Елшілер 13 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Антиохиядағы қауымда пайғамбарлар мен тәлім берушілер болды, олар: Барнаба мен Қара Шимон аталып кеткен Шимон, киринеялық Луси және төртінші аймақты басқаратын Иродпен бірге тәрбиеленген Манайн және Саул.

2Бірде олар Жаратқан Иеге қызмет етіп, ораза ұстаған кезде Киелі Рух оларға: -Маған Барнаба мен Саулды бөлек шығарып беріңдер, Мен оларға басқа іс тапсырамын, сол үшін Мен оларды шақырып алдым, - деді.

3Олар ораза ұстап, мінәжат еткен соң, қолдарын қойды да, оларды босатты.

4Киелі Рухтың Өзі жіберген олар Селеукияға келді, сол жерден кемемен Кипрге қарай кетті.

5Саламинге келіп тоқтағанда, олар сол жердегі яһудейлердің синагогаларына барып, оларға Құдай сөзін жеткізді, Жохан оларға көмекші болды.

6Сонымен, олар бүкіл аралды аралап, Пафқа дейін келді. Сол жерден сиқыршылықпен айналысып, жалған пайғамбар болып жүрген Бар-Ешуа атты яһудейді кездестірді.

7Ол сол аймақтың басшысы әрі өз ісіне ұқыпты Серги Пауыл деген адаммен бірге болатын. Сол Серги Құдайдың сөзін естуге құштар болып, Барнаба мен Сауылды іздеп, өзіне шақыртты.

8Сонда әлгі сиқыршы, оның аты Еүлүма да бірге болды, (еврейше: -күшті дегенді білдіреді) сонда ол қарсыласып, аймақ басшысын сенімінен тайдырып жіберетін жолды іздей бастайды.

9Сол кезде Киелі Рухқа кенелген Саул, яғни, Пауыл, оның көзінен көзін алмай қадалып қарап тұрып:

10-Ей, барлық қулық-сұмдықтың иесі, алаяқ, бүкіл әділдіктің жауы атанған сайтанның баласы! Сен Құдайдың тура жолынан адастыруды неге қоймайсың?

11Құдайдың қолы сенің үстіңде тұр, сондықтан сен енді соқыр болып, белгіленген уақытқа дейін күннің көзін көрмейсің, -деді. Міне, сол сәтте -ақ оны қараңғылық пен түнек басты да, шыр айнала сипаланып, қолынан жетектейтін біреулерді іздей бастады.

12Осы болған оқиғаны көрген аймақ басшысы Иемізге сеніп, Оның тәліміне таң қалды.

13Бұдан кейін Пауыл қасындағы серіктерімен бірге Пафтан кемемен шығып, Пампүлиядағы Пергеге келді. Жохан олардан бөлініп, Иерусалимге қайтып кетті.

14Олар Пергеден өтіп, Пісидиядағы Антақияға келді. Сенбі күні олар сол жердегі синагогаға келіп отырды.

15Синагогадағы қызмет бойынша (Таурат) Заң кітабы мен Пайғамбарлар кітабы оқылып болғаннан кейін, синагога басшылары оларға: -Бауырластар және ер-азаматтар, егер де халыққа айтатын насихат сөздерің болса, айтуға болады, - деп сөз берді.

16Сонда Паул орнынан тұрып, қолымен ишара білдіріп, былай деді: -Құдайдан қорқатын Исраилдің ер-азаматтары, мынаны тыңдаңыздар!

17-Исраил халқының Құдайы біздің ата-бабаларымызды таңдап алды. Мысыр жерінде жат жерлік болып жүрген кезінде осы халықты көбейтіп өсірді. Одан кейін сол жерден оларды Өз қолымен демеп, қолдап алып шықты.

18Қырық жыл бойы айдалада оларды тамақпен қамтамасыз етіп, жетеледі.

19Онан кейін Ол Ханан жерінен жеті ұлтты қуып шықты, сол жерді осы халықтың еншісіне алып беріп, мөлшері төрт жүз елу жылдың ішінде мұралыққа бөліп берді.

20Самуил пайғамбардың уақытына дейін, Ол халықтың арасынан билерді көтеріп отырды.

21Алайда олар сол кезде өздерін басқаратын патша сұрады, сонда Құдай оларға патша етіп Бунямин руының азаматы Қишұлы Саулды берді, ол елді қырық жыл басқарды.

22Оны орнынан алып тастаған соң, Құдай Дәітті патша етіп қойды. Сонда Құдай ол туралы куәлік етіп: «Менің жүрегімнің қалауына лайықты болатын бір ер адамды тауып алдым, ол -Есейдің ұлы Дәуіт, енді Менің жүрегімдегі қалауымды сол іске асыратын болады», - деген еді.

23Енді міне Құдай Дәуіттің ұрпағынан Исраилге Құтқарушы етіп Исаны жіберді, бұл Оның берген уәдесіне сай болды.

24Иса келердің алдында Жақия бүкіл Исраил халқына суға батырылып шомылдырудан өтіп, тәубеге келуді уағыздап жүрді.

25Сол кезде өз міндетін атқарып жүрген Жақия: «Сендер мені кім деп жүрсіңдер? Мен Ол емеспін. Бірақ Ол менен кейін келсе де, мен Оның аяқ киімінің бауын байлап беруге де лайықсызбын», - деген болатын.

