1Иса Мәсіхтің шақыруымен Құдайдың еркіне сай елші болған Пауыл мен бауырымыз Состеннен
2Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына, яки, өздерін Иса Мәсіхке бағыштап, киелі болуға шақырылғандарға және қай жерде болмасын барлығымен бірге тұрып, Иеміздің атын атап шақыратындарға
3біздің Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіхтің рақымын, бейбіт тыныштығын тілейміз.
4Құдай рақымының сендерге Иса Мәсіх арқылы берілгені үшін, әрқашан Оған алғысымды білдіремін,
5өйткені Ол туралы айтылған әрбір сөз, әрбір берілген білім сендерді барлық жағынан байытып,
6Мәсіх туралы куәліктің растығын дәлелдеп нығайтты.
7Алайда Мәсіхтің әлі де ашылуын күтіп отырған сендер сыйға берілетін дарынның ешқайсысына мұқтаж емесіңдер.
8Біздің Иеміз Иса Мәсіхтің келетін күніне дейін мүлтіксіз болуларың үшін, Ол ақырына дейін сендерді шындықпен бекітіп, нығайтады.
9Құдай қашан да адал, сондықтан Ол Өзінің Ұлы әрі біздің Иеміз Иса Мәсіх арқылы сендерді қарым -қатынасқа шақырады.
10Бауырластарым, біздің Иеміз Иса Мәсіхтің атынан сендерден өтініп сұрайтыным бір-ақ нәрсе: араларыңда бөліну болмасын! Бәрің бір ой, бір пікірді ұстаныңдар және соны қалыптастырыңдар.
11Бауырластарым менің, Хлойдың үйіне келіп жүргендерден сендердің араларыңда араздықтың бар екені маған белгілі болды.
12Бұлай дейтін себебім әркім бөлініп, біреуі «мен Пауылдікімін» десе, біреуі «мен Аполлостікімін», ал тағы біреуі «мен Кифанікімін», енді біреуі «мен Мәсіхтікімін» деп айтып жүр екен.
13Ал Мәсіх бөлінді ме? Әлде сендер үшін айқышқа шегеленген Пауыл ма еді? Немесе сендер суға батырылып шомылдырудан Пауылдың атымен өттіңдер ме?
14Криспа мен Гайдан басқа ешкімді де суға батырып шомылдырудан өткізбегенім үшін Құдайға мен алғысымды айтамын.
15Сондықтан ешкім де менің атымнан суға батырылып шомылдырудан өттім деп айта алмайды.
16Сонымен қатар, мен тек Стефан мен оның үйіндегілерді ғана суға батырып шомылдырудан өткіздім, ал бұдан басқа кімді шомылдырудан өткізгенім есімде жоқ.
17Мәсіх мені суға батырып шомылдырудан өткізу үшін емес, керісінше, Ізгі хабар жариялап, Мәсіхтің айқышының мән-мағынасын жойғысы келетін даналық сөздерді тоқтату үшін жіберді.
18Құрып кететіндер үшін айқыш туралы айтылатын сөздер ақымақтық болып саналса, ал құтқарылатын мына біздер үшін сол айқышта Құдайдың құдіретті күші жатыр.
19Жазбада: «Даналардың даналығын жойып, өзін данышпан санайтындардың ой-пікірі мен түсінігін жоққа шығарамын», - деп жазылған.
20Сол даналар қайда? Заңды зерттеуші оқымысты ғұламалар қайда кетті? Осы ғасырдың зерттеушілері қайда жүр? Құдай бұл әлемнің осы даналығын ақымақтық деп есептей ме?
21Ал Құдайдың Құдай екенін және Оның даналығын, осы әлемнің даналығы арқылы танып-білу мүмкін емес, сондықтан Құдай Өзінің сол «ақымақтық» деп санайтын уағыздары арқылы Өзіне сенгендерді құтқарып алуды қалады.
22Яһудейлер болса, кереметтер жасауды талап етеді, гректер даналық іздейді,
23ал біз айқышқа шегеленген Мәсіхті уағыздап, жариялаймыз, бұл яһудейлер үщін шалынып құлайтын кедергі (тас) сияқты болса, басқа ұлт өкілдері үшін бұл ақымақтық болып көрінеді.
24Өздерін шақырып алғандар үшін, мейлі, яһудейлер, мейлі, гректер болсын, Мәсіхте Құдайдың құдіретті күші мен Оның даналығы жатыр.
25Өйткені Құдайдың ақымақтығы болып көрінетін нәрселер адамдардың даналығынан анағұрлым жоғары, Құдайдың әлсіздігі болып көрінетіндер адамдікінен әлдеқайда күштірек.
26Сонымен, бауырластар, өздеріңнің не үшін шақырылғандарыңа көңіл аударыңдаршы. Адамның көзімен қарағанда, көбіңде даналық та, күш те жоқ, көпшілігіңнің мәртебең де жоғары болған емес.
27Алайда Құдай өзін данышпан санайтындарды ұятқа қалдыру үшін, осы әлемнің ақымақ деп санайтындарын таңдап алды. Күштіміз деп жүргендерді ұятқа қалдыру үшін, Құдай осы әлемнің әлсіздерін таңдап алды.
28Құдай осы әлемдегі атағы мен шені жоқ төмен және ешкім менсінбейтіндерді таңдап алды, ал маңыздымыз деп жүргендерді төмен түсірді,
29міне, сондықтан да Құдайдың алдында ешбір пенде мақтана алмайды.
30Ал сендер Құдайдан келген Мәсіхпен бірліктесіңдер, Иса Мәсіх-Құдайдың бізге берген даналығы мен әділдігі, киелісі, біздің құнымызды өтеуші.
31Сондықтан Жазбада: «Кім мақтанғысы келсе, тек Иеміздің атымен мақтансын», - деп жазылған.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.