1Содан кейін Әйүп сөзге келді. Өзінің туған күні еш болмаған болса екен деп қатты наразыланып,
2дауыстап былай деді:
3— Мен дүниеге келген күн әрі анамның бойына бала біткен түн еш болмаған болса ғой!
4Сол күн түнекке айналса екен! Оны заңғар көктегі Құдай іздемей, ұмытса екен! Ешбір жарық оған сәулесін шашпаса, шіркін!
5Сол күнді тас түнек пен қою қараңғылық басып алғанда ғой! Оның үстін қою бұлт қаптап, күндіз жапқан қара түнек оны үрейлендірсін!
6Иә, сол түнді қою қараңғылық қармап алсын! Ол жыл күндерінің есебінде болып қуанбасын, әрі айлардың қатарынан еш табылмасын!
7Сол түні бір әйелдің бойына бала бітпегенде ғой! Онда ешбір шаттық үні естілмеген болса, шіркін!
8Күндерді сиқырлай алатындар, тіпті қолтырауынды арбап орнынан жылжыта алатындар осы түнді қарғаған болса екен!
9Оның таңғы жұлдыздарын түнек басса ғой! Жұрт таңғы жарықты аңсай күткенмен, сол ешқашан да төгілмегенде ғой! Сол түн таң шапағын көре алмаған болса, шіркін!
10Өйткені ол анамның құрсағын жаппады. Жапса мына азап пен қасіретті көрмес едім.
11Не болмаса, туған кезде-ақ неге құрымадым екен? Құрсақтан шығып жатқанда-ақ неге өліп қалмадым екен?
12Мені қабылдап алған тізе, мені емізген төс неге ғана болды екен?
13Солар болмағанда қазір мазам кетпей, тыныш жатар едім! Ұйықтай беріп, тыным табар едім.
14Онда патшалармен, олардың кеңесшілерімен бірге жатар едім. Тірі кездерінде олар қиратылған ежелгі сарайларды өздеріне қайта тұрғызып алған болатын.
15Я болмаса, алтынға бай әміршілермен және сарайларын күміспен толтырғандармен бірге тынығар едім.
16Немесе, неге ғана өлі туып, дүниенің жарығын көрмей кеткен нәресте сияқты көрге көмілмедім екен?
17Себебі о дүниеде зұлымдар қоқан-лоқы жасауларын доғарған, әрі шаршап-шалдыққандар тыным тапқан.
18Тұтқындар да тыныштықтың рақатын бірге көреді. Олар өздерін аяусыз жұмысқа салған бақылаушылардың дауыстарын енді қайтып естімейді.
19Үлкені де, кішісі де сол жерде. Құл енді қожайынынан азат.
20Ендеше азап шегіп жүргенге нұр, жаны қиналып жатқанға өмір неге ғана беріледі екен?
21Мұндайлар ажалды зарыға күтеді, оны көмілген қазынадан бетер іздейді, әйтсе де ажал оларға жоламайды.
22Егер өліп, қабірге қойылған болса, олар қуанышқа кенеліп, шаттанар еді.
23Сонымен Құдай айналасын қиындықтармен қоршап, жолын жауып тастаған адамға өмір не үшін беріледі екен?
24Себебі нан жеудің орнына күрсінудемін, ыңқылым ағынды судай тоқтаусыз.
25Неден үрейлене қорықсам, соған тап болдым, қауіптенгендерім жүзеге асты.
26Маған тыныштық та жоқ, тыным да жоқ. Тынығудың орнына басыма аласапыран күн туды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
