаңдар! Мен сендерге мұны алдын ала айтып тұрмын.

26Сондықтан, сендерге: «Қараңдар, Ол айдалада жүр!» десе, шықпаңдар! Немесе: «Ол ішкі бөлмелерде!» десе де, иланбаңдар!

27Себебі найзағайдың шығыстан басталып, батысқа дейін жарқырайтыны сияқты, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келуім де (аяқ астынан және ап-айқын) болады.

28«Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар» делінген емес пе.Мәсіхтің көктен қайтып келуіне үнемі дайын болу қажет

29Бұл қиын-қыстау кезеңнен кейін дереу «күнді қараңғылық басып, ай да жарқырамайтын болады. Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады!»

30Сол уақытта Менің Билеуші ретінде қайтып келуімнің ғажайып белгісі аспаннан көрінетін болады. Сонда жер бетіндегі барлық ұлттар үрейленіп, еңіреп жылайды. Олар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бұлттардың үстінде көктен келе жатқанымды көреді.

31Мен кернейдің зор үнімен періштелерімді жіберіп, олар аспанның о шетінен бұ шетіне дейін, дүниенің төрт бұрышынан Менің таңдап алған адамдарымды жинап әкелетін болады.

32Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер.

33Сол сияқты, сендер осы оқиғаларды көргенде Менің таяп есік алдына келіп қалғанымды білетін боласыңдар.

34Сендерге шындығын айтамын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады.

35Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды.

36Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатыны не адам баласына, не көктегі періштелерге, не Құдайдың рухани Ұлына емес, жалғыз көктегі Әкеге ғана белгілі.

37Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады:

38топан судан бұрын, Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді.

39Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша, олар ештеңені ұқпады. Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезде де осылай болады!

40Сол сәтте періштелер егіндікте жүрген екі адамның біреуін қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді.

41Олар бірге қол диірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді.

42Сондықтан сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер!

43Мынаны еске алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде түсетінін білетін болса, онда ол ұйықтамай, сергек болып, ұрының бұзып кіруіне жол бермес еді.

44Сол сияқты, сендер де дайын болыңдар! Өйткені сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін!Адал және опасыз қызметшілер туралы мысал

45(Иса сөзін одан әрі жалғастырып былай деді:)

— Адал да саналы қызметшідей болыңдар! Қожайыны бір қызметшісін үйіндегі өзге малайларының үстінен қарап, ас-суларын уақтылы беруге тағайындады.

46Қожайыны қайтып келгенде оның өз міндетін атқарып жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты!

47Сендерге шын айтамын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ.

48Ал егер әлгі қызметші жаман болып, іштей: «Қожайыным жуырда келе қоймас» деп,

49өзге малайларды ұрып-соғып, маскүнемдермен бірге ішіп-жеп думандатса,

50онда қожайыны күтпеген күні, ойламаған сәтте келіп,

51оны аяусыз жазалап, екі жүзділердің кебінін кигізеді. Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help