Аян 21 - Zhana Osiet(NTKAZ)

1Осыдан кейін мен жаңа көк аспанды және жаңа жерді көрдім. Бұрынғы көк аспан да, жер де келмеске кетті, бұрынғыдай теңіз де болған жоқ.

2Осы сәтте мен Құдайдан, яғни, жаңа пайда болған көктен күйеуіне атастырылған қалыңдықтай болып, сән -салтанатқа бөленген жаңа қаланың, киелі Иерусалимнің, төмен түсіп келе жатқанын көрдім.

3Дәл сол кезде мен тақта Отырғанның: -Міне, Құдайдың Өз адамдарымен бірге тұратын мекені. Енді Ол шатырын кеңінен жайып, Өзінің халқымен бірге болады, олар Оның халқы болады. Құдай олармен бірге болып, олардың Құдайы болғандықтан,

4Ол әрқайсысының көздерінен аққан жасты сүртіп тастайды. Сондықтан осы сәттен бастап, өлім де, қайғы -қасірет те, зар еңіреп жылау да, ауырсына қиналу да болмайды, өйткені алғашқы әлем құрып, келмеске кетті, -деп қатты дауыстап айтқанын естідім.

5Осыдан кейін тақта Отырған: -Мен бәрін де жаңадан жасаймын! -деді. Ол маған тағы да: -Бұл сөздердің ақиқат әрі шындық екенін жазып қой, - деді.

6Содан кейін Ол маған: -Бәрі толық орындалды! Мен -Альфа және Омегамын! Басы да, Аяғы да мына Мен боламын! Мен шөлдегенге өмір суы ағып жатқан бастаудан тегін ішкізіп, шөлін қандырамын.

7Кім жеңіп шықса, мына игілікке ие болады: Мен оның Құдайы боламын, ал ол маған бала болады.

8Ал қорқақтар мен сенбеушілердің, жексұрындар мен кісі өлтірушілердің, азғындар мен сиқыршылардың, пұтқа табынушылар мен барлық өтірікшілердің орны күкіртті, жанып жатқан отты көл болады. Олардың алар үлесі екінші өлім болмақ, - деді.

9Осыдан кейін қолдарында жеті тостағаны бар періштенің біреуі менің қасыма келіп, былай деді: -Бері қарай жүр, мен саған Тоқтының қалыңдығын көрсетемін, -деді. Соңғы жетінші қасіретке толы тостаған осы періштенің қолында болатын.

10Ол Рухқа бөленген мені үлкен әрі биік таудың басына алып шығып, көктен төмен қарай созылып жатқан киелі қала Иерусалимді көрсетті.

11Бұл -Құдайдың даңқына бөленген қала, сондықтан қаладан шыққан жарық өте қымбат, таза, асыл тас кристалдай жарқырап жатты.

12Қаланың жан-жағы он екі қақпасы бар үлкен әрі биік дуалмен (қабырғамен) қоршалған. Әр қақпада бір-бірден он екі періште отырды, әр қақпаға Исраил халқының он екі руының аттары жазылыпты.

13Қаланың шығыс жағынан-үш қақпа, қаланың солтүстік жағынан-үш қақпа, қаланың оңтүстік жағынан-үш қақпа және қаланың батыс жағынан үш қақпа орналысыпты.

14Сонымен қатар, қаланың қабырғасы он екі іргетасқа салынған екен, сол іргетасқа Тоқтының он екі елшісінің есімдері жазылған.

15Маған тіл қатқан періштенің қолында алтыннан жасалған бір өлшеуіш болды, ол сонымен қаланы, қаланың қақпалары мен қаланың қабырғаларын өлшеп шықты.

16Қала төрт бұрышты болды, қаланың ұзындығы қанша болса, қаланың ені де сондай мөлшерде болды. Періште қаланың көлемін өлшеген кезде, қаланың көлемі он екі мың стадий болды, ал қаланың ұзындығы мен ені, биіктігі сол өлшенген өлшемге сай тепе-тең болып шықты.

17Әлгі періште қаланың қабырғасын өлшеді, сонда қаланың қабырғасы жүз қырық төрт шынтақ болып шықты, бұл өлшемді адамдар да, періштелер де қолданатын еді.

18Қаланың қабырғалары қымбат, асыл яшма тасымен қаланыпты, ал қаланың өзі саф алтыннан салыныпты, сондықтан қала таза, жылтыр әйнек секілді жалтырап тұрды.

19Ал қаланың қабырғасы қаланған іргетас әр түрлі асыл тастармен: біріншісі -яшма тасымен, екіншісі -сапфир (жақұт), үшіншісі -халцедон (агата), төртіншісі -зүбаржат (изумруд),

20бесіншісі-ақық (сардоникс), алтыншысы -сердолик, жетіншісі -хризолит, сегізіншісі -берилл, тоғызыншысы -топаз, оныншысы -хризопраз, он біріншісі -гиацинит, он екіншісі аметист (күлгінтас) тастарымен безендіріліпті.

21Он екі қақпа он екі түрлі маржаннан жасалыпты: қақпаның әрқайсысы түгелдей бөлек бір маржаннан құрастырылған. Қаланың көшелері таза саф алтыннан салынғандықтан, әйнек секілді жалтырап жатты.

22Алайда мен ол жерден Құдайдың киелі үйін көре алмадым, себебі бұл қаладағы киелі үй-бүкіл әлемнің билеушісі Жаратушы Құдайдың Өзі мен Тоқты.

23Сонымен қатар, бұл қалаға күннің де, айдың да жарық беретін сәулесі қажет емес, өйткені Құдай және Оның даңқы қалаға жарық береді, Тоқты-Оның шамшырағы.

24Халықтар тек Оның жарығымен жүреді, жердің патшалары өздерінің сый-тартуларын Оған алып келетін болады.

25Сондықтан бұл қаланың қақпалары ешқашан жабылмайды, күні бойы ашық болады, өйткені бұл жерде түн болмайды.

26Ал халықтар даңқ пен мен сый-құрметті Оған алып келеді.

27Ал енді таза жүрмейтін арамзалар мен жексұрындар, өтірікшілер, яғни, есімдері Тоқтының Өмір кітабына жазылмағандардың ешқайсысы сол жерге кіре алмайтын болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help