Римдіктерге 1 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Құдайдың Ізгі хабарын тарату үшін, Иса Мәсіхтің құлы ретінде арнайы таңдап алынған Пауыл елшіден сәлем.

2Құдай бұл Ізгі хабарды Өзінің пайғамбарлары арқылы Киелі Жазбада уәде еткен кезде,

3Ол Өзінің Ұлы туралы айтқан болатын. Ол тәндік денемен Дәуіттің ұрпағы ретінде дүниеге келген.

4Ол Құдайдың Ұлы болу үшін алдын ала белгіленіп, Киелі Рухтың құдіретімен өлімнен қайта тірілген біздің Иеміз Иса Мәсіх болатын.

5Сондықтан барлық халықтар Оның атына сеніммен мойынсынуы үшін, біз Ол арқылы рақымдылыққа ие болып, елші атандық,

6солардың арасында Иса Мәсіхтің шақырып алған ізбасарлары ретінде сендер де барсыңдар.

7Римде тұрып жатқан Құдайдың барлық сүйіктілеріне және киелі халқы болуға шақырылғандарға біздің Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіхтен келген рақымдылық пен тыныштықты тілейміз.

8Мен, ең алдымен, тек Иса Мәсіх арқылы Құдайыма сендер үшін алғысымды айтамын, өйткені бүкіл әлемге сендердің сенімдерің жария болып жатыр.

9Оның Ұлы жайында Ізгі хабарды жариялап, Оған рухыммен қызмет етіп жүргеніме Құдай куә. Сол секілді сендерді де үздіксіз есіме алып,

10әрдайым өз мінәжатымнан сендерді тастамай, әйтеуір, қай кезде болса да, Құдайдың еркімен өздеріңе барып қайтуды өтініп, сұрап жүрмін.

11Дегенмен, өздеріңді көруге аса құштармын, себебі сендердің берік болуларың үшін, қандай да бір рухани дарыныммен бөлісіп,

12осылайша өздеріңмен бірге болып, сеніміміз арқылы бір-бірімізді, өзімді де, сендерді де жұбатпақ болдым.

13Бауырластарым, мен қаншама рет сендерге барғым келіп тырыссам да, әлі күнге дейін кедергілер болып жатқанын сендердің білгендеріңді қалаймын. Сондағы мақсатым-басқа халықтардан көргенім секілді сендерден де қандай да бір жеміс көру.

14Мен гректерге және басқа тілде сөйлейтін даналар мен ақылсыздарға да қарыздармын.

15Егер өзіме келер болсам, Римде тұрып жатқан сендерге де Ізгі хабарды уағыздауға дайынмын.

16Алайда мен Ізгі хабардан еш ұялмаймын, өйткені онда әрбір сенушіні, ең алдымен, яһудейді, содан кейін гректі де құтқарып алатын Құдайдың құдіретті күші жатыр.

17Өйткені Құдайдың әділеттілігі Оған деген сенім арқылы ашылады, ал Киелі жазбада: «Әділетті адам сеніммен өмір сүреді», - деп жазылған.

18Шындықты өздерінің зұлымдығы мен әділетсіз ісәрекеттерінің құрсауында ұстап тұрған адамдарға Құдай Өзінің қаһарын көктен білдіреді.

19Осылайша оларға Құдайдың бар екені нақты белгілі болды, себебі оларға мұны Құдай анық көрсетті.

20Өйткені Құдайдың әлемді жаратқаннан бергі көзге көрінбейтін істері жаратылыстан-ақ нақты көрініп, түсінікті болып тұр. Осы нәрсе Оның мәңгі күші мен Құдайлық қасиеті болып табылады, сол үшін оларға (сенбеушілерге) кешірім берілмейді.

21Себебі олар Оның Құдай екенін білсе де, Оны не мадақтамады, не Құдай деп Оған алғыс та айтпады. Керісінше, олар түкке тұрмайтын ойға беріліп, жүректері қарайып, түсініксіз күйге түсті.

22Осылай олар өздерін ақылдымыз деп жүріп, ақымақ болып шықты,

23сөйтіп Құдайдың мәңгілік өшпейтін даңқының бейнесін шіріп кететін адам мен құстардың және төрт аяқтылар мен бауырымен жорғалаушылардың бейнесіне ауыстырып алды.

24Сол себепті Құдай оларды өздерінің жүректеріндегі таза емес қалауларының жетегінде қалдырды, олардың өз денелерін өздері қорлап, арамдауларына жол берді.

25Олар Құдайдың шындығын өтірікке ауыстырып, жаратылғанды Жаратушыдан жоғары қойып, соған табынып, қызмет етті, ал Сол Жаратушымыз мәңгілік мадаққа лайық. Әумин!

26Сонымен, Құдай оларды өздерін масқара ететін құмарлықтың жетегінде қалдырды, өйткені әйелдер өздеріне берілген табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынаспен ауыстырды,

27сол сияқты еркектер де әйелдермен болатын табиғи жыныстық қатынасты қойып, бір-біріне ынтығып, құмарлықтың отына беріліп, еркек еркекпен ұятсыз әрекеттер жасап, осылай адасқандары үшін, өздеріне арналған жазаны алатын болады.

28Осылай олар Құдайды танып-білудің қажет екенін елемегендіктен, Құдай оларды келеңсіз істер жасататын жарамсыз ойдың жетегіне тапсырды.

29Сөйтіп, олар неше түрлі әділетсіздік пен жауыздыққа, дүниеқорлық пен зұлымдыққа беріліп, қызғаныш, кісі өлтіру, даукестік, қулық-сұмдық, жаман мінез-құлыққа ие болып, өсекші,

30жалақор, Құдайды жек көретін, дөрекі және өркөкірек, мақтаншақ, зұлымдықты ойлап табатын, ата -анаға бағынбайтын,

31ақылсыз, жылмақай, құрметтеуді білмейтін, мейірімсіз адамдарға айналады.

32Осындай істермен айналысып жүргендер Құдайдың өлім жазасына лайық деген талабын білсе де, олар мұны істеп қана қоймай, осындай істермен айналысып жүргендерді қолдайды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help