1Иса Мәсіхтің құлы әрі елшісі болған Шимон Петір, біздің әділетті Құдайымызбен құтқарушымыз Иса Мәсіхтегі сенімде өз үлестерін бізбен бірдей алу үшін,
2Құдайды әрі біздің Иеміз Иса Мәсіхті терең тануға талпынып жүрген сендерге Құдайдың рахымы мен Оның тыншытығы сендерде өсіп, өніп көбейе берсе екен деп тілейді.
3Себебі Оның Құдайлық күші бізге өмір сүруге қажетті нәрсенің бәрін берді. Өйткені бізді Өзімен бірге болуға шақырған Құдайды терең тану арқылы біз ізгі қасиетке, Оның жеке дара даңқына, Оның кемелділігіне ие болдық.
4Сонымен қатар Құдай бізге Сол арқылы аса қымбат, әрі өте үлкен уәдесін де сыйлады, енді міне, Сол арқылы Құдайдың табиғатын жақыннан танып, Құдаймен тығыз қарым-қатынасқа түсіп, осы әлемнің шіріп кететін құмарлығынан өзімізді алшақ ұстайтын мүмкіндік алдық.
5Сондықтан сендер, өз жақтарыңнан бар күштеріңді салып, сенімдеріңде адал ақ ниеттілікті, ал адал ақ ниеттілікте білімді,
6ал білімде ұстамдылықты, ал ұстамдылықта төзімділікті, ал төзімділікте ізгі қасиеттілікті,
7ал сол ізгі қасиеттілікпен бауырларыңды жақсы көріп, сүйіспеншілікті паш етіңдер.
8Ал енді осы қасиеттер сендердің бойларыңда орын алып, одан әрі көбейе беретін болса, онда сендер біздің Иеміз Иса Мәсіхті танып білуде де, әрі іс-әректтеріңде де табыссыз да, жеміссіз де болмайсыңдар
9Ал егер біреуде осы нәрселер жоқ болса, онда ол көзі жабылған соқыр секілді жүр, өйткені ол өзінің күнәлардан тазарып, таза болғанын баяғыда ұмытып кеткен.
10Сондықтан, бауырластар, шақырылғандар ретінде де, таңдалып алынғандар ретінде де, өздерің атақаратын ісәрекетті де берік ұстаныңдар, егер де соны берік ұстанатын болсаңдар, онда ешқашан сүрінбейсіңдер,
11себебі біздің Иеміз әрі біздің құтқарушымыз Иса Мәсіхтің мәңгілік патшалығына кіретін есік, сонда өздеріңе кеңінен ашылады.
12Негізі сендердің шындықты біліп, соны берік ұстанып жүргендеріңді білсем де, соны сендердің естеріңе әрқашан да салып отыруға дайынмын.
13Осы денелік тәнімде қанша уақыт болсам, соншама сендердің естеріңе осыларды салып, ой саналарыңды оятып жүргенім дұрыс деп санаймын,
14өйткені жақын арада мен өз тәнімді қалдырып кететінімді білемін, ал оның қалай, қандай жағдайда болатынын біздің Иеміз Иса Мәсіх маған ашып берді.
15Сондықтан мен кетіп қалғанан кейін де, сендер осы менің өздеріңе айтқанымды естерінен шығармай сақтап жүрсін деп, соны сендердің естеріне әр кез салып тұруға тырысып жүрмін.
16Өйткені біз Иеміз Иса Мәсіхтің күшімен Оның қайтып келетіні туралы сендерге айтып жеткізген кезде, біз ой мен қиялдан қиыстырылып құралған аңыздардың жетегінде болған жоқпыз, керісінше біз Оның Ұлылығын өз көзімізбен көрдік.
17Себебі Ол Құдай Әкеден құрмет пен даңқты қабылдап жатқанда, Құдайдың Өзінің құдіреті күшті дауысымен, Оған: -Бұл Менің сүйікті Ұлым болады, Мен Оған ризамын! - деп дауыстап айтты,
18ал сол құдіреті күшті дауыс көктен естілген кезде, біз Оның қасында, яғни киелі тауда Онымен бірге болдық.
19Бұған қоса бізде негізі берік пайғамбарлық сөзіміз тағы бар, ал көңілдеріңді соған аударсаңдар дұрыс болады, өйткені ол қараңғы жерде жарқырап жанып тұрған шам секілді, сондықтан ол да сендердің жүректеріңе таңғы жұлдыздай жарық беріп, таң атып жарқырап күннің шығатын кезіне дейін жарқырап жарық береді,
20сондықтан ең алдымен сендер мынаны біліп алыңдар: -Жазбадағы кез келген пайғамбарлық сөз ол біреудің жеке басының қалауы мен түсінігі арқылы жасалмайды,
21әрі кез келген пайғамбарлық сөз ешқашан да адамның еркіне сүйеніп айтылған емес, керісінше оны тек Киелі Рухтың жетегімен жүрген Құдайдың адамдары айтқан еді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.