1Сенім дегеніміз -көзге көрінбейтін нәрсені үмітпен күтіп алуға болатын берік негіз.
2Өйткені бізден бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың өмірінен орын алған куәліктер бұған дәлел.
3Біз санамызбен Құдайдың осы әлемді сөзбен жаратқанына сенеміз, себебі Ол көзге көрінбейтін нәрседен көрінетінді жаратты.
4Әбіл Қабылға қарағанда, Құдайға сенгендіктен, ең жақсысын Оған құрбандыққа берді. Осы іс-әрекеті оның әділдігін дәлелдеді, сондықтан Құдай оның сыйын қабыл алды, оның бұл әрекеті ол өлгеннен кейін де куәлік болып қалды.
5Сеніммен өмір сүрген Енох өлімді көрген жоқ, өйткені Құдай оны жер бетінен Өзімен бірге алып кетті. Өйткені ол сол уақытқа дейін Құдайға ұнамды өмір сүрді, оны іздегендер еш жерден таба алмады, бұл да үлкен куәлік болды.
6Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес. Кім Құдайға жақындағысы келсе, сол сеніммен Құдайды бар деп қабылдауы тиіс, ал кім Құдайды іздейтін болса, Ол соған лайықты сыйын береді.
7Құдайдан аян алғаннан кейін Нұқ та көзге көрінбейтін болашаққа сеніп, Құдайды аса құрметтейтінін көрсетті, сөйтіп, ол өз отбасын құтқарып қалу үшін кеме құрастырып, жасап шықты. Оның бұл іс-әрекеті арқылы осы әлем сотталды, ал ол өзінің сеніміне сай әділдіктің мұрагері атанды.
8Ыбырайым да Құдай өзін шақырған кезде сеніммен Оған мойынұсынды, өз ортасынан бөлініп, өзіне уәде етілген жерге барып, мұрагер болу үшін, қай жаққа бара жатқанын білмесе де, жолға шықты.
9Ол сеніммен өзіне уәде етілген жерге барды, сол жақта орын теуіп, жатжерлік болып өмір сүрді, ол сол уәденің болашақ мұрагерлері болған Ысқақ және Жақыппен бірге шатырда тұрып жатты.
10Өйткені ол сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың Өзі тұрғызатын қалалардың іргетасының сол жерден қалануын күтті.
11Сара да бала көтеретін жастан асып кетсе де, Құдайдың берген уәдесіне сенді, содан күш алып, жасына да қарамай, балалы болып, ұрпақ өсіретін мүмкіндік алды, өйткені ол Құдай Өзінің берген уәдесіне адал екенін есінде ұстады.
12Сондықтан сол бір тәні өлуге шақ қалған адамнан туылған ұрпақтан аспандағы жұлдыздардай сансыз, теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай көп ұрпақ дүниеге келді.
13Міне, осы адамдардың барлығы сеніммен өмір сүріп, берілген уәдеге де жете алмай, соңында дүниеден өтті. Өйткені олар сол уәденің әлі де алыста екенін көрді, алайда болашақта бәрібір оның өздеріне қайтып келетінін қуанышпен қабылдап, осы әлемде тек жатжерлік екендерін ашық мойындады.
14Кімде-кім өзін осылай атайтын болса, сол өзінің шынайы Отанын іздеп жүрген жатжерлік екенін көрсетеді.
15Егер де олар өздері тастап шыққан отандарын естерінен шығармайтын болса, онда уақыты келгенде, олардың сол жаққа қайтып баратын мүмкіндіктері болар еді.
16Қазір олар сол керемет, ең жақсы жерге, көкке, ұмтылуда. Сол үшін Құдай олардың Құдайы болудан еш ұялмайды, ал олар Оны біздің Құдайымыз деп атайды, өйткені Құдай олар тұратын қаланы сол көкте тұрғызып қойды.
17Ыбырайымның сенімі сыналған кезде де, Құдайдың уәдесі арқылы өзіне берілген жалғыз ұлы Ысқақты сеніммен құрбандыққа шалуға дайын болды,
18Құдай оған: «Сенің ұрпағың Ысқақ арқылы өсіп-өніп көбейеді», - деп айтқан болатын.
19Сол кезде Ыбырайым Құдай Өзінің құдіретті күшімен өлгенді де өлімнен қайта тірілтіп алады деген ойды есінен шығармады, сондықтан ол Құдайдан осыны дәлелдейтін белгіні алды.
