1Бауырластар, Македониядағы қауымдарға да Құдайдың рақымының түскені туралы біз сендердің білгендеріңді қалаймыз.
2Олар сынаққа түсіп, қаншама қысымшылық көрсе де, әрдайым қуанып жүретін, қу тақыр кедей болса да, олардың байлығы қарапайымдылық қасиеттерінде еді.
3Олар қолдарынан келгенше, өз еріктерімен барымен бөлісуге бар ынталарын салатынын, тіпті, қажет болса, шамаларынан тыс қайырымдылық жасайтындарына Мен куәлік бере аламын.
4Өйткені олар бізге өтініш жасап, Құдайдың адамдарына арналған осы бір қайырымдылық қызметіне қатысуды сұрады.
5Сөйтіп, олар біз күткен үміттен де асыра орындап, өздерінде барды, ең алдымен, Иемізге берді, сосын бізбен бөлісті.
6Сондықтан Тит бұл істі қалай бастаған болса, дәл солай қайырымдылық шарасын соңына дейін жеткізуді одан өтіндік.
7Сол секілді сендер де сенім мен шешен сөйлеуге және білімге ие болу үшін, барлық жағынан күш салдыңдар, өздеріңе біз берген сүйіспеншілікке бөленіп, молшылыққа ие болдыңдар, енді сендер де қайырымдылық ісіне араласып, игі істеріңді молынан атқара беріңдер.
8Мен мұны бұйрық ретінде айтып отырған жоқпын, керісінше, басқалардың осы іске күш салып жатқан ынталарына қарап, сендердің сүйіспеншіліктеріңнің қаншалықты шынайы екенін тексердім.
9Біздің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы туралы сендер білесіңдер. Ол бай болды, бірақ содан бас тартып, Ол кедейлікке түсті. Ол Өзінің кедейленуімен сендерді байытуды мақсат етті.
10Сондықтан менің беретін пайдалы кеңесім мынау: сендер тек осыны ғана жасап қоймай, сонымен қатар, өткен жылы бастаған істеріңді де қолға алыңдар.
11Неге ұмтылсаңдар да, мүмкіндік бар кезде толық соңына дейін жеткізіңдер.
12Ең басты ұмтылыстың (ниеттің) болғаны жақсы, сонда сендердің дарындарыңды бағалайтын Жаратқан Ие өздеріңде жоқпен емес, бар нәрселеріңмен бөліскендеріңді қалайды.
13Басқалардың ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргендерін, ал сендердің қиналып қалғандарыңды қаламаймын, сондықтан әрбір істе тепе-теңдік болуы қажет.
14Қазіргі кезде сендердегі молшылық олардың қажеттерін өтейтін болса, болашақта олардағы молшылық уақыты келгенде сендердің де мұқтаждықтарыңды қамтамасыз ететін болады, сонда тепе-теңдік орнайды.
15Жазбада: «Көп жинап алғаннан артылып қалған жоқ, ал аз жинап алғанға жетпей қалған жоқ», -деп қалай жазылса, соған сай болады.
16Осы бір қызметке деген қалауды Титтің жүрегіне салып қойған Құдайға алғыс айтамын.
17Ол менің айтқан өтінішімді қабылдап, бар ынта-жігерін соған аударды, сендермен бірге болғысы келетінін білдіріп, өз еркімен сендер жаққа кетті.
18Сонымен қатар, Ізгі хабарды таратуда барлық қауымдардан мақтау алған бір бауырымызды Титке қосып, сендерге жібердік.
19Оған тек біз ғана емес, көптеген қауым адамдары қол қойып, мінәжат етті, осы атқарылып жатқан қайырымдылық қызметі арқылы Иеміздің даңқы артып, біздің де жігерімізге жігер қоссын әрі жолсерік болсын деген оймен оны бірге қосып жібердік.
20Көпшілікке арналған бұл қызметті ұйымдастырғанда, біз басқа біреулердің алдында күлкіге қалмауымыз қажет,
21сол үшін біз жақсылықты тек Құдайдың алдында ғана емес, адамдардың алдында да жасауға тиіспіз.
22Олармен бірге көз алдымызда көптеген сынақтардан өткен, бірнеше рет бізге жігер берген және қазір де сол ниетін молынан көрсетіп жүрген әрі сендерді де жігерлендіреді деген үмітпен тағы бір бауырымызды өздеріңе табыстап отырмыз.
23Енді Титке келер болсам, ол мен атқарған қызметте бірге жүрген серіктесім әрі әріптесім болды, ал қалған екі бауырым туралы айтсам, олар-қауымдар бірігіп жіберіп отырған Мәсіхтің даңқын арттырушы елшілер.
24Сонымен, сендердің ендігі мақсаттарың-оларға деген сүйіспеншіліктеріңді көрсету және біздің мақтанышымыз болғандарыңды басқа қауымдардың алдында дәлелдеу.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.