1Бір кезде көкте үстіне күннің киімін киген, аяғының астында ай бар, басында он екі жұлдыздан тәж таққан әйел көрініп, таңғаларлық бір көрініс пайда болды.
2Сонымен қатар, жаңағы әйелдің аяғы ауыр екен, босанатын уақыты жақындап, толғақтан қатты қиналып, ауырсына айғайлады.
3Осы сәтте көкте тағы да мынадай бір көрініс пайда болды: жеті басы, он мүйізі бар, жеті басына жеті патшалықтың тәжін киген оттай қызыл түсті бір алып айдаһар көрінді.
4Сол айдаһар көктегі жұлдыздардың үштен бір бөлігін құйрығымен сыпырып жинап алды да, оларды жерге қарай лақтырып жіберді. Одан кейін ол туылған Нәрестені жұтып қою үшін, толғатып жатқан әйелдің алдына барып тұрып алды.
5Міне, әйел босанды, сонда одан бүкіл халыққа қамқор болып, оларды темір асатаяқпен бағатын Ұл бала туылды. Сол сәтте әлгі Ұл бала Құдайдың тағының алдына апарылды.
6Ал әйел Құдайдың Өзі оған арнайы айдалада дайындап қойған орынға қашып кетті, Құдай оны сол жерде бір мың екі жүз алпыс күн бойы тамақтандырды.
7Осы мезгілде көкте соғыс басталып кетті. Михайл өзінің періштелерімен бірге айдаһарман соғысты, ал айдаһар өзінің періштелерімен бірге Михайлдің першітелерімен соғысты.
8Ең соңында айдаһардың да, оның періштелерінің де бұдан әрі соғысуға күштері жетпеді, сондықтан енді олардың көкте қалуына орын қалмады.
9Сонымен, өткен замандардан бері жылан әрі әзәзіл, сайтан атанып келген және бүкіл жер беті тұрғындарын өтірігімен алдап-арбап келген алып айдаһар өзінің періштелерімен бірге көктен жерге тасталды.
10Сонда мен көктен шыққан қатты бір дауысты естідім, ол былай деді: -Құтқарылу енді келді, Құдайдың құдіретті күші әрі біздің Құдайдың патшалығы мен Мәсіхтің билігі жеңіске жетті! Құдайдың алдында тұрып, күні-түні біздің бауырластарымызға жала жауып, оларды айыптаушы көктен жерге тасталды!
11Біздің бауырластарымыз Құрбандық Тоқтының қанымен және сөз арқылы берілген куәліктері арқылы оны жеңіп, жеңіске жетті. Олар жандарын аямай, өлімге дейін барды.
12Сондықтан көк пен онда тұрып жатқандардың барлығы қуаныңдар! Алайда жер мен теңіздегілерге қарғыс келді, өйткені сайтан көктен жерге түсті. Ол енді бар ашуын сендерден алмақ, себебі ол өзінің уақытының аз қалғанын біледі.
13Әзәзіл сайтан өзінің көктен жерге тасталғанын көрген кезде, ол Ұл бала туған әйелді қудалай бастады.
14Сонда әлгі әйелге өзіне арнайы шөл далада дайындалған орынға ұшып кетуі үшін, бүркіттің екі үлкен қанаты берілді. Сол әйел айдаһардың аяғы жетпейтін жерде, үш жарым жыл уақыт бойы арнайы қамқорлықта болады.
15Жылан әйелдің ізіне түсіп, қудалауын тоқтатпады, арандай ашылған аузынан суын ағызып, өзеннің ағысындай осы сумен ағызбақ болып, әйелге қарсы жіберді.
16Сол сәтте әйелге жер көмек көрсетті: жер ашылып, айдаһардың аузынан шыққан өзенді жұтып қойды.
17Сонда жылан әйелге қатты ашуланып, сол жерден кетіп қалды. Содан кейін ол сол әйелдің артында қалған ұрпақтарымен, яки, Құдайдың өсиетін орындап, Иса туралы куәлік айтып жүргендермен соғысу үшін, теңіздегі құмға барып, сол жерден орын тепті.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.