1Ал енді байлар, сендердің бастарыңа бақытсыздық төніп келеді, сол үшін зар еңіреп жылаңдар.
2Өйткені сендердің байлықтарың шіріп, ал киімдерің күйеге жем болды,
3ал алтындарың мен күмістеріңді тот басты, ал сол тот өздеріңе куәлік болады да от секілді сендердің денелеріңді жалмап жұтып қояды. Себебі, сендер сол қазыналарыңды өздеріңнің соңғы күндеріңе арнап жинадыңдар.
4Міне, сендердің егіндік жерлеріңнен егін жинаған жұмыскерлердің еңбегін жеп, сендер олардан тартып алған, олардың еңбек ақыларының дауыстары сендерге қарсы айғақ болып, айқайлап тұр, ал сол егін жинаушылардың жан айқайы Иеміз Саваофтың * құлағына жетті.
5Сендер жер бетінде молшылыққа баттып рахат өмір сүрдіңдер, сол арқылы сендер өз жүректеріңді семіртіп, оны құрбандық күніне дайындап қойдыңдар.
6Сендер Әділетті жолмен жүрген әділ адамды соттап, өлтірдіңдер. Ал Ол болса сендерге ешқандай да қарсылық білдірген жоқ.
7Бауырластар, сонымен төзімдерің ұзаққа созылып, ол Иеміз қайтып келетін кезге дейін жететін болсын. Міне, жер өңдеуші ерте болсын, кеш болсын жерден жақсы жеміс алу үшін жаңбырдың жауатын сәтін күтеді.
8Сол секілді сендер де төзімдеріңді ұзаққа жеткізу үшін, жүректеріңді бекітіп, нығайтыңдар, өйткені Иеміздің келетін уақыты жақындап қалды.
9Бауырластар, сотталмас үшін бір-біріңе қарсы шағым айтпаңдар. Міне, Соттаушы есіктің алдында тұр.
10Бауырластарым, зұлымдыққа төзіп, төзімдерің ұзаққа жетсін десеңдер, Иеміздің атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгі алыңдар.
11Негізі біз төзімділік танытып, табанды болғандарды мадақтап даңқтаймыз, сондай-ақ Әйүптің төзімділігі мен шыдамдылығы туралы естідіңдер, ал соңында Иеміз оның басына түскен қиыншылықтан, оны қалай алып шыққанын да көрдіңдер, өйткені біздің Иеміз аса мейірімді әрі өте қайырымды.
12Бауырластарым менің, ең алдымен бекерден-бекер ант бермеңдер, не жермен, не болмаса басқаның атын атап ант беруші болмаңдар. Оның орнына сендердің иә дегендерің -«иә», ал жоқ дегендерің -«жоқ» болсын, сонда үкімнің астына түсіп сотталмайсыңдар.
13Араларыңда кім зұлымдыққа төзіп жүр, сол мінәжат етсін. Ал кім қуанышпен жүр, сол мадақтау жырын айтсын.
14Араларыңда кім ауырып жүр, сол қауым ақсақалдарын шақыртсын, одан кейін оған мінәжат етіліп, Иеміздің атымен оның үстіне май жағылсын,
15себебі сеніммен айтылған мінәжат әлгі ауырған адамды құтқарып алады, өйткені оны Иеміз көтереді. Ал егер де ол күнә жасаған болса, оның күнәсі кешіріледі.
16Сондықтан егер де сауыққыларың келсе істеген күнәларыңды мойындап, бір-біріңе анық айтып, бірің үшін бірің мінәжат етіңдер. Әділ адамның жасаған мінәжаты көп нәрсеге әсер етіп, көп нәрсені өзгерте алады.
17Ілияс та бізге ұқсас адам болатын, алайда ол «жаңбыр жаумасын» деп мінәжат еткен кезде, үш жыл алты айға дейін жер бетіне жаңбыр жауған жоқ.
18Ал ол тағы да «енді жаңбыр жаусын» деп мінәжат еткен кезде, аспан өзінің жаңбырын жаудырды, ал жер өзінің жемістерін өсірді.
19Бауырластарым менің, егер кім де кім шындық жолынан адасып кеткен біреуді кері қайтарып тура жолға салатын болса,
20сол адам мынаны білетін болсын: -Кім де кім адасып кеткен күнәкәрді кері қайтарып, тура жолға салса, онда ол оның жанын өлімнен құтқарып алып, оның көптеген күнәларын жауып тастайды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.