26Ер-азаматтар, бауырластар, Ыбырайым ұрпағының ұлдары, Құдайдан қорқатын сендер мен бізге, Құдай құтқарып алатын сөзін жіберді.

27Алайда Иерусалимнің тұрғындары мен басшылары Оны танымады, олар Оны соттады, осы іс-әрекеттерімен әр сенбіде оқылып, айтылатын пайғамбарлар сөзі осылай орындалды.

28Оны өлтіретін ешбір себеп таппаса да, Пилаттан Оны өлтіруді талап етті.

29Осылай Ол туралы жазылғанның бәрі орындалып болған соң, Оны айқыш ағаштан түсіріп, қабірге апарып қойды.

30Алайда Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды.

31Осыдан кейін Ғалилеядан бастап Иерусалимге дейінгі аралықта Өзімен бірге жүргендердің бәріне Ол бірнеше күнге дейін көрінді, олар қазір халықтың алдында Оның куәгерлері болып жүр.

32Сондықтан біз сіздерге ата-бабаларымызға берілген уәденің орындалғаны туралы қуанышты хабарды жариялап тұрмыз,

33Құдай мұны Исаны қайта тірілту арқылы ата-бабаларымыздың ұрпақтары бізге жеткізді, бұл екінші Забур жырында: «Сен-Менің Ұлымсың, Мен бұдан былай Сенің Әкең деп аталатын боламын», -деп айтқанына сай орындалып отыр.

34Құдай Исаны өлімнен қайта тірілтті, Оның денесі ешқашан шіріп, құрып кетпейді, сондықтан Құдай: «Мен сендерге Дәуітке уәде етілген киелі және өзгермейтін жарылқауларымды беремін», - деп айтқан болатын.

35Жазбаның тағы бір жерінде: «Сенің ізгі қасиетіңе ие Ол шіріп, құрып кетпейді, Сен мұны оған көрсетпейсің», -деп те айтылған.

36Дәуіт өз заманында Құдайдың еркіне сай қызмет етіп болған соң, ол өмірден озып, ата-бабаларына қосылды, оның денесі шіріп, жоқ болды.

37Ал Құдай өлімнен қайта тірілткен Исаның денесі шірімейді!

38-Сондықтан ер-азаматтар мен бауырластар, енді сендердің күнәларың Осы адам арқылы кешірілетінін білсеңдер екен. Мұсаның Заңын орындау арқылы Құдай алдында ешкім ақтала алмады, бірақ

39Оған сенген әркім, яғни, кім Исаға сенсе, сол ақталады.

40Сондықтан байқаңдар, пайғамбарлардың айтқаны орындалып жүрмесін:

41«Басқаларды мазақтаушылар! Таңданып жүріп, құрып кетесіңдер! Өйткені Мен Өзімнің осы іс- әрекетімді сендерге сол күндері істейтін боламын. Алайда сол орындалған іс жайында сендерге біреу айтса, оған сенбейтін боласыңдар», -делінген.

42Пауыл мен Барнаба сол жерден шығып бара жатқанда, осы сөздерді келесі сенбіде тағы да айтып беруін олардан өтінді.

43Синагогадағы жиын тарағаннан кейін, яһудейлердің көбі және Мұсаның заңына бағынып, Құдайды қастерлейтін өзге ұлт өкілдері Пауыл мен Барнабаның соңынан ілесті. Екеуі олармен сөйлесіп, оларды Құдайдың рақымына сенім артып өмір сүруге шақырды.

44Келесі сенбіде бүкіл қаланың тұрғындары Жаратушы Иенің сөзін тыңдау үшін жиналды.

45Сонда яһудейлер халықтың соншама көп жиналғанын көріп, қызғаныштан жарыла жаздады, Пауылдың айтқандарына қарсы шығып, тіл тигізе бастады.

46Сонда Пауыл мен Барнаба оларға батыл сөйлеп, былай деді: -Құдайдың сөзі, ең алдымен, сендерге айтылуы тиіс еді. Бірақ сендер оны қабылдамай, бас тарттыңдар, сөйтіп, сендер өз таңдауларың арқылы өздеріңнің мәңгілік өмірге лайықты емес екендеріңді білдірдіңдер, сондықтан енді біз назарымызды өзге ұлт өкілдеріне бұрамыз.

47Өйткені Құдай бізге: «Сен енді өзге ұлттарға жарық боласың, Мен сені соларға жіберемін, осылай сен Менің құтқаруымды жердің шетіне дейін жеткізесің», -деп бұйырды.

48Өзге ұлт өкілдері мұны естігенде қуанып, Жаратқан Иені сөзі үшін даңқтады, мәңгілік өмірге таңдалғандардың көбі сенушілердің қатарына қосылды.

49Иеміз Иса туралы сөз сол аймақтың барлық жеріне жан-жақты тарап жатты.

50Яһудейлер Құдайды қастерлеп, құрметтейтін әйелдер мен қаланың бетке ұстар азаматтарын еліктірді, Пауыл мен Барнабаға қысым көрсетіп, қуғындап, оларды орталарынан қуып шықты.

51Сонда олар аяқтарының шаңын сол жерде қағып тастап, содан кейін Қонияға келді.

52Шәкірттер қуанышқа, Киелі Рухқа тола берді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help