20Ысқақ та сеніммен Жақып пен Есаудың болашағына бата беріп, оларға жарылқау сөздерін айтып жеткізді.
21Жақып та өлер алдында сеніммен Жүсіптің балаларына бата беріп, оларды жарылқап, одан кейін асатаяғының басына сүйеніп, Құдайға құрмет көрсетіп, басын төмен иді.
22Жүсіп те өмірінің соңында сеніммен Исраилдің ұлдарына олардың Мысыр жерінен шығатын уақыттың келетінін алдына ала айтып, естеріне салып отырды және сол уақыт келгенде, денесін қалдырмай, өздерімен бірге алып шығуды оларға бұйырды.
23Мұса дүниеге келген кезде, ата-анасы оны үш ай бойы жасырып ұстады, өйткені олар баланың бет-жүзінде өте бір ерекше әдемі қасиеттің бар екенін көрді, сол үшін олар патшаның шығарған жарлығынан да қорыққан жоқ.
24Мұса есейіп, ержеткен кезде, Мысыр патшасы қызының ұлы атанудан сеніммен бас тартты.
25Уақытша ләззат іздеп, күнәнің жетегінде болудан гөрі, Құдай халқының басына түскен азапты ауыртпалықты олармен бірге көргенін жөн санады.
26Сондықтан ол Мысырдың шексіз байлығының орнына Мәсіхтің көрген азаптарын бәрінен жоғары қойды, себебі ол бар назарын Одан алатын сыйға аударды.
27Мұса патшаның қаһарынан қорықпай, сеніммен Мысырды тастап кетті, өйткені ол көзге көрінбейтін болашаққа көзі жетіп тұрғандай қарап, табанды тұрды.
28Мұса Құрбандық мейрамын өткізген кезде, (исраилдіктерге құрбандық шалуды бұйырды) құртып-жоюшы періште келіп, Исраилдің тұңғыштарын өлтірмесін деген оймен есік жақтауларына сеніммен қан жаққызып, оларды өлімнен аман сақтап қалды.
29Олар Қызыл теңіздің ортасында пайда болған құрғақ жер арқылы сеніммен арғы бетке өтіп кетті, оларды сол жерде басып алмақ болған мысырлықтарды су жалмап, теңіз түбіне батып кетті.
30Исраилдіктер сеніммен қатарынан жеті күн қаланы айналып жүргенде, Иерихон қабырғалары құлады.
31Жеңіл жүрісті әйел атанған Рахаб та исраилдік барлаушыларды сеніммен үйіне бейбіт жолмен қабылдап, Құдайға мойынұсынбайтын ұлттардың өкілдерімен бірге құрып кетпей, тірі қалды.
32Тағы кім туралы айтайын? Мен егер де Гедеон, Барақ, Самсон, Ефтах, Дәуіт, Самуил туралы және олардан басқа пайғамбарлар туралы айтатын болсам, оның бәріне менің уақытым жетпес еді.
33Олар өздерінің сенімдері арқылы патшалықтарды бағындырып, әділдік орнатып, уәдеге қол жеткізіп, арыстанның аузына бұғау салып,
34жалыны күшті отты өшіріп, семсердің жүзінен аман қалып, әлсіреген кезде сенімдерінен күш алып, шайқаста темірдей шыңдалып, жау әскерін қуып шықты.
35Әйелдер өлгендердің тірілгеніне сеніммен куәгер болып, оларды өмірге қайта қабылдады. Басқалары соққыға жығылып, қайта тірілудің кереметін көру үшін, бостандықтан да бас тартты.
36Енді біреулері мазаққа ұшырап, қамшымен дүреленіп, аяқ-қолына бұғау салынып, түрмеге жабылды.
37Олардың кейбіреулерін таспен атқыласа, енді біреулерінің денесін арамен кесіп, екіге бөлді, тағы біреуін семсермен шауып өлтірсе, басқалары жетіспеушілік пен таршылық көріп, қой мен ешкінің терісін жамылып, көп қиыншылықты бастарынан өткізді.
38Қысқасы, осы әлемге лайықты болмағандар елсіз жерді кезіп, тау мен үңгірлерде түнеп, шатқалдарда өмір сүрді.
39Міне, олардың өмірінде орын алған осындай куәліктер тек олардың сенімдері арқылы паш етілсе де, олар Құдайдың уәдесінен өз үлестерін алмады,
40өйткені бәрін алдын ала жоспарлайтын Құдай олармен бірге біздің де кемелділікке жеткенімізді қалап, Өзінің сол керемет жоспарына бізді де қосты.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.