Аян 22 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Бұдан соң періште маған Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алып, өзен болып аққан тап-таза, кристалдай жалтыраған өмір суын көрсетті,

2өзен көшелердің ортасымен ағып жатты. Өзеннің екі жағасында он екі ай бойы жеміс беретін өмір ағаштары өсіп тұрды. Ағаштар әр ай сайын, жылына он екі рет жеміс береді, ағаштың жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған.

3Бұдан былай ол жерде ешқандай қарғыс болмайды. Қалада Құдай мен Тоқтының тағы орын алады, Оның құлдары Оған қызмет етіп,

4Оның бет-жүзін жақыннан көре алатын болады, Ол Өзінің есімін олардың маңдайларына жазып қояды.

5Енді бұдан былай түн болмайды, оларға күннің де жарығы қажет емес, Жаратушы Құдайдың Өзі оларға жарық болады, олар Құдаймен бірге мәңгілікке патшалық құрады.

6Сонда періште маған былай деді: -Бұл -нақты сеніммен әрі шындықпен айтылған сөздер. Сондықтан Өзінің рухын пайғамбарларға дарытқан Жаратушы Құдай Ие періштесін өзінің құлдарына жіберіп, жақын арада не болатынын оларға осылай көрсетіп тұр.

7-Міне, Мен жуық арада келемін! Осы кітапқа жазылған пайғамбарлық сөзді сақтап, оны орындайтын адам бақытты! -дейді Жаратақан Ие.

8Мен, Жохан, осылардың бәрін өз көзіммен көрдім және естідім. Бәрін естіп, бәрін көріп болған соң, осыларды маған көрсеткен әлгі періштеге басымды иіп, оның аяғына жығылдым.

9Сонда ол маған: -Абай бол! Сен маған табынба! Мен де -сен сияқты, сенің бауырларың мен пайғамбарлар сияқты осы кітаптағы сөзді сақтап, орындап жүрген құлмын. Сен маған емес, Құдайға ғана бас иіп, Оған ғана табын! -деді.

10Осыдан кейін ол маған: -Осы кітапқа жазылған пайғамбарлық сөздерге мөр басып, жауып тастама, себебі уақыт жақындап қалды.

11Кім әділетсіздік жасаса, сол әділетсіздігін жалғастырып, жасай берсін. Кім лас өмір сүрген болса, сол лас өмірін жалғастыра берсін. Ал әділдер әділ істерін жасай берсін, киелілер одан әрі киелі бола берсін.

12-Міне, Мен жуық арада келемін! Сол кезде Мен әркімге беретін сыйымды Өзіммен бірге ала келіп, әркімнің ісіне сай беретін боламын.

13Мен -Альфа және Омегамын, ең алғашқы да, ақырғы да - Менмін, Басы да, аяғы да - Мен.

14Киімдерін жуып-шайып, таза ұстайтындар бақытты, сонда Мен оларға өмір ағашының жемісінен жегіземін және олар қалаға қақпа арқылы кіретін (құқыққа ие) болады.

15Ал «арсыз иттер» мен сиқыршылар, азғындар мен кісі өлтірушілер, пұтқа табынушылар мен өтірік айтатын суайттар қаланың сыртында қалады.

16Мен, Иса, осы куәліктерді қауымдарға айтып жеткізу үшін, Өзімнің періштемді жіберіп отырмын. Менің тамырым -Дәуітте, Мен -Дуәіттің Ұрпағымын және Мен -Таңғы жарық Жұлдызбын.

17Құдайдың Рухы мен қалыңдық Исаға: -Кел! -дейді. Мені тыңдап тұрған әркім: -Кел! -деп айтсын. Шөлдеп жүргендер Маған келсін! Кім өмір суын алғысы келсе, Менен тегін алсын!

18Мен осы кітаптағы пайғамбарлық сөзді естіген әркімге ескертемін: егер де кімде-кім осы айтылғандарға бір нәрсе қосатын болса, онда Құдай осы кітапта жазылған қасіреттің бәрін оған қосып береді.

19Егер кімде-кім осы айтылған пайғамбарлық сөзден бір нәрсе алып тастайтын болса, Құдай да киелі қалада өсіп тұрған өмір ағашынан алатын үлесін оны одан алып тастайды.

20Бұл туралы куәлік Беруші былай дейді: -Иә, Мен жуық арада келемін! Аумин! Жаратқан Ие Иса, тезірек келе гөр!

21Исаның рақымы бәрімен бірге бола берсін! Аумин!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help