1Бауырластар, егер де бір адам күнәнің құрсауына түсіп қалып жатса, онда сендер оны рухани қайта қалпына келтіру үшін рухтың жетегіне бағынып, мейірімділік танытыңдар, әрі өздерің де сол секілді азғырылуға түсіп қалмас үшін өздеріңе-өздерің сақ болыңдар.
2Өзара бір-біріңе қамқор болып, біріңнің ауыртпашылығыңды бірің көтеріңдер, сонда Мәсіхтің өсиетін орындайтын боласыңдар.
3Өйткені егер де біреу өзінің түкке де тұрмайтынын біле тұра, өзін басқалардан маңыздымын деп санайтын болса, онда ол өзін-өзі алдайды,
4сондықтан әркім өз іс-әрекетін өзі сынап өзін-өзі тексеріп отырса, ол басқаның іс-әрекетіне емес, ол тек өз іс-әрекеті үшін ғана мақтана алады,
5өйткені әркім өз ауыртпалығын өзі алып жүруі тиіс.
6Кім тәлімгерден сөз естіп, тәлім алып жүрген болса, сол өзіндегі бүкіл бар жақсылығымен өзіне тәлім беріп жүрген адаммен бөліссін.
7Адасып кетіп жүрмеңдер, Құдайды алдап мазақ ету мүмкін емес, сондықтан адам не ексе, соны орады.
8Өйткені кім де кім өзінің тәндік қалауының жетегімен жүретін болса, ол сол тәнді шірітіп жоқ қылатын нәрсені орады, ал кім рухтың қалауымен, яғни рухтың жетегінде жүретін болса, ол сол рухтан пайда болатын мәңгілік өмірді орады.
9Сондықтан өзімізді-өзіміз жасытып, қайғыға берілмейік, тек жақсылық жасай берейік, өйткені өзімізге қажет нәрсені уақыт келген кезде орып аламыз, тек әлсіздікке берілмесек болды.
10Сонымен біздің әлі де уақытымыз бар, сондықтан келіңдер жасайтын жақсылығымызды бәріне бірдей жасай берейік, әсіресе біз соны өзімізге жақын бауырластарға жасайық.
11Байқаған шығарсыңдар мен осы жолы өздеріңе жазғандарымның көбін өз қолыммен әрі үлкен әріптермен жаздым.
12Тәннің жетегінде жүруді мақтан тұтып, соны жақсы көретіндердің көпшілігі, сендерді сүндетке отырғызуға мәжбүрлемек болып жүр, ал олардың бұл әрекеттерінде тек Мәсіхтің айқышы үшін қудалауға түспесек болды деген ой жатыр.
13Өйткені олар сүндеттелуді қанша ұстанса да, олар сол заңның талаптарын орындамайды, олар керісінше сол сендерді сүндеттету арқылы өздерінің атақ абыройын көтермекші болып жүр.
14Ал мен Иеміз Иса Мәсіхтің айқышынан басқа еш нәрсеге мақтана алмаймын, өйткені сол айқышқа осы әлем мен үшін шегеленді, ал мен сол айқышқа осы әлем үшін шегелендім.
15Өйткені сүндетке отыру, не болмаса сүндетке отырмау түкке тұрмайтын бос әрекет, керісінше аса маңызды нәрсе жаңадан жаратылған жаратылыс болмақ.
16Сондықтан көпшілік осы қағида бойынша жүретін болса, онда олар Исраилдің Құдайының бейбіт тыныштығы мен мейіріміне ие болады.
17Енді осыдан кейін ешкім маған қиындық әкелмесе екен деп тілеймін, өйткені Исаның денесіне түскен жараның ауыртпалығын мен өз денемде тартып жүрмін.
18Баурырластар, біздің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы, сендердің рухтарыңды жандандыра берсін! Аумин!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.