Аян 17 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Содан кейін тостаған ұстаған жеті періштенің біреуі жақындап келіп, мені сөзге тартып: -Жүр, мен саған көптеген судың үстіне отырып алып, азғындықпен айналысқан (белгілі жезөкше) әйелге қандай үкім шығарылғанын көрсетейін.

2Жердегі патшалар оның жетегіне еріп, азғындыққа берілді, жер бетіндегі тұрғындар оның азғындық шарабынан ішіп, мас болды, - деді.

3Ол мені Рухтың жетелеуімен айдалаға (шөл далаға) алып барды, сонда мен жеті басы мен он мүйізі бар, үсті-басы Құдайды қорлайтын сөздерге толы, қызыл түсті хайуанның үстінде отырған әйелді көрдім.

4Сол әйел бастан-аяқ күлгін және ашық қызыл түсті киінген, алтын мен қымбат тастардан және інжуден жасалған әшекейлер тағынған. Оның қолында өзінің жексұрын қылықтары мен азғындық лас іс-әрекеттеріне толы алтын тостаған болды.

5Оның маңдайында жасырын мағынасы бар мынадай есім жазулы тұрды: Ұлы Бабыл -жер бетіндегі (жезөкшелердің) азғындық пен жексұрындықтың анасы.

6Сол кезде мен әлгі әйелдің Құдайдың киелі халқы мен Исаның куәгерлерінің қанына мас екенін көрдім. Мен осыны көргенде, қатты таңғалдым.

7Періште маған былай деді: -Неге таңғалдың? Мен саған сол әйелдің құпиясын, оны үстінен түсірмей алып жүрген жеті басты, он мүйізді хайуан туралы айтып берейін.

8Сен көрген хайуан бір кездері болған, қазір ол жоқ. Алайда ол түпсіз тұңғиықтан шығуға дайындалып жатыр, бірақ ақырында құритын болады. Осы әлем жаратылғаннан бері есімдері Өмір кітабына есімдері жазылмаған жердің тұрғындары әлгі хайуанның болғанын, оның жоқ болып кетіп, енді қайтадан пайда болғанын көргенде, таңғалатын болады.

9Ал мұны түсіну үшін, даналық қажет. Әлгі әйел отырған хайуанның жеті басы-жеті тау, яғни, жеті патшалықтың жеті патшасын бейнелейді. Олардың

10бесеуі құлады, тек біреуі ғана қалды, ал біреуінің уақыты әлі жеткен жоқ, ол сәлден кейін келеді, келген кездің өзінде оның патшалығы ұзаққа созылмайды.

11Ал бірде бар, бірде жоқ хайуан ол-сегізінші патша, ол -сол жеті патшаның бірі, бірақ оның уқыты өтіп барады, сондықтан ол құрып кетеді.

12Енді өзің көрген он мүйізге келсек, олар әлі өзінің патшалығын алмаған, болашақта келетін он патшаны білдіреді. Алайда олар патша болған кезде, әрқайсысы хайуанмен бірігіп, бір - бір сағаттан билік ететін болады.

13Өйткені олардың алға қойған мақсаты бірдей, сондықтан олар өздерінің күшін де, өздерінің билігін де сол хайуанға береді.

14Сонда олар Тоқтыға қарсы шығып, Онымен соғысады, ал Тоқты оларды жеңіп шығып, жеңіске жетеді, өйткені Ол-иелердің Иесі, патшалардың Патшасы, сондықтан шақырылғандар мен таңдалғандар, Оған адал болғандар Онымен бірге болады.

15Осыдан кейін періште маған: -Сен көптеген суды, оның үстінде отырған азғын әйелді көрдің, -деді, -әлемде қаншама халықтар мен рулар, әр тілде сөйлейтін ұлттар бар, әйел отырған көп су соны білдіреді.

16Сен көрген он мүйіз бен хайуанның өзі де сол азғын әйелді жеккөреді. Сондықтан олар сол әйелдің күлпаршасын шығарып, тыр жалаңаш күйге түсіреді де, сосын оның денесін жеп, қалғанын отқа өртейді.

17Себебі Құдай (он мүйізге) олардың жүректеріне Құдайдың еркін орындайтын қалау берді, Құдайдың сөзі толық орындалып болғанша, олар өз биліктерін хайуанға беруге тиіс болады.

18Ал сен көрген әйел жер бетіндегі патшалардың үстінен патшалық құрып, оларға билігін жүргізген ұлы қаланы бейнелейді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help