1Осыдан кейін мен көктегі бір есіктің ашық тұрғанып көрдім, сонда ең алғаш кернейдің үніндей болып естілген дауыс маған: -Жоғары көтеріліп, мына жерге кел, Мен саған осыдан кейін не болатынын көрсетемін, - деді.
2Сол сәтте мен бірден Рухқа бөленгенімді білдім. Сонда мен көкте тұрған бір тақты және сол тақта отырған Біреуді көрдім.
3Тақта Отырғанның бейнесі яспис пен сардис (сердолик) тастарына ұқсап, жарқырап тұрды, ал тақтың айналасын зүбәржатқа ұқсаған кемпірқосақ қоршап тұрды.
4Тақтың айналасында тағы да жиырма төрт тақ тұр, сол тақтарда аппақ киім мен бастарына алтыннан тәж киген жиырма төрт ақсақал отырды.
5Тақтан найзағай мен күннің күркіріне ұқсаған дыбыстар шығып жатты, тақтың алдында жеті алау жанып тұрды, бұл Құдайдың жеті Рухы болатын.
6Сонымен қатар, тақтың алдында кристалл секілді әйнектей жалтыраған теңіз орналасыпты. Ал дәл ортада, тақтың айналасында, алдында да, артында да көптеген көздері бар төрт жануар тұрды.
7Бірінші жануардың бейнесі арыстанға ұқсайды, екінші жануардың бейнесі өгізге, ал үшінші жануардың бейнесі адамның бет-әлпетіне ұқсайды, төртінші жануардың бейнесі қыран бүркітке ұқсас болды.
8Бір-біріне қарама-қарсы тұрған төрт жануардың әрқайсысында алты қанаттан болды, қанаттарының айналасында, ішкі жағында да көптеген көздер орналасыпты. Олар күні-түні: -Ол киелі, Ол киелі, Бәрін билеуші Құдай, Жаратқан Ие киелі, Ол әуел баста бар болатын, Ол қазір де бар, Ол болашақта да болады, Ол келеді! - деп тынбай сөйлеп тұрды.
9Әлгі жануарлар тақта Отырғанды даңққа бөлеп, мәңгілік өмір Сүретінге тағзым етіп, құрмет көрсеткен кезде,
10жиырма төрт ақсақал тақта Отырғанның алдына тізерлеп жығылып, ғасырдан ғасырға, мәңгі өмір Сүретінге тағзым етіп, тәждерін тақта Отырғанның алдына тастап:
11-Біздің Жаратушы Иеміз әрі біздің Құдайымыз даңқ пен құрметті, ұлы күшті қабылдауға лайықты, өйткені бәрін жаратқан Сенсің, бәрі Сенің еркіңмен жаратылған! -деп мадақтаумен болды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.