1Иса Мәсіхтің елшісі Петрден: -Понтқа, Ғалатияға, Қападоқияға және Азия мен Бітүния аймағына дейін шашырап, сол жерлердің тұрақты тұрғындарына айналған,
2сендерді Құдай Әке алдын ала белгілеп қойған жоспары бойынша, сендерді мойынұсыушылыққа әкелу үшін, сендерді Киелі Рухымен жетелеп, әрі Иса Мәсіхтің қанын өздеріңе бүркіп, сендерді тазалады, сондықтан Оның рақымы мен Оның тыныштығы сендерде одан әрі көбейе берсін.
3Құдайымыз, әрі біздің Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі жарылқана берсін, себебі Ол бізге Өзінің шексіз мейірімін көрсетіп, Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп алу арқылы бізге тірі үміт беріп, сол үміт арқылы бізді қайта туғызып алды да,
4бізге арналған мұраны кірлетпей таза, әрі солдыртпай ұстау үшін, оны сендер үшін көкте сақтап қойды.
5Бұл Оған деген сенім арқылы Құдайдың күшінің қорғауында жүргендерге, яғни құтқарыламыз деп, соған дайындалып жүргендерге соңғы уақытта ашылып аян болады.
6Сондықтан қазіргі жағдайда аз да болса, әртүрлі сынақтарға түсіп қалып жатсаңдар шаттаныңдар,
7өйткені сендердің сенімдерің сыналған кезде оттан өтеді, сонда ол кезінде құрып кететін аса бағалы алтыннан да мықты болады, ал Мәсіх қайтып келген кезде мақтауға, даңқ пен құрметке лайықты болады.
8Себебі сендер Оны көрмесеңдер де, Оны жақсы көресіңдер, әрі қазірдің өзінде Оны көре алмасаңдар да, Оған сенесіңдер, сондықтан ауызбен айтып жеткізе алмайтын қуанышқа беріліп, Оны даңққа бөлеп,
9өздеріңнің сенімдеріңнің соңғы нәтижесі болатын, өз жандарыңның құтқарылуын қабылдап қойдыңдар.
10Осы құтқарылудың мәні мен мағынасына пайғамбарлар ерекше ден қойып, оны зерттеп, бұл рақымдылықтың сендермен байланысты болатыны жайлы алдын ала біліп
11ең алдымен оның қай кезде және қай уақытта болатынын зерттеп отырды, сонда Мәсіхтің Рухы оларға куәлік беріп, ең алдымен Мәсіхтің азапталып, одан кейін барып, Оның даңққа бөленетіні туралы оларға ашылды.
12Олардың осы іс-әрекеттері арқылы олардың тек сендер үшін қызмет етіп жатқандары оладың өздеріне де аян болды. Ал енді осы хабар қазір сендерге оны таратып жүргендер арқылы, көктен келген Киелі рухтың көмегімен өздеріңе, яғни мына сендерге жетіп, жария етілді, ал осы хабар туралы періштелер де терең ұғып білгілері келеді.
13Сондықтан ақылды да, саналы түрде белдеріңді бекем буып, сергек болып, Иса Мәсіхтің өздеріңе ашып берген рақымына үміттеріңді толықтай артыңдар.
14Мойынұсынатын балаларға ұқсап, өздерің кезінде білместікпен берілген аздырушы құмарлықтарға берілмей,
15керісінше өздеріңді шақырып алған Иеміздің Киелігіне сай, барлық жүріс-тұрыстарыңмен өздеріңе берілген киелілікке сай өмір сүріңдер,
16өйткені жазбада «Мен Киелімін» енді сендер де киелі болып жүріңдер деп жазылған.
17Сонымен әрбір іс бойынша, әркімнің бет жүзіне қарамай, әділ соттай алатын Құдайымызды Әке деп атайтын болсаңдар, онда осы жер бетіндегі жаһанкезділік өмір салттарыңды Құдайдан қорқып өткізіңдер.
18Өздерің білесіңдер ата-бабаларыңнан сендерге берілген өмір салттарыңнан, сендер шіріп кететін күміспен, не болмаса алтынмен сатылып алынған жоқсыңдар,
19керісінше, сендер Мәсіхтің құрбандық тоқты атанып, Оның аса да қымбат, әрі мінсіз, әрі таза кіршіксіз төгілген қаны арқылы сатылып алындыңдар.
20Ал Мәсіх болса осы әлем жаратылмай тұрып-ақ, алдын ала осыған бекітіліп, белгіленіп қойылған еді, ал соңғы уақытта Ол сендерге Өзінің Сол Мәсіх екенін ашып көрсету үшін келді.
21Сонда Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды, әрі Оны даңққа бөледі деп сенгендердің, яғни сендердің сенмідерің мен үміттерің енді тек Мәсіх арқылы Құдайға артылады.
22Сендер осы шындықты естігеннен кейін, сендердің жан дүниелерің тазаланды, сондықтан енді сендер екі жүзділіктен аулақ болып, бауырларыңа сүйіспеншілік көрсетіп, бірбіріңді пәк таза жүрекпен, бар ықыластарыңмен жақсы көріңдер.
23Себебі сендер шіріп кететін бір тұқымнан емес, сендер керісінше Құдайдың тірі сөзі арқылы мәңгі өмір сүретін, әрі Құдаймен бірге болатын тірі тұқымнан туылдыңдар.
24Өйткені әрбір пенде шөп секілді, сондықтан оның барлық даңқы да сол шөп қурағандай қурайды, сонда оның гүлі де түсіп қалады,
25ал Иеміздің сөзі ол ғасырдан-ғасырға өтіп жасай береді, сөйтіп ол мәңгі өмір сүреді. Ал сол сөз -ол өздеріңе айтылған ізгі хабар.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.