Аян 19 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Осыдан кейін мен топтанып жиналған қалың халықтың даусына ұқсас дауысты естідім. Көкте олар дауыстап: -Аллилуия! Құтқару да, даңқ та, күш те біздің Құдайда,

2өйткені Оның соты шынайы әрі әділетті! Ол осы әлемді арсыз азғындығымен бүлдірген (жезөкше) әйелді соттап, оған әділ үкім шығарды, одан зардап шеккен Құдайдың құлдарының қаны үшін, сол әйелді жазалады.

3Олар қайтадан айғайлады: -Аллилуия! Енді мәңгілікке оның үстінен түтін арылмайтын болады!

4Сол кезде жиырма төрт ақсақал мен төрт хайуан тақта отырған Құдайға бастарын иіп, тағзым етіп: -Аумин! Аллилуия! - деді.

5Сонда тақтан: -Оның барлық құлдары, Одан қорқатындардың бәрі, кішілерінен ұлыларына дейін біздің Құдайды мадақтаңдар! - деген дауыс шықты.

6Осыдан кейін шуылдаған көп адамдардың даусына, біресе таудан аққан сарқыраманың гүріліне, біресе күннің күркіріне ұқсаған дауысты естідім: -Аллилуя! Бүкіл әлемді Билеуші біздің Құдай Иеміз Патшалық құрды!

7Келіңдер, қуанып, шаттанайық! Құдайдың даңқын мадақтайық! Тоқтының үйленетін уақыты келді! Оның қалыңдығы сол салтанатты сәтке дайын!

8Оған сол салтанатқа киетін ақ бәтестен тігілген аппақ, тап -таза көйлек берілді, өйткені аппақ бәтес -әділдіктің белгісі, Құдайдың киелі халқының істері әділ дегенді білдіреді.

9Содан кейін Ол маған былай жаз деді: -Тоқтының салтанатты үйлену тойына шақырылғандар бақытты! Сосын тағы былай деп қосты: -Бұл-шынайы сөздер, себебі Құдай солай айтты.

10Ол осылай деген соң, мен Оған тағзым етпек болып, аяғына жығылдым, сонда ол маған: -Абай бол! Маған тағзым етуші болма! Мен де сен және сенің бауырластарың сияқты Құдайға қызмет етіп жүрген құлдың бірімін, менде Исаның куәлігі бар. Сен Құдайға ғана тағзым ет! Исаның куәлігінде пайғамбарлықтың рухы бар, - деді.

11Осы сәттен кейін мен көктің ашылғанын көрдім, міне, ақ боз аттың үстінде Адал және Ақиқат деп аталатын Біреу отырды. Ол әділ үкім шығарады және әділ соғысады.

12Оның көздері оттай лаулап жанып тұрды, Оның басында көптеген әшекейлермен безендірілген тәж болды. Ал басындағы тәжде Оның Өзінен басқа ешкім білмейтін бір есім жазылыпты.

13Ол киімінің сыртынан қанмен жуылған жамылғы жамылыпты, Оның есімі - Құдайдың Сөзі.

14Оның соңынан ақ боз атқа мініп, тап-таза, аппақ бәтестен киім киген салт атты көктің әскерлері еріп жүрді.

15Ал оның аузынан өткір қылыш шығып тұрды. Ол сол қылышпен халықтарды жаулап, оларды темір асатаяқпен бағып, оларды бүкіл әлемді билеуші Құдайдың қаһарына беріп, жүзімнің шырынын сыққандай таптап, оларға бар ашуын төкпек.

16Оның сыртындағы жамылғысына және беліне: «Патшалардың патшасы, Иелердің Иесі», -деп жазылыпты.

17Осыдан кейін мен күннің көзінде отырған бір періштені көрдім. Ол көктің ортасында ұшып жүрген құстарға қатты дауыстап: -Барлығың мында келіңдер! Құдайдың кешкі үлкен асына жиналыңдар!

18Сендер патшалар мен әскери қолбасшылардың өлігін, күшті адамдардың, аттар мен оған мінген шабандоздардың денесін, барлық еркіндіктегі адамдар мен құлдардың, үлкендер мен кішілердің өлі денесін жейтін боласыңдар, -деді.

19Осы кезде мен хайуанның және жердің патшаларының әскерлерін біріктіріп, ат үстінде Отырғанға және Оның әскеріне қарсы соғыс ашуға жиналып жатқан сәтін көрдім.

20Алайда хайуан мен олардың алдында кереметтер жасап жүрген жалған пайғамбар қолға түсіп, тұтқындалды, өйткені ол алдап, оларға хайуанның таңбасын қабылдатып, оған тағзым етуге мәжбүрлеген болатын. Олардың екеуі де тірідей жанып жатқан күкіртті отты теңізге лақтырылды.

21Ал қалғандары ат үстінде Отырғанның аузынан шыққан қылыштың жүзінен өлім құшты, құстар ұшып келіп, олардың өлекселерін жеп, тойынды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help