Еврейлерге 12 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Сонымен, осындай куәгерлердің бізді жан-жақтан қаумалап, қалың ормандай қоршап тұрғанын байқадық, сондықтан әрқайсысымызды оп-оңай шырмап алатын, алға қарай жүгіруге кедергі жасайтын күнәдан бас тартып, алдымызда тұрған мақсатқа жету үшін, шыдамдылық танытайық.

2Сөйтіп, бүкіл сенімнің алғашқы қадамын Өзі бастап, соны аяғына дейін жеткізген Исаға назар аударайық. Ол Өзін күтіп тұрған қуаныштың орнына, айқыштағы қорлық пен азапқа төзіп, жеккөрушілікті басынан өткізіп, Ол Құдайдың оң жағындағы таққа барып отырды.

3Ол күнәкарлардың Өзіне көрсеткен азабынын бәріне шыдады, Ол бұған сендердің жандарыңның шаршап-шалдығып, әлсіремеуі үшін барғанын өздерің ойланып көріңдерші.

4Сендер күнәға қарсы тұрып, онымен қандарың төгілгенше күрескен жоқсыңдар.

5Сендер Оның өздеріңе: «Ұлым менің, Жаратқан Ие өзіңді тәрбиелеген кезде оған немқұрайды қарама, Ол сені әшкерелеген кезде жан дүниең әлсіреп, еңсең түспесін.

6Себебі Жаратушы Ие кімді жақсы көрсе, Ол түзетіп, тәрбиелеу үшін оны жазалайды, Ол кімді Өзінің ұлы ретінде қабылдаса, Ол соны қамшылап та алады», -деген жұбаныш ретінде айтылған сөзін ұмытып кеттіңдер.

7Ал жазалауға байланысты айтар болсақ, Құдай сендерге Өзінің ұлдарына қарағандай қарайды. Сондықтан Ол жазалайды, өз ұлын жазаламайтын әке бола ма, айтыңдаршы?

8Егер де сендер жазалаудың артында әркімге сабақ болатын жақсылықтың барына мән бермей, уақытымен жазаланбасаңдар, онда сендер Оның ұлы емес, некесіз туылған балалар секілді боласыңдар.

9Негізінде, табиғи ата-аналарымыз бізді тәрбиелегенде жазалайтын, олардың сол қолданған әрекеттері бізді ұятқа қалдырған жоқ. Ал мәңгілік өмірге ие болуымыз үшін, Көктегі Әкемізге одан бетер бас иіп, бағынғанымыз дұрыс емес пе?!

10Өйткені ата-аналарымыздың біраз уақыт бізге берген тәрбиесінің өзі біз үшін әлдеқайда жақсы болса да, Көктегі Әкеміздің тәрбиесі бізге одан да зор пайда әкелмек, өйткені Ол бізді Өзінің киелілігіне лайықты болу үшін тәрбиелейді.

11Әрине, әрбір тәрбиенің өзіндік жазасы бар, сондықтан ол ешкімге қуаныш әкелмейді, ол мұңға батырып, көңілге қаяу түсіреді. Дегенмен, соңында (жазалау арқылы үйренгендерден) бейбітшілік пен татулықтың жемісін көреміз, себебі осындай тәрбие бізді әділетті болуға жаттықтырады.

12Сондықтан салбырап қалған қолдарыңды жоғары көтеріп, әлсіреген тізелеріңді түзетіп, қалпына келтіріңдер.

13Аяғы ақсап жүргендер енді жарақат алмай (сүрінбей), сауығып кетсін десеңдер, тура жолмен жүріңдер.

14Барлық адамдармен тату болып, бейбітшіліктің, яки, киелі болудың жолын қуыңдар, егер солай істемейтін болсаңдар, онда ешкім де Иеміздің жүзін көре алмайды.

15Сол үшін қырағы болып, бір-біріңе көз қырларыңды салыңдар, сөйтіп, ешкім Құдайдың рақымынан тыс қалып қоймасын. Орталарыңнан қандай да бір ащы тамыр өсіп шығып, көпшілікті арамдап, сендерге кесірін тигізіп жүрмесін.

16Орталарыңда өзінің тұңғыштық құқығын бір аяқ көжеге сатып жіберген Есау сияқты азғын немесе әдепсіз біреу пайда болмасын.

17Өйткені сол қылығының кесірінен ол өзіне берілетін батаның мұрагері бола алмай, шетте қалып қойды, алайда көз жасын төгіп, ойын өзгертуге тырысса да, ештеңе істей алмады, өйткені ол өзінің тұңғыштық жолынан айрылып қалғанын өздерің білесіңдер.

18Ал сендер (исраилдіктер сияқты) қол тигізуге болатын заттың қасына немесе лаулап жанған оттың жанына, не қара түнекке, не сұрапыл дауылға,

19не болмаса бір кернейдің даусына, не дауыстап айтылған сөзге, сол сөздер айтылмасын деп жалбарынған дауыстар шыққан жердің маңына жақындаған жоқсыңдар.

20Адамдар болса, Құдайдың: «Егер де мына тауға қандай да бір жануар аяғын тигізетін болса, соны таспен атқылаңдар!» -деген бұйрығын орындауға да батылдары жетпеді.

21Әуелі Мұсаның өзі де сол кезде: «Мен қорыққанымнан қалшылдап тұрмын», - деген болатын.

22Сендер Сион тауына әрі тірі Құдайдың мекеніне, Оның көптеген періштелерінің жиналатын жері Көктегі Иерусалимге келдіңдер!

23Көктегі Кітапқа алғашқы болып жазылғандардың қауымына әрі барлығын соттай алатын Құдайға, кемелділікке жеткен әділдердің рухтарына

24және екі жақты Жаңа келісім арқылы татуластыру үшін, Әбілдің қанынан да қымбат Өзінің қанын төккен Исаға жақындадыңдар.

25Сондықтан сақ болыңдар, Ол сөйлеген кезде Оны тыңдамай теріс айналып кетпеңдер. Кезінде осы әлемдегілерге Ол сөйлеген кезде, адамдар Оны тыңдамай, теріс айналып кеткен болатын, сол үшін олар өздерінің жазасын алған, Оның көктен шыққан даусын естігі келмейтіндерді, Оны тыңдамайтындарды одан да үлкен жаза күтіп тұр.

26Себебі Құдай ең алғаш сөйлеген кезде, Оның даусынан жер қозғалды, қазіргі кезеңге Ол мынадай уәде беріп отыр: «Мен енді жерді ғана емес, көкті де қозғалтамын».

27Оның осы әлемді «тағы да қозғалтамын» деген сөзінен бұл ғаламның орнынан қозғалып, жоқ болатынын, ал оның орнына қозғалмайтын әлем пайда болатынын түсінуге болады.

28Ол бізді сол қозғалмайтын Патшалықтың қол астына кіргізді, сол үшін біз Құдайға алғыс айтып, бар ризашылығымызды Құдайға арнап, Одан қорқып, Оны қастерлеу арқылы Оған қызмет етейік,

29өйткені біздің Құдай Ол жалмап қоятын от секілді, Ол бәрін өртеп жібереді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help