1Яһудеяда жүрген елшілер мен бауырластар Құдайдың сөзін өзге ұлт өкілдері де қабылдап жатқанын естіді.
2Петір Иерусалимге келген кезде еврейлердің арасынан шыққан сенушілер оны жазғырып:
3-Сен ер адамдары сүндеттелмеген үйге кіріп, олармен бірге тамақ ішіпсің, - деді.
4Сонда Петір оларға болған жағдайдың бәрін басынан бастап айтып, рет-ретімен түсіндіріп берді:
5-Мен Иоппеде мінәжат етіп отырған кезімде, -деді ол, -белгісіз бір күйге еніп, көктен төмен қарай төрт бұрышынан байланған бір жалпақ заттың түсіп келе жатқанын көрдім, сол маған жетпей тоқтады.
6Мен содан көзімді алмай қарап тұрдым, сонда оның үстіненжерде жүретін төрт аяқты аңдар мен бауырымен жорғалаушыларды және аспан құстарын көрдім.
7Сол кезде мен: «Петір, орныңнан тұр, мыналарды ал да, сойып же», - деген дауысты естідім.
8Сонда мен: «Ием, олай болмайды! Мен арам әрі таза емес нәрселерді ешқашан аузыма алған емеспін», - дедім.
9Сонда көктегі әлгі дауыс екінші рет: «Сен Құдай тазартқанды арам деп айтушы болма», - деді.
10Осы нәрсе үш рет қайталанды да, одан кейін бәрін қайтадан көкке көтеріп алып кетті.
11Міне, сол сәтте біз тұрып жатқан үйге мені іздеп, Кесарияға шақыруға келген үш ер адам келіп тоқтады.
12Сол кезде маған Рух: «Сен төмен түс, ештеңеге күмәнданбай, солармен бірге бар», -деді. Сол жердегі бауырластардың алтауы маған еріп шыққан еді, сөйтіп, біз сол адамның үйіне келдік.
13Біз сол адамның үйінде болғанда, ол періштені қалай көргенін және оның: «Иоппеге адамдарды жіберіп, Петір деп аталатын Шимонды шақырт,
14сол адам сені және үй ішіңді құтқаратын хабарды түгел айтып береді», - дегенін айтып берді.
15Мен сөйлей бастағанда, Киелі Рух басында бізге қалай қонған болса, оларға да дәл солай Киелі Рух келіп қонды.
16Сонда менің есіме Иеміздің: «Жақия сендерді суға батырып шомылдырды. Енді сендер Киелі Рухқа батырылатын боласыңдар», - деп айтқан сөзі түсті.
17Сонымен, егер де Құдай Иса Мәсіхке сенген біздерге уәде етіп берген сыйын бізбен бірдей етіп оларға да беріп тұрса, онда Құдайға қарсы тұратын мен кіммін? -деді Петір.
18Олар мұны естігеннен кейін, тынышталды, сосын: -Құдай өзге ұлт өкілдерінің де өмірге деген ойларын өзгертіп, тәубе етуге мүмкіндік берген екен! -деп олар Құдайды мадақтады.
19Алайда Степанмен болған жағдайдан кейін қуғынға ұшырап, жан-жаққа шашырап кеткен елшілер тек яһудейлерден басқа ешкімге сөз (уағыз) айтпады, олар Финикия мен Кипрге дейін жетіп, одан әрі Антиохияға өтіп кетті.
20Алайда олардың кейбіреуі кипрліктер мен күрендіктердің арасынан шыққан ер-азаматтар болатын, олар Антиохияға келіп, грекше сөйлейтін еврейлерге Иеміз Исаның Ізгі хабарын жариялады.
21Жаратушы Иенің қолы олармен бірге болды, Иемізге бет бұрып, Оған сенім артқандардың саны көбейді.
22Бұл хабар Иерусалимдегі қауымға да жетті, сонда олар Барнабаға арнайы тапсырма беріп, оны Антиохияға жіберді.
23Барнаба сонда келгенде Құдайдың оларға берген рақымын көріп, қатты қуанды, олардың жүректерінде Иемізге адал болып қалуға көздерін жеткізді.
24Барнаба ақ пейілді және Киелі Рухқа, сенімге кенелген азамат болатын, көптеген халық Иемізге келіп, оларға қосылып жатты.
25Осыдан кейін Барнаба Тарсқа барып, сол жерден Пауылды іздеп тауып алды.
26Оны тауып алып, Антиохияға ертіп келеді. Олар сонда бір жыл бойы антиохиялықтарды қауымға жинап, халыққа тәлім берді, осылайша Антиохиядағы шәкірттер алғаш рет Мәсіхшілер деген атқа ие болды.
27Сол күндері Иерусалимде жүрген пайғамбарлардың біразы Антиохияға келген болатын.
28Солардың арасынан Ағаб деген біреуі орнынан тұрып, Рух арқылы берілген аянға сүйеніп, бүкіл жер бетінде ашаршылық болатынын, соған дайын болу керектігін айтты. Бұл Рим императоры Клаудияның кезінде орындалды.
29Осыдан кейін шәкірттердің әрқайсысы өзінде бар қаражатына сай қор жинап, соны Яһудея аймағында қызмет етіп жүрген бауырластарға жіберуге шешім қабылдады.
30Жинап болған соң, оны Барнаба мен Саулдың қолына тапсырып, сондағы ақсақалдарға тапсыруға жіберді
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.