Римдіктерге 12 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Сондықтан бауырластар, Құдайдың мейрімділігі арқылы өз денелеріңді тірі әрі киелі Құдайға ұнамды құрбандық етіп ұсыныңдар, сендердің саналы түрдегі қызметтерің осы болмақ.

2Бұл әлемнің қалауына сай өмір сүрмеңдер, керісінше, Құдайдың еркінің ізгі және игілікті, кемелді екенін таныпбілу үшін, ой-өрістеріңді өзгертіп, жаңартып отырыңдар.

3Сонымен, өзіме берілген рақымдылықтың көмегімен сендердің әрқайсысыларыңа айтарым: өздеріңді басқалардан жоғары қоятын ойға берілмей, керісінше, саналы болып, Құдайдың Өзі әрқайсысыңа өлшеп бөліп берген сеніміне сай жүріңдер.

4Өйткені денеміз біреу болғанымен, оның көптеген мүшелері бар, ал әрбір мүшенің өзіне тән әрекеті бар,

5сол секілді біз көп болсақ та, Мәіхте бәріміз көп мүшеден құралған бір дене боламыз, әрқайсысымыз бірбірімізге қажетті мүшеміз.

6Құдайдың рақымдылығымен бізге алуан түрлі сыйлар (дарындар) берілді, біреуге сеніміне сай пайғамбарлық дарын берілсе, соны атқарсын,

7енді біреуге басқаларға қызмет ету дарыны берілсе, сол қызметін атқарсын, егер біреуге тәлімгерлік дарын берілсе, тәлім берсін,

8ал егер де біреуге жұбатушылық дарын берілген болса, ол сонысын атқарсын, ал кімде үлестірушілік дарыны болса, ол соны қарапайымдылықпен жүргізсін, ал кімде басшылық ету дарыны болса, ол соған бар ынтасын салсын, ал біреу қайырымдылық көрсетіп жүрсе, ол соны қуанышпен атқаратын болсын.

9Сүйіспеншілікте екіжүзділік болмайды. Сондықтан зұлымдықтан жиіркеніп, жақсылыққа жақын болыңдар,

10сөйтіп, бауырластар ретінде бір-біріңді жақсы көріңдер, бір-біріңді құрметтеп сыйлауға ұмтылыңдар.

11Ынталарыңды әлсіретпеңдер, Иемізге қызмет етуде рухтарың жалындап жана берсін.

12Үміттене қуаныңдар, азаптарға төзімді, мінәжаттарың тұрақты болсын.

13Киелі бауырластарыңның мұқтаждықтарына қамқорлық көрсетіп, қонақжайлылық танытыңдар.

14Сендерді қудалайтындарға бата беріңдер, оларды қарғамаңдар, жарылқаңдар.

15Қуанышқа ие болғандармен бірге қуаныңдар, жылағандармен бірге жылаңдар.

16Бір-біріңмен келісімде өмір сүріңдер. Өзін басқалардан жоғары қоятын ойдан аулақ жүріп, керісінше, кішіпейіл болыңдар. Өздеріңді ақылды санамаңдар.

17Біреудің өздеріңе қарсы жасаған зұлымдығына зұлымдықпен жауап қайтармаңдар, барлық адамдардың алдында жақсылық жасауға тырысыңдар.

18Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, адамдардың бәрімен тату болыңдар.

19Сүйікті бауырластарым, біреуден өздерің үшін кек алмаңдар. Егер сондай жағдай бола қалса, Құдайдың қаһарына тапсырыңдар, өйткені Жазбада: «Кек алуды Маған беріңдер, кекті Мен қайтарамын», -деп айтқан Иеміз.

20Сонымен: «Егер де сенің жауың аш болса, оған тамақ бер, егер шөлдеген болса, шөлін қандыр. Осылай істейтін болсаң, онда оттың шоғын оның басына жинайтын боласың». (Осылай істеуің арқылы оны ұялтасың, ол ұяттан өлетін болады.)

21Байқа, зұлымдықтан жеңіліп қалып жүрме, қайта, зұлымдықты жақсылық жасау арқылы жеңетін бол.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help